22
Жұма,
Қараша

һижри

Тарауық намазын оқудың үлгісі

Тарауық намазын оқудың үлгісі

Намаз

Әуелі құптанның төрт рәкағат парызы, сосын екі рәкағат сүннеті оқылады. Мұнан соң 20 рәкағат тарауих намазы оқылады. Соңынан үтір уәжіп намазымен тәмамдалады. Жамағатпен оқыған адам имамға ұйып, соның әрекеттерін қайталайды. Имамдыққа шыққан немесе жеке оқыған адам тарауих намазын 2-2 рәкағаттан бөліп оқығаны абзал. Тарауих намазы мына реттілікпен төмендегідей оқылады:

1. «Ниет еттім тарауих намазын оқу үшін жүзімді құбыла тарапына қараттым, Алла үшін халисан лилләһи тағала», – деп 20 ракағаттық тарауих намазына ниет ету.
2. «Аллаһу әкбәр» деп ифтитах тәкбірін айтып, қол байлайды.
3. Оң қолын сол қолының үстіне, кіндіктен төмен байлап, сәна дұғасын айтады: «Субханака Аллаһумма уа бихамдика уә тәбәракәс-мукә уә тәъалә жәддукә уә лә иләһә ғойрук».
4. «Әғузу» мен «Бисмиллә» дұғасы айтылады. Содан кейін «Фатиха» сүресі мен қосымша бір сүре оқылады.
5. «Аллаһу әкбар» деп рукуғқа барып, 3 рет «Субхана роббиәл ъазим» деп айтады.
6. «Сәми ъаллаһу лимән хамидәһ» деп айтып, рукуғтан тұрады. Бойын тіктеген соң «Роббәнә уә ләкәл-хамд» дейді.
7. «Аллаһу әкбар» деп сәждеге барып, 3 рет «Субхана роббиәл аълә» деп айтады.
8. Сәждеден басын көтеріп, отырады.
9. «Аллаһу әкбар» деп екінші сәждеге барып, 3 рет «Субхана роббиәл аълә» дейді.
10. «Аллаһу әкбар» деп екінші рәкағатқа тұрып қолдарын байлап, «Фатиха» мен қосымша бір сүре оқиды.
11. «Аллаһу әкбар» деп рукуғқа барып, 3 рет «Субхана роббиәл ъазим» деп айтады.
12. «Сәми ъаллаһу лимән хамидәһ» деп айтып, рукуғтан тұрады. Тік тұрғаннан кейін «Роббәнә уә ләкәл-хамд» дейді.
13. «Аллаһу әкбар» деп сәждеге барады да 3 рет «Субхана роббиәл аълә» дейді.
14. Сәждеден басын көтеріп, отырады.
15. «Аллаһу әкбар» деп екінші сәждеге барып, 3 рет «Субхана роббиәл аълә» дейді.
16. «Аллаһу әкбар» деп сәждеден басын көтеріп отырады. Отырыста «Әт-тәхият», «Аллаһумма салли», «Аллаһумма барик» және «Раббана» дұғаларын оқиды.
17. Соңында бірінші оң иыққа «Әс-сәләму ъаләйкум уа рахматуллаһ» деп, сосын сол иыққа қарап дәл солай сәлем береді. Келесі екі рәкағатты да дәл осы реттілік бойынша оқиды.

Осылайша төрт рәкағатты толық оқып, сәлем бергеннен кейін аздап тынығады. Осы арада тарауих таспихын айту құп саналады. Тарауих намазын әр екі рәкағатта сәлем беріп емес, әр төрт рәкағатта сәлем беріп оқитын болса, алғашқы отырыста «Әт-тәхият» дұғасымен қоса, «Аллаһумма салли», «Аллаһумма барик» дұғасын да айтады. Сосын сәлем берместен «Аллаһу әкбар» деп үшінші рәкағатқа тұрғанда оны «сәна», «әғузу» және «бисмилләмен» бастап, әрі қарай әдеттегі тәртіп бойынша оқиды.

материал «Оразаға қатысты 200 сұрақ» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: