16
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

Уәжіп оразалар

Уәжіп оразалар

Ораза

Нәзір (аталған) ораза

Атау дегеніміз - орындауға міндетті еместігіне қарамастан Алла Тағалаға құлшылық мақсатында бір амалды жасауды мойнына алу деген сөз. Тек қана Жаратқанның разылығын көздей отырып, намаз, ораза, құрбандық секілді амалдарды атау - мол сауапқа кенелтетін құптарлық іс. «Егер мына ісім сәтті болса, ертең Алла разылығы үшін ораза ұстаймын немесе кембағал, мұқтаж жандарға осыншама мөлшерде садақа таратамын» деген секілді. Өзіне осылай уәде берген кісінің атаған нәрсесін орындауы уәжіп.

Бұған қатысты Құранда: «Айтқан нәзірлерін орындап, Қағбаны тауап етсін»[1] делінген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Аллаға мойынсұнуды атаса, мойынсұнсын, ал Аллаға қарсы шығуды атаса, Аллаға қарсы келмесін»[2], — деп ескерткен.

Нәзір оразаны «мына айдың мына күні ұстаймын» деп анық белгілесе, ол «муайиән», яғни белгіленген ораза болады. Мұны айтқан күні ұстау уәжіп. Айтқан күнінде оразаны тұтпаса қазасын өтеуі керек.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде кім Аллаға мойынсұну мақсатында ораза тұтуды уәде етсе орындасын, ал күнә істеу үшін уәде етсе, оны орындамасын» деген.

Ал ораза ұстайтын күнді нақты белгілемей «Алланың разылығы үшін бір күн ораза ұстаймын» деп уәде етсе бұл «ғәйру-муаййән» яғни белгіленбеген ораза деп аталады. Мұны да қалаған уақытында ұстау уәжіп.

Бұзылган нәпіл оразаның қазасы

Жалпы қағида ретінде бастап қойған құлшылықты себепсізден-себепсіз бұзу - харам. Өйткені Құранда: «Бастаған амалдарыңды бұзбаңдар»[3] -делінген.

Бастаған ғибадатты аяқтау негіз болғанымен, нәпіл ретінде бастаған намаз немесе ораза секілді құлшылықты белгілі бір себепке байланысты бұзса, оны кейін қайта өтеу - уәжіп. Біреу сыйлап қонаққа шақырған жағдайда бастап қойған нәпіл оразаны бұзуға болатындығын айтуда. Мысалы, нәпіл ораза ұстап жүрген кезде біреу қонаққа шақырса, егер тамақ жемеген жағдайда үй иесі немесе шақырған кісі ренжитін болса, оразаны бұзуға болады.

Осыған қатысты Айша анамыз (р.а.) мына бір оқиғаны әңгімелеуде:

«Бірде Хафса екеуіміздің аузымыз берік кезде, алдымызға ас тартылды. Біз әлгі астан тартынбай алып аузымызды ашып жібердік. Пайғамбарымыз келген кезде, Хафса менің алдымды орап: «Уа, Алланың Елшісі! Біздің аузымыз берік еді. Бізге бір тамак әкелінді. Тамақты жеп, аузымызды ашып жібердік», - деген кезде, ол: «Осы күннің орнына баска бір күн қаза ретінде ораза ұстаңдар»[4],- деді.

Бұл жерде мына мәселені де ескерте кеткен жөн. Әлгінде айтқанымыздай бастап қойған істі аяқтау уәжіп. Оның уәжіптігі оразаны бұзғандықтан емес, бастап қойган істі бітірмегендіктен. Сондықтан бастап қойған нәпіл құлшылығым уәжіпке айналып, сауабы молырак болсын деген ниетпен оразасын бұзып, басқа күні қаза ретінде өтеу дұрыс емес. Бұл ғибадаттарға үстірт қараушылық дегенге саяды.

Нәпіл ораза ұстауды бастаған әйел егер етеккір көрер болса, бұл оразасының қазасын өтеуі қажет. Ал шафиғилардың көзқарасы бойынша, нәпіл ғибадатты белгілі бір себеппен немесе өз еркімен бұзса, қаласа қазасын өтейді, қаламаса өтемейді.

Материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] «Хажж» сүресі, 29-аят.

[2] Нәсаи, Иман, 41.

[3] «Мұхаммед» сүресі, 33-аят.

[4]  Әбу Дәуіт, Сиям, 73

Бөлісу: