23
Сенбі,
Қараша

һижри

Нәпіл оразалар - 1

Нәпіл оразалар - 1

Ораза

Нәпіл - парыз бен уәжіптерден басқа, Алла Тағалаға жақындата түсетін ораза амалдар.

Бір құдси хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла Тағала: «Кімде-кім әулие құлыма дұшпандық жасаса, оған қарсы соғыс жариялаймын. Құлым өзіне парыз етілген құлшылықтардан өзге Мен үшін ұнамды ешбір амалмен Маған жақындаған емес. Сондай-ақ, ол қосымша нәпіл ғибадаттарын жасаған сайын Маған жақындай түсіп, соңында сүйіспеншілігіме бөленеді. Егер оны жақсы көрсем, оның еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы және жүретін аяғы боламын. Бұндай құлым Менен не тілесе де беремін. Маған сыйынып, пана тілесе, міндетті түрде қорғаны боламын»[1], - деген.

Нәпіл оразаның артықшылығы жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Қандай да бір пенде Раббысының жолында бір күн ораза ұстаса, Хақ Тағала сол күннің құрметіне оның жүзін, жетпіс жылға тозақ отынан алыстатады»[2], — дейді. Яғни жетпіс жыл толассыз жүріп өтетін қашықтыққа тозақтан алыстатады.

Нәпіл оразалардың қатарына сүннет оразалар және адамның өз қалауымен ұстайтын оразалар да жатады.

Сүннет оразалар мыналар:

Дәуіттің (а.с.) оразасы

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) парыз оразаның тысындағы нәпіл оразалардың ішінде Дәуіттің (а.с.) тұтқан оразасының ең сауапты екенін баяндаған.

Абдуллаһ ибн Амр (р.а.) әңгімелейді: «Пайғамбарымызға менің «кеудемде жаным барда күнде түнде міндетті түрде намаз оқып, күндіздері ораза ұстаймын» дегенімді айтқан екен. Пайғамбарымыз мені шақыртып «Әлгіндей сөзді айтын жүрген сен бе?» — деп сүрады. Мен: «Иә, мен айттым», - деген кезімде, «Сен бір күн ораза ұста, екі күн ұстама», — деді. Мен одан да көбін жасай алатынымды айттым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір күн ораза ұста, бір күн ұстама», — деді. Мен одан да артығына шамам келетінін айтқанымда, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Бұдан сауаптысы жоқ», - деді[3]».

Тағы бір хадисінде Алла Елшісі: «Ең сауапты ораза Дәуіттің (а.с.) ұстаған оразасы. Ол бір күн ұстап, бір күн ұстамайтын»[4] - деп осы оразаның артықшылығын баян еткен.

Дүйсенбі мен бейсенбі күндері тұтылған ораза

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кейбір уақыттарда ғибадатқа ерекше мән беретін. Айша анамыздан (р.а.) жеткен бір хадисте: «Алла Елшісі дүйсенбі мен бейсенбі күндері ораза ұстауға ерекше мән беретін»[5] делінген. Адамдардың амалдары Алла Тағалаға осы күндерде ұсынылатындықтан Пайғамбарымыз ораза ұстауға ерекше көңіл бөлген. Усама ибн Зәйд (р.а.) былайша әңгімелейді: «Мен Алла Елшісінің дүйсенбі мен бейсенбі күндері ораза ұстағанын көріп, оның себебін сұрағанымда: «Алла Тағалаға амалдар дүйсенбі-бейсенбі күндері ұсынылады. Жаратқанға амалдарымның ораза ұстаған кезде ұсынылғанын қалаймын»[6],- деп жауап берді».

Тағы басқа бір риуаятта дүйсенбі күнгі оразаның мән-жайы жайлы сұралғанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен сол күні дүниеге келдім, сол күні маған пайғамбарлық міндеті берілді немесе уахи түсе бастады»[7], — деп түсіндірген.

 

Материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды.

Ummet.kz

 

[1] Бұхари, Риқақ, 38

[2] Бұхари, Жиһад, 36; Мүслим, Сиям, 167

[3] Бұхари, Әнбиә, 37; Мүслим, Сиям, 181

[4] Бүхари, Саум, 56; Мүслим, Сиям, 189

[5] Тирмизи, Саум, 44; Нәсәи, Сиям, 36; Ибн Мажә, Сиям, 42

[6] Тирмизи, Саум, 44; Нәсаи, Сиям, 75

[7] Мүслим, Сиям, 197

Бөлісу: