22
Жұма,
Қараша

һижри

Намазды бұзатын іс-қимылдар

Намазды бұзатын іс-қимылдар

Намаз

Төмендегі жайттардың бірін істеп қойған адамның намазы бұзылады және бұл намазы қабыл болмайды. Ол адам намазды басынан бастап қайта оқу керек.

Олар:

1. Намазда сөйлеу.
Зайд ибн Арқам: ««Намаздарға әсіресе орта (екінді) намазына ұқыпты болыңдар да, Аллаға мойынсынған күйде тұрыңдар» («Бақара» сүресі, 238-аяты) түскенше Пайғамбардың (с.а.с.) заманында намаз оқыған кезде сөйлей беретін едік. Біреу серігіне қажетіне қатысты тіл қататын. Содан (аят түскеннен кейін) тыныш тұруға бұйырылдық», – деген.

2. Бір нәрсе ішіп-жеу.
«Намаз кезінде әдейі ішіп-жеген адамның намазы бұзылады» деген пікірге мұсылман ғұламаларының барлығы бірауыздан келіскен. Ғұламалардың басым көпшілігі бұл айтылғанды сүннет және нәпіл намаздарына да қатысты деп есептейді. Өйткені парыз намазды бұзатын әрекет сүннет пен нәпіл намазды да бұзады.

3. Намаздың тіректері не шарттары немесе уәжіптерінің бірін әдейі қалдырып кету.
Мысалы, намаздың Құран оқу, рукуғ, сәжде, соңғы отырыс сияқты рүкіндерін жасамау. Ал уәжіптердің бірін шатасып, байқамай тастап кетсе, намаз бұзылмайды. Тек намаз аяғында сәһу сәждесін жасайды.

4. Намазда артық қимылдың көп болуы.
Яғни сырттан қараған адам бұл намаз оқып тұрған жоқ деп ойлап қалатындай жағдай. Имам ән-Нәуәуи: «Намаз оқып тұрған адам намазда орындалмайтын артық қимылды көп жасаса, оның намазы намаз болмайды. Бұл туралы (ғұламалар арасында) пікір алшақтығы жоқ», – деген.

5. Күлу.
Ибн Мунзир: «Мұсылман ғұламалары күлкі намазды бұзады деген бірауызды пікірге келген», – деп айтқан. Имам ән-Нәуәуи: «Бұл айтылған сөз күлген кезде екі рет дыбыс шығарған адамға қатысты», – дейді. Ал ғұламалардың басым көпшілігі намаз оқушы өзін күлкіден тыйып, тек езу тартса әрі мұнысы ұзақ уақытқа созылмаса, намазы бұзылмайды деп есептейді. Бірақ ұзақ уақыт езуі жиылмаған жағдайда намазы бұзылады. Ханафи мазһабында қарқылдап күлу намазды ғана емес, дәретті де бұзады. Басқа мазһабтарда тек намаз бұзылып, дәрет бұзылмайды.

6. Намазды бұзатын жайттардың қатарына кеуденің құбыладан бұрылуы, әуреттің ашылуы, дәреттің бұзылуы, талып қалу, ақылдан адасу, әйелдермен қатар тұрып қалу, қандай да бір қимылды имамнан бұрын істеу, тәяммуммен намаз оқып жатқан адамның су көруі және мәсіге мәсіх тарту мерзімінің аяқталуы т.б. жатады.

материал «Құлшылық және сенім» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: