22
Жұма,
Қараша

һижри

Жақсы әдет қалыптастыруға қанша уақыт кетеді?

Жақсы әдет қалыптастыруға қанша уақыт кетеді?

Иман келтіру

Әдеттің қалыптасуына уақыт емес, орындалу жиілігі әсер етеді. Әдеттің қалыптасуы үшін қанша уақыт емес, қанша рет қайталау қажет деп сұрақ қойсақ дұрыс болады. Домбыра үйрену үшін қанша уақыт кетеді деп сұрай алмайсың.

Себебі анда-санда ғана шертіп жүрсең, он жыл болсын үйрене алмайтының аян. Ал күн сайын бірнеше рет қайталап отырсаң, бір айдың ішінде қолың жаттығып, ары қарай бірнеше күйді орындауды меңгересің. Домбыра секілді саз аспаптарын үйренген адамның мишығы басқаларға қарағанда үлкен болады. Пернені табу мен қос ішекті шерту автоматты әдетке айналғаны соншалық, Секен Тұрысбеков ағамыз «Көңіл толқыны» күйін көзін жұмып тартады. Байқамай басқа нотаны саусағыңмен басып қою, ішекті дұрыс шертпей қалу секілді бірде-бір шатасу болмайды.

Ең алғаш қысқаша көбейту формуласын жаттағанда оқушы біраз әбігерге түседі. Ассоциация жасауға келмейтін сандар тізбегін дәлме-дәл жаттап алу керек. Дәл осылай көптеген формуланы жаттап, есеп шығару арқылы математиктің миындағы сұр заттың көлемі үлкейеді. Есептерді қайталап шығара берген сайын, формула оның миында есеп шығара береді. Осының бәрі жиі қайталаудың арқасы.

Жаңа әдеттің қалыптасуы үшін 21 күн қажет деген аңыз бар. Оның тарауына түрткі болған «Психокибернетика4» кітабы. Ол кітапта пластикалық хирург Максвелл Мольц пациенттер күрделі операциядан кейін жаңа түрге бейімделуі үшін, денсаулығы қалпына келуі үшін немесе қол-аяқсыз денеге үйренуі үшін 21 күн қажет екенін айтқан. Бұл кітап танымал еңбекке айналып, 30 миллион таралыммен шығады. Оны тұлғалық даму тренерлері өз курстарында жиі тілге тиек ете бастайды. Осылай әдеттің қалыптасуына 21 күн қажет деген аңыз пайда болады. Бірақ әр әдеттің қалыптасу уақыты әртүрлі. Кейбіріне шынымен үш апта жеткілікті болуы мүмкін. Ал күрделісіне жарты жылға жуық уақыт кетуі мүмкін.

2009 жылы Лондон университетінің колледжінде Филиппа Лалли әдет қалыптастыруға қанша уақыт кететініне тәжірибе жасады5. 96 адамға түрлі әдетті жасауды тапсырады: ұйқыдан тұрған соң су ішу; таңда екі км жүгіру; кешкі астан соң жеміс жеу; т.б. Он екі апта бойы қатысушылар нәтижелерін жазып отырды.

Тәжірибенің нәтижесінде бір әдетті қалыптастыруға 18 бен 254 күннің арасындағы уақыт аралығы қажет екені анықталды. Зерттеушінің пайымдауынша, бір әрекеттің жүйелі түрде істелуіне орташа 66 күн кетеді екен. Бір жаман жері – қалыптасқан әдетті жасамай қойсаң, ол әдет болудан қалады.

Сондықтан әдет қалыптастыру үшін жиі қайталау керек. Лондон – әлемдегі ірі қалалардың бірі, көше саны өте көп. Бұл қалада такси жүргізуші болу үшін бүкіл көшенің аты мен орналасқан жерін білуге тиіс. Бұл оңай емтихан емес. Көшелерді жаттап, сынақтан өткен жүргізушілердің миында гиппокамп бөлігі өзге мамандық иелеріне қарағанда үлкен екені анықталған. Алайда олар жүргізушілікті тастағанда, мысалы, зейнетке шыққанда қайтадан кішірейеді екен. Спортшылардың бұлшықеті сияқты, спортты қойған соң бұлтиған еттер семіп кетеді.

Қазір жасап жүрген әдеттерің мың рет қайталанған соң әдетке айналған. Отыз күнде турникке төрт рет тартылуға болады немесе тоқсан рет тартылуға болады. Неғұрлым көп қайталайсың, соғұрлым әдет тез қалыптасады. Көп қайталанған сайын тәжірибе жиналады. Аз әрекетпен жақсы нәтижеге қол жеткізе алмайсың. Спортпен айналысуға ең ыңғайлы сәтті, яғни жаңбырсыз, жылы ауа райын, ыңғайлы спорттық киім мен аяқ киімді, музыка мен көңіл-күйді күтіп жүрсең, онда әдет қалыптастыру туралы айтудың өзі орынсыз.

Флорида университетінің профессоры Джерри Уэлсманн студенттердің екі тобына екі түрлі тапсырма береді. Бірінші топқа суретті көп түсірген сайын жоғары баға қоймақшы болады, ал екінші топқа ең сапалы, сәтті түсірілген бір сурет үшін баға қоймақшы болады. Бірінші топтың әр студенті жүзден көп сурет түсіреді. Әр түсірген сайын қатемен жұмыс жасап, суреттің сапасы арта береді. Ал екінші топ ең сәтті суретті түсіру үшін зерттей береді, зерттей береді. Ақыр соңында бір ғана сурет әкеледі, ал ол ондай қатты сапалы емес боп шығады. Демек, жиі қайталау арқылы сапа артады, әдет те тез қалыптасады.

материал «Әдет күші. Жақсы әдет қалыптастыру, жаман әдеттен арылу»

кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: