23
Сенбі,
Қараша

һижри

«Ораза –  Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін»

«Ораза –  Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін»

Ораза

Рамазан айы – ізгі амалдардың маусымы. Бұл айда орындалатын ораза парызын жауапкершілікпен, тақуалықпен орындағанымыз ләзім. Сонда ғана мойнымыздағы міндетімізді адал атқарып, Алланың разылығына жеткен боламыз.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мынадай керемет хадисі бар:  «Адам баласының тек оразадан басқа амалының барлығы өзі үшін. Ал, ораза –  Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін» (Бұхари, Муслим).

Осы хадисте айтылған Алла Тағаланың «Оразаның сауабын Өзім беремін» деген сөзі: «Адамдар басқа құлшылық түрлерінде Аллаға серік қосу күнәсіне ұрынып жатады, бірақ оразада осы ең ауыр күнәға ұрыну қаупі жоққа жақын десе де болады; сондықтан оның сыйы да – ерекше» деген ұғымға саяды.

Ниетімізбен, сөзімізбен және денемізбен орындалатын ғибадаттың барлығын тек қана Аллаға арнау және тек Алла Тағаланың разылығын мақсат тұту – біздің мұсылмандық сеніміміздің өзегі әрі хақ дінімізді дұрыс ұстанудың, құлшылықтарымыздың қабыл болуының ең басты шарты.

Шариғатта ораза екі түрге бөлінеді. Біріншісі – парыз ораза. Ол – осы Рамазан айында келетін ораза. Екіншісі – нәпіл ораза. Бұған Рамазан айындағы оразадан басқа барлық қосымша ораза кіреді. Алла Тағала Рамазан айында ораза ұстауды бұйырған. Сондықтан бұл айдағы ораза – парыз: «Ей, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақсынарсыңдар. Санаулы күндерде... Білсеңдер, сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы» («Бақара» сүресі, 183-185).   

Ораза құлшылығы – бұл кемшіліктерден ада. Ораза құлшылығын тек Алла Тағалаға ғана арнауға болады әрі Өзі айтпаса басқа ешбір пенде біле алмайтын, Жаратушы Иесі мен ораза ұстаушы адамның арасындағы құпия сыр болған бұл құлшылық оның ықыласының өте жоғары деңгейде екендігін көрсетеді. Ораза – бүкіл құлшылық-ғибадатты, оның ішінде қорқу мен үміт ету, жәрдем сұрау мен тәуекел ету секілді жүрек амалдарын да тек Ұлы Жаратушыға ғана арнайтын құлшылық.  Сондықтан тек Өзіне ғана бағышталған оразаның сауабын Алла Тағала Өзі береді.  Рамазан айының маңызын одан әрі ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына сөздерімен сабақтауға болады:

Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) былай деді: «Бірде Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір бәдәуи келіп: «Я, Алла Елшісі! Маған оны орындасам Жәннәтқа кіретін амал нұсқашы», – деді. Оған Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаға ешкімді ортақ қоспай құлшылық ет, намаз оқы, парыз зекетіңді төле және Рамазанда ораза ұста», – деп жауап берді. Бәдәуи: «Жаным қолында Болғанның атымен ант етемін, мен бұған еш нәрсе қоспаймын!», – деді. Ол шығып кеткеннен кейін Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім Жәннәт тұрғындарына қарап, көзін қуандырғысы келсе, онда ол осы бәдәуиге қарасын» (Бұхари, Муслим).

ummet.kz

Бөлісу: