16
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

Ханафи мәзхабында үтір намазын оқу – уәжіп

Ханафи мәзхабында үтір намазын оқу – уәжіп

Намаз

Ханафи мәзхабында үтір намазын оқу – уәжіп. Яғни, оны оқу – міндет.

Міндеттілігі жағынан парыз намазынан кейін тұрады. Әбу Дәуідте риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у): «Үтір намазы – хақ. Оны оқымаған бізден емес. Үтір намазы – хақ. Оны оқымаған бізден емес. Үтір намазы – хақ. Оны оқымаған бізден емес», – деп, үш рет қайталап айтқан. Яғни, оның бұл сөзі үтір намазының міндет екендігін көрсетеді.

Тағы бір хадисте: «Шынында, Алла сендерге (бес уақыттан басқа) бір намазды қосты. Ол – үтір. Оны құптан мен таң намазының арасында оқыңдар: Үтірді. Үтірді!», – деп, бұйырды.

Сондай-ақ, сахаба Абдулла ибн Амрдың риуаятында Алланың Елшісі (с.а.у.): «Шынында, Алла Тағала сендерге бір намаз қосты. Оны үнемі оқыңдар. Ол намаз – үтір намазы», – деп бұйырды. Аталмыш хадистер үтір намазының уәжіп екендігін көрсетуде.

1. Үтір намазы үш рәкағаттан тұрады. Үшінші рәкағатында сәлем беріледі. Бұған дәлел, әл-Хакимнің «әл-Мүстәдрак» атты хадис жинағында риуаятта Айша анамыз былай дейді: «Алланың Елшісі үтір намазын үш рәкағат етіп оқитын. Сәлемді тек соңында беретін. Омар ибн Хаттаб та осылай оқыды. Мәдине қаласының мұсылмандары осыны үлгі етті».

2. Үш рәкағаттың үшеуінде де «Фатиха» және қосымша бір сүре оқылады. Ибн Мәжәдәғы сахих хадисте сахаба Абдулла ибн Аббас былай дейді: «Шынында, Алланың Елшісі (с.а.у.) үтір намазында (біріншісінде «Фатихадан» кейін) «Ағла», (екіншісінде «Фатихадан» кейін) «Кәфирун», (үшіншісінде «Фатихадан» кейін) «Ықылас» сүресін оқитын». Бұл хадис Айша анамыздан да жеткен.

3. Үшінші рәкағатында «Фатиха» және қосымша сүреден кейін рукуғқа бармай «Аллаһу әкбәр», деп, қолды құлақ тұсына көтеріп тәкбір алады да қолды қайта байлап, «Құнут» дұғасын оқиды. Дұға ретінде «Аллаһумм иннә настағинукә» дұғасы оқылады. Бұл дұғаны білмейтін кісі «Рәббәна атина» дұғасын немесе «Аллаһуммағфирли», деп, іштей үш рет айтса, Құнут дұғасының орнына жүреді. Сахаба Убәй ибн Кағб: «Пайғамбарымыз үтір намазын оқығанда рукуғқа бармай тұрып, «Құнут» дұғасын оқитын еді», – дегенді жеткізді. (Сахих)

Құнут дұғасында «Аллаһу әкбәр», деп, тәкбір алудың дәлелі ретінде имам Бұхаридің «Құрратуль ғайнайн» атты еңбегіндегі Әбу Усманның риуаятын келтіруге болады. Ол былай дейді: «Әзірет Омар «Құнут» дұғасына қолын көтеретін (тәкбір алатын)».

материал «Дәлел-дәйектермен намаз оқу үлгісі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: