Біз өзімізге һәм өзгелерге шарт қою арқылы мына өмірді қиындатып жүрміз. Әрине, шарт қоюдың да дұрыс тұстары бар. Егер екі жақты келісілген болса еш зияны жоқ.
Мысалы, күйеуі мен әйелі отбасын құрған кезде «әйел адам үйде бала тәрбиесімен отырғаны дұрыс» деген келісімге келген шығар. Бұл жерде шарт жоқ, келісім бар. Сәйкесінше, бір-бірінен күтіп, көндіріп, ренжісіп жүрмейді. Яғни, бір түсініспеушіліктің алдын алады. Осы секілді отау құрар кезде екі жас ата-анадан бөлек не бірге тұратынын келісіп алу керек. Егер екеуі қара шаңырақта тұруға келіскен болса, алдын ала бұл шартқа қыз да дайын болып барады.
«Сыйламаған соң кешігіп келді» деген сарында тұжырым шығарып алатын адамдар да бар. Негізі ешкім әдейі кешікпейді. Кешігуге басқа да көптеген жағдайлар себеп болуы мүмкін. Бұндай бардарламасы бар адамдар басқалардың қателескенін де тым ауыр қабылдайды. Дегенмен кез келген адам қателесе алады. Барлық адамның қателесуге құқығы бар. Әрі ешкім әдейі қателеспейтіні анық. Адамдарды сынайтын, оларға қалай өмір сүру керектігі туралы нұсқау беретін, жұрт алдында басқаларды кінәлі қылып көрсеткеннен рахаттанатын адамдарда да осы бағдарлама бар.
Жетістік ауыр еңбектің нәтижесінде ғана келеді;
Тегін нәрсе болмайды;
Жалқаулар ғана демалады;
Бір орында тұрсаң, біттің;
Қателессең, жазасын алуың керек.
Бір қызығы, шарт қоюға шебер адамдардың санасындағы шектеулер өздерінің де жолын жабады. Одан бөлек, шарт қою арқылы адамдар балаларының да санасына осыны сіңіріп тастайды. Әрине, ешкім перзентіне жамандық тілемейді. Дегенмен өзінен мұра қылып баланың санасына кішкентай кезінен осы бағдарламаны құяды. «Айттым ғой саған», «Өзіңе де сол керек», «Сен үмітімізді ақтап, грантқа түсуің керек», «Қашан дұрыс адам боласың?» деген секілді астарында шарты бар сөйлемдердің бәрі кейін де баланың басында жаңғырып тұрады. Ал бұл бағдарламаның адамға қандай қаупі бар?
Шын мәнінде, ешкім біреудің шартымен, инструкциясымен өмір сүруге міндетті емес. Мен біреуге шарт қойсам, демек, менің эгом ол адамнан жоғары болып тұр. Артында «мен сенен күштірекпін» деген мән жатыр.
Былай алып қарағанда, адамның бәрі бірдей. Сіз біреуді қабылдай алмай, сізге ұнамай жүрсе, ойланыңыз. Адам ретінде астамшылық қылып кеткен жоқсыз ба? Есіңізде болсын: «Ешкім сізден күшті емес, сіз ешкімнен артық емессіз».
материал «Мен» кітабынан алынды,
ummet.kz