22
Жұма,
Қараша

һижри

Рамазандағы мың айдан да қайырлы қасиетті түн

Рамазандағы мың айдан да қайырлы қасиетті түн

Ораза

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағалаға: «Уа, Раббым, менің үмметімнің өмірлері қысқа, амалдары аз», – деп дұға еткенде  Алла Тағала сүйікті елшісіне Қадір түнін сыйлап, «Қадір түні саған және сенің үмметіңе мың айдан артық»,- депті.

Рамазан айы келгенде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы Қадір түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ. Мақұрым адам ғана оның сауабынан құр қалады», – деген (Ибн Мәжа).

Құранда: «Қадір түні мың айдан артық (қайырлы)», – деп баяндалады («Қадір» сүресі, 3-аят).

Имам Хамд ибн Ахмад: «Бұл түні жер бетіне түскен періштелердің көптігі сонша – жер беті періштелерге сыймай кетеді», - деген.

Сондай-ақ Құран Кәрімде: «Сол түні (Алланың) хикметімен тағдырға жазылған әрбір іс нақтыланатын болады», – деп бұйырылған («Дұхан» сүресі, 4-аят).  «Ол түні періштелер мен Рух Раббыларының рұқсатымен әртүрлі іс атқару үшін лек-легімен түскен үстіне түсе береді», – деп баяндалады («Қадір» сүресі, 4-аят).

«Қадір» сөзі «үкім түні»,  «абырой, бедел»,  «сығылысу» деген мағыналарды береді. Яғни Қадір түні – ұлық және аса қадірлі түн, бұл түннің беделі мен салмағы мың айдан да қайырлы. Снымен қатар бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскеннен соң, жердің тарлығынан сығылысады. Бұл жайлы Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, «сығылысудағы» мақсат үлкен қайырлы істердің жүзеге асады. Бұл түнде келесі жыл істерінің тағдыры жазылады.

Айша анамыз (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айының ақырғы он күнінде құлшылыққа ерекше ден қоятынын айтады. Бұл түні қалай дұға ету керек деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына дұғаны үйреткен: «Уа, Раббым, Сен, әрине, кешірімдісің, жомартсың. Кешіргенді ұнатасың, мені де кешіре гөр!» (Тирмизи).

Сондықтан Алланың мейірімінен үміт еткен әрбір адам Қадір түні кірместен бұрын толық шомылып, дәрет алып, таза киім киіп, үстіне хош иісті әтір сеуіп, қасиетті түнді күтуге дайындық жасауы тиіс.

Мұсылман адам бұл түнді барынша құлшылықпен, сауапты істермен өткізуге тырысады. Бұл түні  намаз оқу, Құран оқу, тәубе етіп, кешірім тілеу, жалбарынып тілек тілеу қажет. Қаза  намазы бар адам шамасына қарап сол қарыз намаздарын оқу, қарызы болмаған жағдайда қалағанынша нәпіл намаздарды оқығаны жөн. Сонымен қатар бұл түні көбірек дұға-тілек айту керек.

Қадір түнін үйде қарсы алатын әйел кісілер ғибадаттарын шын ықыласпен жасауға тырысуы дұрыс. Тұрмыстың кикілжіңдерін шетке ысырып қойып, бұл түнде тек Аллаға құлшылық етуі олар үшін тиімді болмақ. Рухани, діни кітаптар оқып, діни бейнефильмдерді көруге де болады. Мұндағы басты мақсат, түнді ұйқымен емес, қандай амал болса да тек ғибадатпен өткізіп, мол сауапқа кенелу.

Түннің барлығын ғибадатпен өткізе алмайтын кісілер, тым болмаса, түннің бір бөлігін құлшылықпен, ізгі амалдармен өткізуіне болады.

Хадистерде Қадір түнін Рамазан айының соңғы он күнінде, тақ санда іздеу керектігі айтылған. Көпшілік ғалымдардың ортақ пікірінше, оны Рамазан айының жиырма жетінші түні болып есептеледі. Биыл бұл түн сәуір айының 28-нен 29-на өтер түніне сәйкес келіп тұр.

Алла барша мұсылманның ғибадаттарын қабыл етіп, мол сауаптан жазсын!

Алла Тағала бұл түнде жасайтын бүкіл құлшылықтарымызды, дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

Нариман Исенов,

«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: