Темекі шегуге қатысты діни үкім жасаған ғұламалардың пікірлері бірнеше топқа бөлінген.
1. Темекінің мүбаһ екендігін, шариғатта бұған қатысты ешқандай тыйым салынбағандығын және денсаулыққа зияны жоқ екендігін алға тартқандар; Осыған қатысты дереу жауап бере кетсек, қазіргі таңда ғылымның бізге берген мәліметтері бойынша темекінің денсаулыққа зияндылығы түпкілікті дәлелденген, күдік тудырмайтын ғылыми шындық. Шариғатта тыйым салынбағандығына келер болсақ, мұндай тыйым салушы үкімдер «қияс» яғни, салыстырмалы түрде берілер еді.
2. Темекінің мәкрүһ екендігін алға тартатындар; Бұлардың сүйенетін дәлелі шариғатта анық түрде тыйым салынбаған нәрсеге харам деп үкім тағудан тартыншақтауынан туындауда.
3. Темекі шегу, әсіресе темекіге салынып кетуді харам деп есептейтіндер; Бұл топтың сүйенетін дәлелдері, денсаулыққа зияны, ысырап екендігі және жанұяның нәпақасына масыл болатындығына байланысты осылай үкім жасаған.
Ендеше осы үкімді жанжақты қарастырайық.
А) Зияндылығы тұрғысынан, темекі шегуші де, жанында тұрған жан да денсаулықтарына зиян келтіретіндігі айдан анық. Осыған қатысты ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Тікелей яки жанама түрде зиян тигізуге болмайды», – деп, зиян келтіруге тыйым салған. Мұнымен қоса, «Өз қолыңызбен өзіңізді қауіпке душар қылмаңдар» және «өз-өздеріңді өлтірмеңдер» деген аяттар арқылы Раббымыз құлдарына өз-өзіне зиянды нәрселер жасаудан аулақ болуды бұйырған.
Б) Ысырап болуы тұрғысынан, «Ішіп-жеңіздер, алайда ысырап жасамаңыздар» деген аят және «Пайғамбар (с.а.с.) мал-мүліктің босқа жұмсалуына тыйым салды» деген хадис негізінде ысырап жасау харам болып табылады.
В) Нәпақаға масыл болуы тұрғысынан, жанұядағы барша жанның нәпақасын табу отағасына міндеттелетін іс. Осы тұрғыдан да нәпақадан жырып, темекіге ақша жұмсау харам болып табылады. Қорыта келгенде, осы үш себептің біреуі болса да темекі шегу харам болып табылады. Бұған қоса, «Мысырдағы «әл-Әзһар» университетінің жанындағы «пәтуа комитеті» 1979 жылы темекіге «харам» деп пәтуа шығарған.
Сондай-ақ, «әл-Әзһар» университетінің бұрынғы шейхул-әкбары Жәддул Хақ Али Жаддул Хақ, Мысыр республикасының бұрынғы мүфтиі Насыр Фәрид, заманымыздың Атия Сақр, Юсуф Қарадауи сынды бірқатар ғалымдары да харам деп пәтуа берген».
материал «Исламдағы тазалық» кітабынан алынды,
ummet.kz