10
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Алла Елшісі (с.а.с) өзге діндердің кітаптарын оқыған ба?

Алла Елшісі (с.а.с) өзге діндердің кітаптарын оқыған ба?

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) кісіден сабақ алмағанына Құран Кәрімде дәлел жетіп артылады. Заманаға үстемдігін жүргізетін, сансыз мұғжизасы танылған, ешбір адам тарабынан сынға ұшырамаған, мінсіздігі жұртты еріксіз таңдандырған Құран Кәрімді Пайғамбарымыз (с.а.с.) «қараңғылық» деген заманда өмір сүрген меккеліктерден үйренді деу ақылға қонымсыз.

Оның үстіне бұл қасиетті кітап түспей тұрып, Расулалланың (с.а.с.) ешкімнен сабақ алмағаны айдан анық. «Мұхаммед Құранды біреуден үйренді» деген күмәннің ерте ме, кеш пе айтылатынын білген Алла Тағала сүйікті Елшісін (с.а.с.) Ұлы баянында «үмми» деп анық айтқан. Егер Құранды әлдебір жерден көшіріп алса, меккеліктер онымен соғысып жатпай, өздерінше тағы бір «Құран» жасап алмас па еді. Құранға тең келер сөз айта алмай, ақиқаттың өздеріне жақ емес екенін білгеннен кейін амалдары таусылып қару ала жүгірген жоқ па?! Жиырма үш жыл бойы мұсылмандар ел-елді өздеріне қаратып жатқанда мүшріктер Исламды қаралайтын ештеңе таба алмай, жала жабу мен айдап салудан әрі аса алмады. Білек түріп қанша жерден тыраштанса да, көп ұзамай істерінің бос әурешілік екенін түсініп, мойындауға мәжбүр болып жатты. Демек, Пайғамбарымыз Құранды басқа емес, Алладан жеткізген Жәбірейіл періштенің (а.с.) өзінен үйренгені сөзсіз.

Алла расулы (с.а.с.) яһудилерден де, христиандардан да бірде-бір мәлімет үйренген емес. Ешқайсынан ілімалып, ешқандай дін өкілінен тәрбие көрмеген. Олардан барып ештеңе сұрамаған, керісінше, кітап иелері Пайғамбарымыз (с.а.с.) туралы кеңірек сұрастыратын. Меккедегі Уарақа ибн Нәуфалдың айтқандары, Шамға жол жүріп бара жатқанда кездескен адамдардың әңгіме еткендері де осының айғағы. Осы сынды бір-екі кездесумен мәңгілік мұғжиза Құранды жазып шығу мүмкін бе?

Тағы бір маңызды дәлел: Құранда христиандықты да, яһудилікті де, шіркті де сөгетін бірнеше аяттар бар. Кітап иелерінің жасаған бұрмалауларын соқырға таяқ ұстатқандай етіп ашып көрсетеді. Егер Пайғамбарымыз (с.а.с.) жоғарыда аталған жалған дін өкілдерінің бірінен сабақ алған десек, онда Құранда олардың сенімдерін сөгетін аяттар кездеспес еді.

материал «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жайында 111 сұрақ» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: