29
Жұма,
Наурыз

һижри

Мәдинадағы пайғамбар (с.ғ.с) мешітінің тарихы

Мәдинадағы пайғамбар (с.ғ.с) мешітінің тарихы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) Мәдинаға көшіп барысымен дереу мұхажирлар мен ансарлардың басын қосып, бәрі жұмылып, мешіт соқты. Бұл мешіт «Расул мешіті» (Мәсжиду расул), «Қасиетті мешіт» (Масжиду шариф), «Бақыт мешіті» (Масжиду саадат), «Пайғамбар мешіті» (Масжиду набауи) деп те аталуда.

Расулалла хижрет сапарында қысқа бір уақыт Мәдинаның тысындағы Құба ауылында тұрақтаған. Осы уақытта «Құба мешіті» деген атпен белгілі мешіт тұрғызылған болатын. Сол жерден жолға шығып, Мәдинаға барғанда Расулалланы қонақ ету үшін сахабалар бір-бірімен жарысты. Пайғамбарымыз бұның шешімін тауып: «Түйемнің басын бос қоя беріңдер, Алланың әмірімен өзі бір жерге тоқтайды» деді. Түйе біршама жер жүріп барып, екі жетімге тән бір бос орынға шөкті. Осында үйі ең жақын Әба Әюубил Ансари Расулалланың заттарын алып, қуана өз үйіне апарды. Расулалланың түйесі шөккен жердің иесі болып табылатын Нәжжар ұлдарынан Сәхл мен Сүхейіл тегін-ақ сыйға тартқысы келсе де, Расулалла оған көнбей, ақшасын Әбу Бәкірге бергізіп сол жерді сатып алды. Мешіт құрылысын бастарда Расулалланың жанында хазірет Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әлилер (р.а.) болды. Өзі бастап кірпішін қалағаннан кейін, кезегімен жанындағы төрт сахабасына да кірпіш қалатты. Бұл бір жағы өзінен кейінгі әділетті халифалар дәуірінің де негізі қаланғанын білдірді. Исламның алғашқы мекемесі ретінде Набауи мешіті ғибадатхана, саяси мәселелер талқыланатын кеңес, төрелікпен талас шешілетін әрі жасаққа үкім берілетін орын, бірқатар ем-дом жасалатын емхана, сырттан келген елшілер мен қонақтарды күтетін қонақ үй қызметін де атқарған. Бірақ оның ең маңызды ерекшелігі, арт жағындағы Суффа мен Пайғамбарымыздың мешітте қалыптастырған сұқбат алқалары мен ілім орталығы болуы еді. 

Пайғамбар мешіті Меккедегі Харам мешіті мен Йерусалимдегі Ақса мешітінен кейінгі жер бетіндегі мешіттердің ең таңдаулысы. Бұл тұрғыда бірқатар хадистер баршылық. Пайғамбар мешітінде бір орын бар, Расулалла ол жерді жұмақ бақшаларының біріне ұқсатқан. Бұдан бөлек, мінберін де дәл солай сипаттаған.
Бір риуаятта былай делінген: «Расулалла бір құрма діңгегіне сүйеніп, хұтба оқитын. Сахабалардың бірі: «Уа, расулалла, жұма күні жамағат сізді көріп, хұтбаңызды жақсырақ есту үшін сізге бір биіктеу орын дайындасақ» деді. Расулалла келісті. Сөйтіп үш баспалдақты мінбер жасалды. Бұрын сүйеніп хұтба оқыған құрма ағашы болса, түйенің боздағанындай боздап қоя берді. Расулалла оны қолымен сипағанда, дауысы басылды (Бұхари, Жұма, 26). Хасан Басри осы оқиғаны меңзеп: «Ағаш діңгегінің өзі пайғамбарды қимады, ал үмбетінен кейбіреудің Расулға махаббат танытпауы қалай?» - деп ой салған еді.

