22
Жұма,
Қараша

һижри

Рамазан айы оразасы

Рамазан айы оразасы

Ораза

Рамазан айы – кешірім айы. Бұл айда Алла Тағала құлдарының жасаған күнә-қателіктерін мейлінше кешіреді. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кім Рамазан айында (Аллаға) толық иман келтіріп, (Одан) сауапты үміт ете отырып, ораза ұстайтын болса, жасаған күнәлары кешіріледі», - деген.

Сондай-ақ, Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла Тағала: Адам баласының әр бір амалы өзі үшін, тек (рамазан айының) оразасынан басқа. Расында ол Мен үшін, және оның сауабын Өзім беремін, деді», - деген. Суфйан ибн Уйайна (р.а.) жоғарыдағы хадистегі Алланың беретін сауабы туралы былай деп түсіндіреді: «Қиямет күні болғанда Алла Тағала құлын есепке тартады. Сонда пенденің жасаған барлық зұлымдықтары әкелініп, одан басқа игі амалдарынан ұстаған оразасы ғана қалады. Сол кезде, Алла Тағала құлының барлық зұлымдықтарын алып тастап, ұстаған оразасы есебімен оны жәннатқа кіргізеді», - деп келтіріледі.

Олай болса, Алла Тағаланың «Расында ол Мен үшін, және оның сауабын Өзім беремін» деген сөзін қалай түсінуге болады? Біріншіден, оразаның басқа ғибадаттардан ерекшелігі, оның сыртқы іс-қимылсыз, іштей орындалатындығында. Басқа парыз ғибадаттар белгілі бір деңгейде сырттай жасалатын қимыл-әрекеттермен басқалардың көзіне байқалатын болса, рамазан оразасы ондай емес. Ораза ұстаушының ораза екендігін Алла ғана біледі. Сол себепті, оның (ерекше) сыйлығын Алла Өзі береді. Екіншіден, сауаптын еселеніп жазылатындығында. Хадисте айтылғандай, Алла Тағала мұсылманның әр ізгі амалын он еседен, жеті жүзге дейін және одан да көп еселетеді. Ораза ұстаушылар болса, олар осы сауаптарға ие болады, тіпті одан артық сый-сыяпатқа ие болады. Өйткені, ораза ұстаушылар, олар - нағыз сабыр етушілер.

Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Егер ораза ұстасаң, онда сенің еститін құлағың, көретін көздерің, сөйлейтін тілің, ұстайтын қолдарың да ораза ұстасың!», - деген. Сондықтан мұсылмандар ораза ұстаған сәтте нәпсілерін тежейді, ішіп-жеуден тыйылады, күнә істерден өздерін сақтайды. Бұл іс-әрекеттер үлкен сабырлықты талап ететіні анық. Сабыр етушілер туралы Құран Кәрімде: «Шын мәнінде сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз орындалады»[1], - деп келеді. Осынау есепсіз сыйлықтарды Алла Тағала барша мұсылман қауымына нәсіп етсін.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Рамазан айы келгенде жәннатың есіктері ашылып, тозақтың есіктері жабылады және шайтандар кісенделеді»[2], - деген. Кейде осы хадисті оқыған, естіген кісілер сұрақ қояды: «Рамазан айында шайтандар кісенделетін болса, күнә істеушілер неге күнәларынан тыйылмайды», - дейді. Ғалымдар осы сұраққа келесідей жауап береді. Аллаға шын беріліп, бұйырғанына мойынсұнып, оразасына берік болып, оразаның талаптарын толық орындаған мұсылман үшін жәннатың есіктері айқара ашылады, тозақтың есіктері тас жабылады, шайтандар оған ештене жасай алмайды.

Алла Тағала ораза ұстаған мұсылманға тағы бір ұлы сый дайындап қойған. Ол – жәннаттағы «Раййан» есігі. Бұл туралы Сәһл ибн Сағдтан (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Шын мәнінде жәннатта «Раййан» деп аталатын есік бар. Қиямет күнінде ол есіктен ораза ұстаушылар кіреді. Ораза ұстаущылардан басқа онда ешкім кірмейді. Олар ол есікке кірген соң, есіктер жабылып, басқа ешкім кірмейді»[3], - делінген. Рамазан айындағы оразада момын мұсылман Аллаға жалбарынып, әрдайым дұғада болғаны абзал. Себебі, ораза ұстаушының дұғасы қабыл болады, кері қайтарылмайды. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Үшеудің дұғасы кері қайтарылмайды: Ораза ұстаушының аузын ашқанға дейін...», - деді.

Алла Тағала баршамызға Рамазан айының оразасын абыроймен, кемшіліксіз орындап шығуымызға нәсіп етсін. Күнәдан тазарып, шайтаннан алыстап, Аллаға жақындай түсейік. Рамазан айы барлық жанұяға берекетін әкелсін.

Берікбол Жанақ,

«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің наиб имамы

[1] «Зүмәр» сүресі, 10-аят.

[2] Бұхари, Мүслим.

[3] Бұхари.

Бөлісу: