11
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Тарауық намазын орындаудың артықшылығы

Тарауық намазын орындаудың артықшылығы

Намаз

«Тарауих» – «таруиха» сөзінің көпше түрі. Осылай, рамазан айының түндерінде оқылатын, түнгі нәфил намаздар аталған.

«Тарауық» намазының аты, «демалуды» білдіретін «рохатун» деген сөзден шыққан. Оның бұлай аталуының себебі, ізгі ата- бабаларымыз бұл намазды өте ұзақ оқығандықтан, әр екі немесе төрт рәкәттан сайын демалуға отырғандарында (Қараңыз: «Фатхуль-Бәри» 4/294, «Раддул-мухтар» 1/474).

Тарауық намазы – Рамазан айының қасиетiн арттырып, жан-дүниемiздi күнәдан тазартатын ғибадат. Қаншама жүрек осы құлшылықты атқарумен нұрлана түседi. Жыл сайын сағындырып келетін Рамазан айында ауыз ашып болған соң Алла Тағаланың тарту еткен нығметіне шүкiршiлiк жасап, тарауих намазын оқып, рухани тазарамыз.

Тарауық намазы сауабы мол сүннет амалына жатады. Алла Елшiсi (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) тарауих намазының сүннет болу мәселесiне қатысты: «Хақ Тағала сендерге оразаны парыз, тарауих намазын сүннет еттi. Шын иман және ықыласпен Рамазан оразасын ұстаған және тарауих намазын оқыған адам күнәдан анадан жаңа туған нәрестедей пәк болып тазарады» (Бұхари, Муслим риуаят еткен). Бір хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) мұны біздерге қатаң ескертеді: «Қаншама адам бар, тұтқан оразалары аштықтан өзге дәнеңе емес! Кештерін намазбен өткізген (тарауық) қаншама адамдар бар, оқыған намаздары ұйқыдан қалудан басқа дәнеңе емес!» (Ибн Мәжә, Сиям, 21).

Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) тарауық намазын кей күндері мешітте жамағатпен оқыған. Омардың (оған Алла разы болсын) заманында отыз күн оразада тарауық намазын мешітте жамағатпен оқу бір жүйеге келтіріліп, жиырма рәкат оқылды. Сол күннен бүгінге дейін күллі ислам әлемі тарауықты жиырма рәкат етіп оқып келеді.

ummet.kz

Бөлісу: