Бүгінгі таңда көптеген мұсылманның баспана сатып алу үшін банктен пайызды несие алып, өсімқорлыққа ортақтасып жатқан жайлары өте жиі кездеседі.
Олар «аса зәру мұқтаждық» деген ережені дәлел ретінде алады. Мәселен, бұл жағдайды аштан өлу қаупі туған кісіге өлексе малдың етін жеуге рұқсат етілгеніне салыстырып, қияс жасайды.
Алайда бұл екі жағдай бірдей емес. Өйткені аштық дендеген адам арам өлген мал етін өлімнен қорқып жейді. Ал үйі жоқ адам өлімнен қорықпайды, оған өлім қаупі төніп тұрған жоқ. Егер қаладан үй сатып алуға мүмкіндігі болмаса, оны қала шетінен, сыртынан немесе оған жақын орналасқан ауылдардың бірінен алуына не пәтер жалдап тұруына болады емес пе!?
Мұсылман адам Алла және Оның елшісіне (с.а.с.) бойсұнып, қарызға берген ақшасы үшін үстеме пайыз алмауы тиіс. Мұндайда қарыз алған адам үстеме пайыз қосылған қарызды қайтара алмайтын жағдайға түсуі ықтимал. Нәтижесінде ол қолындағы барынан айырылып, қарыз тәуелділігіне түседі де, кембағал-кедейлердің саны артады. Сөйтіп, алған үйін қайта сатуына немесе оны банкке кепілге қойып, тағы да пайыздық үстемемен несие алуына тура келеді.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сахабалары қашан да кедейлік пен баспанасыздыққа төзімділік танытқан. Олар ешқашан өсімқорлықпен айналыспаған және қарыз үстінен пайда таппаған.
материал «Ислам діні» кітабынан алынды,
ummet.kz