03
Жұма,
Мамыр

һижри

Шағбан айында ораза ұстаудың артықшылығы туралы хадистер

Шағбан айында ораза ұстаудың артықшылығы туралы хадистер

Ислам тарихы

Шағбан – Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетінен ерекше нұсқаулар табуға болатын ең бағалы айлардың бірі. Сенімді хадистерде Пайғамбарымыз Мухаммад (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Шағбан айының біраз бөлігінде ораза ұстағаны туралы айтылған.

Бұл ораза ол үшін міндетті ораза емес еді, алайда, Шағбан – Рамазан айының дәл алдындағы ай болуы себепті, Пайғамбарымыз бұл айда Рамазанға дайындық шарасы ретінде ораза ұстауды жақсы көрді, олардың кейбірі төменде көрсетіледі. Ардақты сахаба Әнас ибн Мәлік (радиаллаһу әнһ): «Алла Елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?» деп сұрағанда, Ол: «Рамазанға құрмет ретінде шағбан айында ұсталған ораза», «Қай садақа абзал?», дегенде, «Рамазан айында берілген садақа»,– деп жауап берген». 

Мүміндердің анасы Айша (радиаллаһу әнһә) айтты: Алла Елшісінде (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Шағбан бойы ораза ұстау әдеті бар еді.» Мен одан сұрадым: «Уа, Алланың Елшісі, Шағбан сенің ораза ұстайтын ең сүйікті айың ба?» Ол: «Осы айда Алла осы жылы дүниеден озатын адамдардың тізімін бекітеді. Сондықтан, менің өлімім ораза ұстаган шақта болуын қалаймын.» Тағы бір хадисте Айша анамыз (радиаллаһу әнһә) былайша баяндайды: «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кейбір айлардың көбінде ораза ұстайтын. Тіпті, оны бұл айда мүлдем ауыз ашпады деп те ойлайтынбыз. Кейбір айлардың көбінде ауыз ашатын. Тіпті, біз оны бұл айда ешбір ораза ұстамады дейтін едік. Алла Елшісінің Рамазан айынан басқа айда толық ораза ұстағанын, сондай-ақ, шағбан айындағыдай көбін оразамен өткізгенін көрмедім».

Тағы бір хадисте Айша анамыз (радиаллаһу әнһә) былай дейдi: «Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оразаны Шағбан айында қалай мол тұтса, басқа айларда дәл солай көп ораза тұтқанын көрген емеспін. Ол осы айда арасына тек бірнеше күн салып ораза ұстауды әдет еткен еді. Яғни, Алла Елшісінде осы айдың түгелге жуығын оразамен өткізу әдеті бар еді.» Мүміндердің анасы Умму Сәләмә (радиаллаһу әнһә) айтты: «Мен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Шағбан мен Рамазан айларынан басқа айларда үзбей екі ай бойы ораза ұстағанын көрген емеспін.»

Бұл хадистертерден ұғатынымыз – Шағбан айының оразасы міндет болмаса да, дәрежесі соншалық, оны тастауды сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұнатпайтын еді. Алайда, Шағбан айының оразасы тек қана Рамазан айының парыз болған оразасына кедергі жасамайтын күйде ораза ұстай алатын адамдарға арналғанын ескеру керек. Сондықтан, егер мұсылман адам Шағбан айының оразасынан кейін Рамазан айында күш-қуаты азайып, Рамазан айының оразасын сергектікпен бастай алмайтынына қорықса, оған Шағбан айында ораза ұстамаған жақсы, себебі Рамазан айының парыз болған оразасы Шағбан айының нәпіл оразасынан маңыздырақ. Сондықтан, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айына дәл бір екі күн қалғанда ораза тұтуға тыйым салды.

Саңлақ сахаба Әбу Һурайра Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізеді: «Шағбанның бірінші жартысы өткен соң ораза тұтпаңдар.» Басқа хадис бойынша Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) :«Бір немесе екі оразамен Рамазан айының алдын алмаңдар» деген. Жоғарыдағы хадистерден Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айына дейін шаршап-шалдығудан қорықпағандықтан, Шағбан айының біраз бөлігін оразамен өткізуді әдет қылғанын түсінеміз. Ал, басқаларға Шағбан айының 15-нен кейін ораза ұстамауды бұйырған. Өйткені, олар Рамазан айының алдында күш пен қуаттан айырылып, Рамазан айын құлшыныспен бастай алмай қалады деп қорыққан.

материал «Ислам айлары» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: