19
Бейсенбі,
Қыркүйек

һижри

Ақылды адамдарға тән бір проблема

Ақылды адамдарға тән бір проблема

Ислам тарихы

Ақылды адамдардың бір проблемасы: шешім қабылдарда бөгеліп қалады. Көп ойланады. Ойлану жақсы ғой. Бірақ кейде көп ойланбай жай істеу керек. Болды. Мысалы, түбі істейтін істі ойланбай істей бастау керек.

«Жүзуге бару керек еді. Келесі айға жоспарлап қояйын. Жарты жолда тастасам, абонементім күйіп кетпей ме екен? Әлде күзде барғаным дұрыс па?» деген бітпейтін ойлар сізді жүзуге барудан тосып қалуы мүмкін. Негізі, сіз жүзудің денсаулыққа пайдалы екенін, түбі бассейнге баратыныңызды білесіз. Бірақ көп ойланып, жақын тұрған істі өзіңіз алыстатасыз.

Бір істі бастарда ойыма мына мысал келеді. Көлге шомылам деп келесің. Шешінесің. Су суық сияқты. Жүрегің дауаламай жағада тұрасың. Түссем бе, түспесем бе? Айналайын-ау, түсу үшін келдің ғой. Қаншама дайындық жасадың. Енді неге ойланасың? Көзді тарс жұм да, суға секір. Болды. Ар жағын сосын көре жатарсың. Суға секірсең, анау айтқандай суық та емес екен. Секіргеніңе риза болып, күле бастайсың. «Бағанадан бері неге сонша ойландым екен?» дейсің. Ләззат ала бастайсың. Келесі жолы суға қорықпай сүңгіп кете бересің.

Бұл – жалпы дұрыс, өзің қалаған, түбі істеуім керек деп, бірақ әлі бастай алмай жүрген істерге қатысты кеңес. Кейбір істерде, иә, көп ойлану керек. Өзіңіздің ойлана білу қабілетіңізді сол жерде кеңінен қолдансаңыз болады. Менің көп ойланғысы келмейтін достарым бар. «Маған нақты не істеу керек екенін айтшы, істей салайын» дейді. Оларға керісінше ойлану қабілетін дамыту керек дер едім.

Тайм-менеджмент ережелерінің бірі: 2 минуттан аз уақытты алатын істі сол сәтте істеп тастау керек. Мысалы, жүзуге қатысқысы келетін адам 2 минутта интернеттен жақын жердегі бассейннің нөмірін тауып, хабарласып, бағасын, уақытын біле алады. Жүзіп үйренсем деген мақсатына өстіп жақындай түсер еді. Біз көбінесе осындай 2 минуттық істерді кейінге қалдырамыз да, жоспарларымыз алға жылжымай жатады.

Мақсатыңды нақтылап алған соң, соған апаратын алғашқы қадамды белгілеп алу керек. Сосын соны ойланбай істеу керек. Болды. Ешқандай жоспарлау техникаларын қолданбай-ақ миыңызға жүгінсеңіз, өзі-ақ қозғалыс бағытын сызып береді. Алғашқы қадамды да сол көрсетеді.

Түсініктірек болу үшін мысал келтірейін. Мен сату қабілетімді дамытқым келді. Қай жерде дамыта алам? Сату менеджері болып бір жерге орналасуым керек. Қай жерге? Миым «Versus академиясы» деген нұсқаны ұсынды. Жақсы. Кімге хабарласуым керек? Алдында бастығы Мейірбек мырзамен танысқан едім, сол кісіге хабарласамын. Алғашқы қадам сол. 2 минуттан аз уақытты алады. Енді көп ойланбай («қабылдамай қойса ше?», «маған бұл керек пе?», «қазіргі жұмысыммен бірге қалай алып жүрем?» демей) жай ғана істей салу керек. Болды. Ар жағын көре жатармыз. Солай істедім. Мейірбек мырза қабылдады. Сол жақта сату қабілетімді шыңдадым. «Мастер» курсына қатыстым. Жаңа таныстар таптым. Көкжиегім кеңейді. Былай қарап тұрсаң, бағанағы 2 минуттан аз уақытты алатын істі (Мейірбек мырзаға хабарласу) кейінге қалдырып немесе істемей қойсам, бұл артықшылықтарға қол жеткізбейтін бе едім, кім білсін?!

материал «Лайфхактар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: