02
Бейсенбі,
Мамыр

һижри

82 жастамын, ауырып дәрігерге барған емеспін

82 жастамын, ауырып дәрігерге барған емеспін

Ислам тарихы

Қазақстанда мұғалім болған кезімде, мен істеген мектеп-интернаттың қоқыс тастайтын жерінен иттеріне тамақ жинайтын жасы сексеннен асқан орыс әже бар еді. Ол күнде кешке қоқыстың жанына қаңғыбас иттерімен бірге келетін.

Бұл әженің сырт келбетіне қарап, тұратын жері жоқ екенін бірден байқауға болады. Жалпы алғанда, саны он беске жуық қаңғыбас ит құйрықтарын бұлғаңдатып, өздеріне пана бола білген әженің артынан қалмай еріп жүреді. Олардың бұл жүрістерінен оқушылар қорқатын. Алайда жеке өзім осы иттерді ойлап, қам жегені үшін әжені көрген сайын қалтамдағы тиындарды беруші едім. Ол болса маған қайта-қайта алғыс айтып, орысшалап бата беретін.

Бірде ол: «82 жастамын. Өмірімде ауырып та, дәрігерге барып та көрген емеспін. Бұл иттердің қарындарын тойдырған кезде өзімді бақытты сезінемін. Олардың махаббаты маған қуаныш сыйлады. Олар үшін қолымнан келген жақсылықты істеуге дайынмын» – деп, өзі жайлы әңгімелеп берді. Осы сөздерді айтып тұрған сәтте оның көзі де, өзі де күлімдеп сала берген еді. Қазір ойлап қарасам, жасы сексен екідегі, үйі де жоқ, күйі де жоқ қарт адамның өзгелерге пайда тигізсем деген ұстаныммен өмір сүретін кейуананың бақытқа толы жүзін ұмытар емеспін. Мұндай жағдайда өмір сүріп жүрген адамның мүлде ауырмауы таңданарлық нәрсе емес пе? Мен өзімше, Жаратушымыз оны осы мейірімділігі арқасында аурудан сақтайды деп топшыладым. Мүмкін расымен мүлде ауырмаған шығар, мүмкін өзін олардың алдында жауапты сезінген болар немесе иттеріне деген махаббаты оған ауруын сездірмеді. Қайсысы дұрыс екенін білмеймін. Нақты білетінім – бұл өмірде сексеннен асқан жасына, жоқшылығына қарамастан өмірге қуанышпен қарай алатын әженің бар екендігі еді.

материал «Бақытты отбасының сыры» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: