19
Бейсенбі,
Қыркүйек

һижри

Әбу Ханифаның сабақ берудегі ұстанған тәсілі

Әбу Ханифаның сабақ берудегі ұстанған тәсілі

Ислам тарихы

Имам Әбу Ханифаның шарғи үкім шығаруда қияс пен пікірді көп қолдануы кейбір адамдарды «ол хадиспен амал жасамайды» немесе «ол қияс пен өз пікірін хадистен жоғары қояды» деген сияқты жаңсақ пікірлерге жетеледі. Бірақ оның үкім шығарудағы ұстанған жолын және өзінің айтқан сөздерін зерделеп, зерттеп танысқан ғалымдар бұл пікірлердің негізсіз екендігін алға тартқан.

Өйткені Әбу Ханифаның хадиске аса көңіл бөлгендігі, жаттамаған хадисін мағынасымен риуаят етпейтіндігі, оның сахих хадис бар кезде қияспен амал жасамайтындығы өзінің сөздерінен анық байқалады. Сонымен қатар ол мурсал хадиспен де, сахабаның пәтуасымен де амал жасайтын болған. Ал оның хадис бар кезде қияспен амал жасағандығын төмендегідей түсіндіруге болады: Әбу Ханифа ол хадисті естімеген немесе хадис оған сахих иснәдпен жетпеген. Сондықтан  да ол қияспен амал жасауға мәжбүр болған. Мужтаһид ғалымның хадистің сахих екендігіне күмәнданып, онымен амал жасамай, қияспен амал жасауы хадиске қарсы шығуды немесе қиясты хадистен жоғары қоюды білдірмейді.

Имам Ағзам туралы «ол хадис ілімінен хабарсыз болған» деген пікір де шындыққа қайшы келеді. Әбу Ханифа да көптеген хадистерді риуаят еткен. Оған ең үлкен дәлел ретінде өзінің екі шәкірті Әбу Юсуфтың «әл-Әсәр» және Мұхаммедтің «әл-Әсәр» деген кітаптарындағы Әбу Ханифадан риуаят етілген хадистерді келтіруге болады. Һижраның 665-жылы дүние салған ғалым Әбу әл-Муәйид Мұхаммед ибн Махмуд әл-Хауаризми Әбу Ханифадан риуаят етілген хадистерді жинақтаумен айналысқан. Ол кітап Мысырда һижраның 1326-жылы жарық көрген. Кітап шамамен сегіз жүз беттен тұрады. Рас, Әбу Ханифа имам Мәлик немесе Ахмад тәрізді мухаддис болмаған және олар сияқты мыңдаған хадистерді риуаят етпеген.

Бірақ бұл оны хадис ілімінен хабарсыз болған деуге еш дәлел бола алмайды. Оның үстіне, Куфада жалған (маудуғ) хадистер көп таралғандықтан, Әбу Ханифа хадистерге аса сақтықпен қараған және хадисті қабылдау үшін өте қиын шарттар қойған.

Имам Ағзам сабақ беру барысында фиқһи мәселені, одан туындайтын сұрақтарды шәкірттерінің талқылауына салып, олардың әрқайсысының көтерілген мәселеге қатысты пікірі мен дәлелдерін тыңдайтын. Олар өзара пікір алмасып, кейде ортақ шешімге келетін, ал кей кездері ұстаз бен шәкірттерінің пікірі бір жерден шықпайтын. Осыдан кейін ұстаз ортаға тасталған мәселеге қатысты болған пікірталас пен талдаудың нәтижесін шәкірттерінің біріне жаздыратын. Бұдан біз ханафи мазһабының әуел бастан фиқһи мәселелерді жамағат болып талқылаған, пікірталастарға толы мазһаб екендігіне көз жеткіземіз. Сондықтан да ханафи мазһабында имам Әбу Ханифаның ғана емес, кейде оның шәкірттерінің де пікірлерімен пәтуа беріледі.

материал «Фиқһ әл ғибадат» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: