Ислам дінінде ерлі-зайыптылардың жақындасуларына тыйым салынған күндер мыналар:
• Хайыз (етеккір) күндері;
• Нифас күндері (босанғаннан кейін келетін қан);
• Рамазан айында күндіз ауыз бекітулі кезде;
• Оңаша емес кездерде (Бөлмеде өздерінен бөлек басқа біреу бар кезде, мәселен, есі кірген балалары жатқан болса, қатынасқа түсуге болмайды);
• Басқа уақыттарда рұқсат! Аптаның қай күні жақындасқан мұстахаб? Кейбір риуаяттарға сүйене отырып, Ислам ғалымдары жұма күні түнде жақындасу мұстахаб деген үкімге келген. Дәлірек айтқанда, бейсенбінің жұмаға қараған түні. Жұманың түні бейсенбі күні күн батқаннан басталады. Төсек қатынасының әдептері қандай?
Исламда төсек қатынасының өзіндік әдептері бар. Атап айтсақ:
1. Төсекке тазаланып келу.
2. Бірден іске көшпестен, сүю, құшақтау т.б. осы сияқты әрекеттерді жасау.
3. Қатынасты бастар сәтінде іштей «бисмилләні» айту. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ондай сәтте мына дұғаны оқуды үйреткен (іштей оқылады): «Бисмилләһи, Аллаһуммә жәннибнәш шайтана уә жәннибиш шайтана мә разақтәнә». Мағынасы: «Алланың атымен бастаймын! Уа, Алла, бізден шайтанды ұзақтат, әрі бізге ризық ретінде беретініңнен де (баладан да) шайтанды ұзақтат!»
4. Тек алдыңғы мүшеден жақындасу. Артқы ағзадан жақындасу харам, үлкен күнә.
5. Күйеуі жақындасып болғаннан кейін онысын тағы қайталайтын болса, дәрет алып келгені ұнамды (іш дәрет және сырт дәрет).
6. Іс біткеннен кейін көп созбай ғұсыл құйынып, жуынған дұрыс. Біріншіден, тазалық. Екіншіден, денсаулыққа пайдалы. Шомылу босаңсыған дене ағзаларының қайта қалпына келуіне септігін тигізеді.
7. Ерлі-зайыптылардың жақындасу кезіндегі жағдайлар өзара сыр болып қалуы ләзім. Әйел де, еркек те жатын бөлмедегі сырларын өзге дос-жарандарына бөлісуіне тыйым салынады, харам әрекет (немесе харамға жақын мәкруһ).
материал «Заман тудырған сұрақтар, ІІ том» кітабынан алынды,
ummet.kz