Сын айтудың өз әдебі бар. Беталды сынай беруге болмайды. Адамның көңілі қымбат дегендей. Мен біреуді сынайтын болсам, мына алгоритмді ұстанамын.
1. Не жетіспейді, нені өзгерту керек, не дұрыс емес, соны айтам.
2. Оның орнына не істеуге болады, қалай өзгертуге болады – ұсыныс айтам.
3. Осы өзгеріс орын алуы үшін өз басым не істей алам?
Мысал келтірейін. Біреу бүкірейіп жүр. Әдетте, біз «бүкіреймей, түзу жүрсей» деп сын айтқан боламыз. Бірақ ойланып көрейікші, бұл сынымыз оны өзгерте ме? Жалпы, біз сынап тұрмыз ба әлде мінеп тұрмыз ба? Жанымыз ашып, көмектескіміз кеп тұр ма? Әлде кемсітіп жатырмыз ба?
Енді жоғарыдағы алгоритмге салып, сын айтып көрейік.
1. «Мен сенің бүкірейіп жүргеніңді жиі байқаймын».
2. «Меніңше, бұның себебі: арқа мен беліңнің бұлшықеттері әлсіз. Соны күшейтуің керек».
3. Осы демалыста базарға барып, саған турник әперейін. Үйде орнатып қоясың да, дайындала бересің.»
Байқасаңыз, бұлайша сын айтуда қамқорлық, жанашырлық бар. Сондай-ақ өзіңіз де бір нәрсе істеуіңіз керек болады. Көбі ештеңе істегісі келмейді ғой. Бұл алгоритмді ұстансаң, сын айтқың да келмей қалатын сияқты. Бастысы, ол адамның көңіліне қаяу түсірмейсіз. Әрине, бұл сын оңашада жұмсақ түрде айтылуы керек. Мұндай сын оның өзгеруіне себеп болады деген үміт бар.
материал «Лайфхактар» кітабынан алынды,
ummet.kz