Сол мінберге шығып Расулалланың былай дегені бар:
«Үйім мен мінберімнің арасы жұмақ бақшаларының бірі, мінберім жұмақ бақшаларының үстінде тұр» (Ахмед ибн Ханбал). Басқа бір хадисте: «Үйім мен мінберімнің арасы жұмақ бақшаларының бірі, мінберім хауызымның үстінде тұр» (Ахмед ибн Ханбал, II, 236).
Мінбер туралы басқа бір хадистерде былай делінген: «Мінберімнің іргесі жұмақтың үстінде» (Нәсаи, Мәсажид, 8).

Бұл хадистер Пайғамбар мешітінің Расулалланың мінберін де қосқанда, мінбері мен үйі арасындағы бөліктің жұмақ бақшаларының бірі үкімінде екендігін үстемелей түсуде. Бұл жерде саналы түрде болған, намаз оқыған немесе басқа да құлшылық жасаған кісі ол істерін жұмақ бақшаларының бірінде жасағандай болып саналады.
Жер бетінде намаз оқу не зиярат мақсатымен сапарға шығуға болатын әйгілі үш мешіттің бірі осы Пайғамбар мешіті. Бір хадисте былай делінген: «Мына үш мешітке (құлшылық үшін) арнайы сапарға шығуға болады. Харам мешіті, Ақса мешіті және менің мешітім» (Бұхари, Фадаилус-салат, 1, 6).

Пайғамбарымыз таң намазын сахабаларымен бірге мешітте оқып, сәскеге дейін сонда болып көпшілікпен әңгімелесетін. Тығыз жұмысы жоқ мұсылмандармен алқа құрап әңгіме-дүкен айтысатын. Бұндай отырыстарда өлең де оқылатын, жахилия кезеңіндегі оқиғалар да талданатын, исламның негіздері мен адами құндылықтар туралы мәліметтер берілетін. Кейде Расулалла (с.а.у.): «Араларыңызда бүгін түс көргендеріңіз бар ма?» - деп  түс көргендер болса, жорып барып сөз бастайтын.

Нәбәуи мешітінде оқылған намаз басқа мешіттерде оқылған намаздардан көп артықшылыққа ие. Сағыд ибн Әбу Уаққастан (р.а.) Расулалланың былай дегені риуаят етілген: «Мешітімде оқылған намаз Харам мешітінен бөлек басқа мешіттерде оқылған мың рәкаттық намаздан да қайырлы» (Ахмед ибн Ханбал, I,184). Басқа бір риуаятта: «Одан да көп артықшылыққа ие» (Нәсаи, Мәсжид, 4) делінген.

Осы себепті қажылық өтеу үшін сол қасиетті орындарға барғандар біршама уақыт Мәдинада болып, Нәбәуи мешітінде құлшылық жасап, сауап алып қалуға тырысады.
Кейінгі ғасырларда мұсылман басшылар кейде алыстан арнайы келгенде, бірден мешітке бара қоймай, маңайда шатыр тігіп, құлшылықтарын сонда өтеп, біршама уақыт дайындық жасайтын болған. Кейде түс көріп, Расулалла рұқсат еткендей болғанда ғана барғандары кездескен екен. Жалпы алғанда, намаздан тыс басқа да игі амалдар үшін Нәбәуи мешіті қасиетті орын. Ол жерде жасалған құлшылықтарға еселеп сауап жазылады. Расулалла (с.а.у.) Харам мешіті мен Ақса мешітінің жанында өз мешітінің қасиетін білдіру үшін былай деген: «Мен пайғамбарлардың соңғысымын. Мешітім де (қасиетті) мешіттердің соңғысы» (Нәсаи, Мәсажид, 7). Бұл хадистер айтылған осы үш мешіттің тысында соғылған ешбір мешіттің басқалардан айырмашылығы болмайтынын және тек осы үш мешіттің ғана ерекше артықшылыққа ие екенін ұқтыруда.

материал «Ислами таным» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: