11
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құранның тәпсірді қажет ететін және қажет етпейтін аяттары

Құранның тәпсірді қажет ететін және қажет етпейтін аяттары

Ислам тарихы

Жалпылама үкім ретінде Құранның тәпсірленуінің қажет екенін түсіндіруге тырыстық. Пайғамбарымыздың өзіне кітапты түсіндіру міндеті артылғанын көрдік. Алайда бұл ешқандай да Құранның барлығы немесе басым көпшілігі ардақты Пайғамбар (с.а.с.) тарапынан жеткілікті түрде тәпсірленуі міндетті деген мағынаны бермейді.

Бұл мәселеде Табаридің пікірі мен топтастыруы жалпы ғалымдар тарапынан қабылданған. Оның пікірлерін қысқаша былай қорытындылауға болады: Құранның бір бөлігінің тәуилін Хақ Тағаладан басқа ешкім біле алмайды. Оларды білуді Алла Өзіне тән еткен. Қияметтің уақыты, Сурды үрлеу, Иса пайғамбардың түсуі және сол сияқтылар. Ешкім бұлардың уақыты туралы еш нәрсе біле алмайды. Тек шарттары туралы хабарлар келген. Ардақты Пайғамбар (с.а.с.) бұл мәселелер туралы бір нәрсе айтқанда тек шарттарын айтып, нақты уақытын айтпайтын. Дәжжал тақырыбы да осыларға жатады. Алла білдірмейінше, ардақты Пайғамбар (с.а.с.) олардың нақты күнін білмейтін. Хақ Тағала осындай оқиғалардың жалпы дәлелдері мен шарттарын ғана оған білдіретін.

Ал Құранның бір бөлігінің тәуилін ол түскен тілді білетін барша адам түсінеді. Алайда араб тілін білетін адамдар сөздің қандай мағына беретінін біледі немесе арнайы көрсетілген сипаттарды түсіне алады. Алайда бұл сөздер арқылы көзделген бірқатар үкімдер мен жағдайларды оңай түсіне алмайды. Себебі мұндай мәліметтерді Хақ Тағала өзінің Пайғамбарына (с.а.с.) тән еткен. Ол баяндамайынша, оларды ешкім ұғына алмайды. Мысалы, «Оларға: «Жер бетінде бүлік шығармаңдар» делінген кезде олар: «Біз бар болғаны (қоғамды, елді) түзетіп, жөнге келтірушіміз» дейді. Біліп қойыңдар! Анығында, нағыз бүлікшілдер, жер-жаһанды лаңдап жүрген бұзғыншылар – солардың өзі. Бірақ өздері соны сезбейді» (Бақара, 11-12) деген аятты естігенде тілді білетіндер бүліктің зарарлы екенін, тәрк етілуі керек екенін біледі, ал түзету – пайдалы, жасалуы керек нәрсе. Алайда Алланың бүлдіру мен түзету деп санаған нәрселерін біле алмайды. Білуді тек Өзіне тән еткен нәрселерді Одан басқа ешкім біле алмайды (Табари, 1/74-75).

Осыған ұқсас топтастыру Мұхаммед ибн әл-Хәйсамдан жеткізіледі. Ол айтады: «Құранның ішінде Хақ Тағаланың тек Өзі білетін нәрселердің бар екенін және біз үшін оларға жететін жол жоқ екенін теріске шығармаймын. Бұл бөлігінде бұйрық және тыйым ретінде бізге, құлдарға ешқандай нәрсе жасау қажет болмайды. Хақ Тағала оларға сену және толықтай бойсұну арқылы құл екенімізді көрсеткісі келген» (Муқаддәмәтән, 194-б).

Ғалымдардың пікірлерін назарға алатын болсақ, Құранның аяттарын түсіну мәселесі бойынша былай топтастыруға болады:

а) Мағынасы Аллаға тән аяттар,

ә) Мағынасы тағы да уахи жолы арқылы ардақты Пайғамбарға (с.а.с.) тән болған аяттар. Бұлар көбінесе ғибадаттарға және амалға қатысты үкімдерге, бірқатар жасырын нәрселерге қатысты мужмал аяттар. Мұндай бұйрықтар мен үкімдер Құранда берілгенмен, оларды қалай орындау керектігі онда көрсетілмеген. Ардақты Пайғамбардың (с.а.с.) көрсетуінсіз олардағы иләһи мақсатты түсіну мүмкін емес. Мысалы, Құранда анық түрде «намаз оқыңдар» деген бұйрық бар. Нақты емес түрде уақыттарына да ишара жасалған. Алайда біз араб тілінде «дұға жасау» және «аяқ сүйектерін қозғалту» деген мағынаны беретін «салат» сөзінен Хақ Тағаланың нені көздегенін тек ардақты Пайғамбардың сөзі мен әрекетінен түсіне алғанбыз.

Міне, сөздік мағынасы жүрек пен тілдің ісі болған дұға және денелік әрекет болған екі мағынаға келетін «салат» сөзі шариғи тұрғыдан Пайғамбарымыздан (с.а.с.) байқалғаны бойынша жүректік, тілдік, тәндік әрекеттер мен арнайы ережелерден тұратын, өте керемет ғибадаттың атауы болған, ол нәжістен тазару, кірден тазалану, әуретті жабу, уақыт, ниет, құбылға қарау деген алты сыртқы шарты, ифтитах тәкбірі, қиям, қырағат, рукуғ, сәжде, әттәхиятты оқитындай мөлшердегі соңғы отырыс атауымен ішінде жасалатын алты шарт болып, ең аз дегенде он екі парыз, Фатиха, қосымша сүре, рүкіндердің орындалуы, алғашқы отырыс және басқа да бірқатар уәжіптерді, олардан басқа бірқатар сүннеттерді, мұстаһабтарды, әдептерді, мәкрүһтерді және жаман нәрселерді, сосын бес уақыт және жұма секілді парыз, үтір және айт намазы секілді уәжіп және басқа да бекітілген сүннет және бекітілмеген нәпілдер деген түрлері мен бөлімдері бар, оны баяндау фиқыһ кітаптарына тиесілі (Хамди Языр, Хак дини Куран дили, 1/191).

Аталмыш мысалдағы секілді ғибадат пен іс-әрекеттерге қатысты барлық үкімдік аяттарды Пайғамбарымыз орынды тәпсірлеп, егжейтегжейлі түсіндірген. Тақырыптарына қарай топтастырылған хадис жинақтары осы аяттардың ауқымды тәпсірлері болып табылады. Сондай-ақ, насих пен мәнсух, бұйрықтардың нақты түрі, үміттендіру пен сақтандыру бөліміне жататын аяттарда да иләһи мақсатқа хадистер арқылы үкім беріледі.

Мағынасын ардақты Пайғамбар (с.а.с.) ғана білетін аяттар тек ғибадат пен үкімге қатысты аяттар ғана емес. Кейбір жасырын нәрселерге, бірқатар ақыреттік жағдайларға, хабарлар мен қысасқа қатысты мәліметтер де осыған жатады. Бұларға алдағы уақытта мысал келтіретін боламыз.

Міне, мағынасын түсіну өзіне тән болған аяттарды және аяттардан адамдарға жеткізуге жауапты болған иләһи мақсатты Пайғамбарымыз (с.а.с.) баяндаған. Бұл үкімнен тыс жағдайларда әртүрлі себептермен түсіндірген аяттарымен қатар тәпсір жасамаған аяттары да болған. Бірқатар аяттарды түсіндіруге лайықты сөздері бар болғанмен, оларды аяттың жеткілікті тәпсірі деп лайықты тәсілде айтпаған. Алдындағы адамның жағдайына қарай кейде қажеттісін, кейде жемісін беретіндей тәсілмен баяндаған.

Осылайша белгілі бір деңгейге және белгілі бір ғасырға емес, қияметке дейін келетін барлық уақыттардағы бүкіл адамзатқа арналған жалпы иршад кітабы болған Құранды барлық кезде және барлық адам жүрек пен ой-түсінігін қанағаттандыратын мағыналарды түсіну мүмкіндігіне қол жеткізген. Бұл – кейбіреулер ойлағандай Құран үшін бір кемшілік емес, керісінше, мақсатының шарты және мұғжизалық тараптарының бірі. Кейбір анықтамалар бойынша мүтәшәбиһ саналған бұл аяттардың тәуилін Хақ Тағала бәлкім Пайғамбарымызға (с.а.с.) білдірген болар. Алайда мұндай мәселелерде Пайғамбарымыздың нақты сөздер айтпауы, адамдардың Құранның аяттары туралы терең ой жүгіртіп ойлану, ойлау еркіндігін қамтамасыз ету мақсаттарын көздейді.

Бұлардан басқа Кітап пен Сүннетте айтылмаған, білмесең зияны жоқ, білсең амалдық пайдасы жоқ мәселелер де бар. Сахабалар олар туралы сұрамаған. Ибн Аббастан риуаят етілуі бойынша «Ардақты Пайғамбардың (с.а.с.) сахабалары тек өздеріне пайдасы тиетін мәселелерді сұрайтын». Алайда кейбір бірқатар ақыл-санасы төмен адамдар қажетсіз нәрселерді қазбалап, ескі тәпсірлердің біразы қажетсіз тақырыптағы сөздермен толтырылған. Мысалы, «Бақара» сүресінің 73-аятының тәпсірінде «Сиырдың қандай мүшесімен мәйітті ұру керектігі», «Һуд» сүресінің 40-аятының тәпсірінде «Әзірет Нұхпен бірге кемеге мінгендердің қанша адам екені» секілді мәселелер. Табари секілді кейбір тәпсіршілер болса мұндай мәселелерді қаламай, кейде сынай отырып жеткізген.

б) Құранның бірқатар аяттарын түсіну оның аят-аят болып түскеніне куә болған, аяттарға өз әрекеті мен сөзі арқылы тәпсір жасаған Пайғамбарымызбен сөйлескен сахабалардың сөздеріне байланысты. Бұл бөлімге көбінесе аяттың түсу себептері кіреді. Аяттардың түсу себептеріне қатысты риуаяттар сырттай сахабаларға мәуқуф болса да, үкімі мәрфуғ саналады.

в) Ғұламалардың тәпсірлеуге шамасы жеткен аяттар. Расулалла Құранның маңызды бөлімдерін түсіндірумен қатар ғалымдардың ижтиһадтарымен мағынасын ашатын үкімдер мен ішкі мағынасын түсіну қабілетімен ашатын мәселелер көп кездеседі. Ғылымда қабілетті болмаған кейбір адамдардың пікірінше қайшылық және аяттар арасындағы қарама-қайшылық деп саналған мәселелердің ақиқатын баяндау ісі де осы бөлімге кіреді.

г) Араб тілін білетін барлық адамның деңгейіне қарай түсіне алатын мәселелері.

материал «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Құран тәпсірі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: