Бүгінде әйел қауымының ашық-шашық киініп, бүкіл әдеміліктерін сыртқа паш етулері әдетке айналған заманда сұлулық салонында мұсылман әйелдің жұмыс істеуін көпшілік дін мамандары құп көрмейді.
Сондықтан да алдымен өзге салалардан жұмыс қарастырып көргеніңіз абзал деген ойдамын. Дегенмен, жұмыс табылмай, сұлулық салондардың бірінде жұмыс істеуге тура келсе, ондағы дінге қайшы келмейтін қызмет түрлерін жасап, ал қас жұлу, татуаж жасау деген сияқты дінімізде ашық харам саналатын қызмет түрлерінен мүмкіндігінше ұзақ тұрғаныңыз жөн. Шариғатқа қайшы келер қызмет түрлері мыналар:
Қас жұлу
Татуаж
Лифтинг
Шугаринг
Татуировка салғызу т.б. Шариғатқа терістігі жоқ қызмет түрлерінің кейбірі төмендегідей:
Маникюр және педикюр. Аяқ пен қолдың күтімі саналатын педикюр мен маникюрдегі – тырнақ алу, тырнақты жылтырату (полировка), аяқ-қолға массаж жасау, крем жағу, өкшенің жарылғанын кетіру деген сияқты қызмет түрлерінің дінге терістігі жоқ. (Лак жағу дәрет пен ғұсылға кедергі келтіретіндіктен рұқсат жок)
Шаш күтімі. Шаш жуу, шашты қыскарту, шашты тегістеу, шаш үлгісін жасау, шашты бояу, шаш жалғау (ханафи ғалымдары бойынша жасанды шашты жалғауға рұқсат), түсіп қалған шаштың орнына шаш егу т.б.
Массаж. Беттің массажы, тізеден төмен аяқтың массажы, қолдың массажы, бастың массажы, мойын массажы т.б.
Косметология. Бетке крем жағу, бетті безеу сияқты әртүрлі оғаш нәрселерден тазалау, беттегі артық түктерді жұлу, өскен қасты қысқарту, екі қастың ортасындағы түктерді жұлу, қынамен қол-аяққа сурет салу («мехенди», әсіресе, тұрмыстағыларға), маска жасау т.б. Бұлар дінімізге қайшы емес.
Ең дұрысы – Аллаға мәлім!
материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,
ummet.kz