26
Жұма,
Сәуір

һижри

Алла Елшісіне (с.ғ.с) қатысты әдептер

Алла Елшісіне (с.ғ.с) қатысты әдептер

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көзі тірісінде-ақ Алла Тағала Құран аяттары арқылы сахабаларға ол кісіге қатысты әдептерді үйретіп отырған.

«Хужурат» сүресінің алғашқы аятында Алла Тағала: «Уа, иман еткендер! Алладан әрі Елшісінен ілгері кетпеңдер. Әрі Алладан қорқыңдар. Шүбәсіз, Алла аса естуші, толық білуші», – деп бұйырған. Ибн Аббас (Алла разы болсын) аталмыш аяттағы: «Алладан әрі Елшісінен ілгері кетпеңдер» дегенді Алланың кітабы мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)  сүннетінің алдына шығып кетпеңдер, қайшы келмеңдер деп түсіндірген.

Имам Қуртуби: «Ендеше кімде-кім сөзде, істе Алла елшісінен (с.ғ.с)  ілгері кетсе, онда ол Алла Тағаладан ілгері кеткен болады. Себебі Пайғамбар (с.ғ.с)  Алла Тағаланың әмір еткенін ғана сөйлейді», – дейді.

Алла елшісі (с.ғ.с)  әкелген хабарларға сену

Алла Тағала Құранда: «Шүбәсіз, бұл сендердің сөйлегендерің сияқты рас», – деген («Зарият» сүресі, 2-аят). Адам өз сөйлегеніне күмән келтірмейді. Сол сияқты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)  айтқандарына да еш күмән келтірмеуі керек. Алла елшісі (с.ғ.с) Раббысының оның көкейіне салғанын ғана жеткізуші: «Ол өз ойынан сөйлемейді. Сөйлегені көкейіне салынған уахи ғана» («Нәжм» сүресі, 3-4-аяттар).

Алла елшісінің (с.ғ.с) бұйырғандарын орындау

Пайғамбарға (с.ғ.с) бағынуға қатысты Алла Тағала «Нұр» сүресінде: «Аллаға, Пайғамбарына бағын де. Егер бағынудан бет бұрсаңдар, шын мәнінде, Пайғамбар өзіне жүктелгенге, сендер өздеріңе жүктелгенге міндеттісіңдер. Ал егер Пайғамбарға бойұсынсаңдар, тура жол табасыңдар. Сондай-ақ Пайғамбарға ашық түрде жалғастыру ғана міндет», – деген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Менің үмбетімнің бас тартқандарынан өзгесінің барлығы жәннатқа кіреді», – дейді. Сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Сонда кім бас тартады?» – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Кімде-кім маған бойұсынса, ол жәннатқа кіреді, ал кімде-кім маған қарсы шықса, онда ол бас тартқаны», – дейді (Бухари).

Алла елшісін (с.ғ.с)  жақсы көру

Мұсылманның махаббаты, ең біріншіден, оны жоқтан бар еткен Алла Тағалаға, одан кейін адамзатқа Жаратушысын танытқан Пайғамбарға (с.ғ.с)  арналуы тиіс. Алла Тағала Құранда: «Пайғамбар мүміндерге өздерінен артық», – деген («Ахзаб» сүресі, 6-аят).

Алла елшісін (с.ғ.с) жақсы көру – иманның кемелдігінің көрінісі. Хадисте: «Кімде-кім мені әкесінен, баласынан және бүкіл адамдардан артық жақсы көрмейінше, кәміл иман еткен болып саналмайды», – деп айтылған (Бухари).

Алла елшісін (с.ғ.с) үлгі тұту

Өзін мұсылман санайтын әрбір жан өзінің өмірінде, мінез-құлқында, Құдайға қылатын құлшылығы мен дүние тіршілігінде Алла елшісін (с.ғ.с)  үлгі тұтуы қажет. Алла Тағала Құранда: «Расында, сендер үшін Алланы да, ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың елшісінде көркем өнегелер бар», – деген («Ахзаб» сүресі, 21-аят).

Мұсылман адам әр ісінде Пайғамбарды (с.ғ.с)  үлгі тұтып, басына қандай да бір іс түскенде, ашу қысқанда, адамдармен қарым-қатынаста, шешім қабылдарда өзіне «Менің орнымда Алла елшісі болса не істер еді?» деген сұрақты қоятын болса, дұрыс жолын табатыны сөзсіз.

Алла елшісіне (с.ғ.с) салауат айту

Құранда Алла Тағала Пайғамбарына (с.ғ.с)  салауат айтуымызды бұйырып былай дейді: «Расында, Алла Пайғамбарға рахмет етеді. Періштелер салауат айтады. Уа, иман еткендер! Оған салауат пен сәлем жолдаңдар» («Ахзаб» сүресі, 56-аят).

«Салауат» дұға мағынасында қолданылады. Ғалымдар Алла Тағаланың салауаты – Оның рахметі мен разылығы, періштелердің салауаты – дұға мен кешірім тілеу, ал үмбетінің салауаты – дұға екенін айтқан («Тафсирул Қуртуби», 17-том, 214-бет).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  өзіне салауат айтудың артықшылығы жайлы: «Кім маған бір рет салауат айтса, Алла оған он рет салауат айтады», – деп айтқан (Муслим, Әбу Дәуід, Насаи, Тирмизи).

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)  есімін айтқанда не естігенде ғана емес, ол кісінің есімін жазған уақытта да салауат сөздерін жазу қажет болады.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)  сүннетін тірілту

Сүннет – Алла елшісінен (с.ғ.с)  жеткен оның барлық сөздері, іс-әрекеттері мен құптаулары. Пайғамбар (с.ғ.с)  сүннеті Құраннан кейінгі шариғаттың екінші қайнар көзі болып табылады. Құранның ең басты тәпсірі – Пайғамбар (с.ғ.с) сүннеті.

материал «Әз Пайғамбар хақ жолы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: