Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша, Құранда айтылған «хамр» сөзі – жүзімнен жасалған шарапқа қатысты атау. Ал қалған мас қылатын (мускир) нәрселерді осыған (қияс) салыстыра отырып «харам» деп қабылдаған. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Әрбір мас қылатын нәрсе – харам» деген хадисі де осы салыстырудың дұрыстығын растауда. Әрі «Көбі харам ететін нәрсенің азы да харам» деген хадис те осыны көрсетеді.
Жүзімнен жасалған шарап «хамр» деген сөзбен беріліп, Құран аяттарымен айқын харам екенін айтқан. Сондықтан оның бір тамшысының өзі харам. Бұдан басқа мас қылатын спирттік заттардың ішілуі аятпен салыстыру (қияс) және хадис арқылы харам. Бірақ олар айқын ласқа жатпайды. Өйткені олардың ластығы туралы Құранда айтылмаған. Олай болса жүзімнен жасалған нәрсе айқын лас нәрсе және ішуі айқын харам. Оны терістеу күпірлікке жатады. Ал қалған спирттік заттарға келсек, олардың ішілуі харам болғанмен, тікелей ластыққа жатпайды. Тиген жерлерді лас етпейді. Бұл – Әбу Ханифаның көзқарасы. Ендеше, Әбу Ханифаның ижтиһады бойынша, спирт лас нәрсе емес. Тек ішуі шараппен тең харам.
Имам Шафиғи бастаған бір топ ғалымдар болса, Құрандағы «хамр» сөзін тек жүзімнен жасалған шарап емес барлық мас қылатын нәрселердің атауы деп жорамалдаған. Бұл тұрғыдан жүзімнен жасалған шараппен қатар барлық ішімдіктер яғни спирттік заттар да лас нәрсеге жатады. Яғни спирт төгілген жер таза болып саналмайды. Намазға кедергі жасайды. Әрі олардың ішілуі де харам. Олар (уахид хабар болып жеткен) «Турасы жүзімнен жасалғанда – бір хамр, құрмадан жасалғанда – бір хамр, балдан жасалған да – бір хамр, бидайдан жасалғанда – бір хамр, арпадан жасалғанда – бір хамр бар» деген хадисті дәлел етіп көрсетеді. Айтқандай-ақ, Құранда шараптың харамдығына қатысты үкім түскен заманда, осы бес нәрседен ішімдік жасалатын.
Олай болса, бұл тақырыпты тұжырымдап былай деуге болады.
Имам Ағзамның көзқарасы бойынша, тек жүзімнен жасалған ішімдіктер тікелей лас нәрсе болып тиген жерін ластайды. Ал қалған спирттік сұйық заттар тиген жерін ластамайды. Олардың ішілуі ғана харам. Сондықтан спирттік сұйық заттарды пайдалынәрселерге пайдалануға болады. Ине салғанда, жараны тазалағанда, т.б.
Имам Шафиғи бастаған ғалымдар аталмыш хадисті дәлел етіп көрсетіп, «хамрды» барлық ішімдіктің атауы деп, күллі спирт атаулыны лас деп қабылдап, тиген жерлерін ластайды деп үкім берген. Бірақ Шафиғи ғалымдары осы көзқарас бойынша «лас» десе де, спирттік сұйық заттар араласқан дәрілерді мәжбүр жағдайда тұтынуға болады деп санаған.
Қорытындылайтын болсақ, шарап, шампан, арақ және коньяк секілді ішімдіктер төгілген жерге намаз оқуға болмайды. Денеге немесе киімге тиетін болса, оны жуу қажет. Өйткені олар зәр секілді «ластыққа» жататындықтан намазға кедергі жасайды.
Алайда құрамында спирті бар әтір яки басқа да спирт араласқан сұйық заттар денеге не болмаса киімге тисе, намазға кедергі жасамайды. Өйткені бұлардың ішілуі харам болғанмен ішуден тыс нәрсеге пайдалануға болады. Мысалы, ине салдырғанда дәрігерлер міндетті түрде спиртті пайдаланады. Тіпті ине салдырған соң «намазға кедергі келтіреді» деп спирт тиген денені жуудың қажеті де жоқ. Оның үстіне дәрігерлер кез келген спирттің тез арада ұшып кететінін айтады. Ендеше, құрамында спирті бар әтір тәрізді сұйық заттардың денеге немесе киімге тиюі құлшылыққа кедергі келтірмейді.
материал «Отбасы ғылымхалы» кітабынан алынды,
ummet.kz