11
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбар (с.ғ.с) мен сахабалардың аштықтан қарынға тас байлауы

Пайғамбар (с.ғ.с) мен сахабалардың аштықтан қарынға тас байлауы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Әбу Талха (р.а.) айтады: «Бірде аштықтан бұратылып, алдына келіп, жағдайымызды айттық. Тіпті сенбей қоятындай көйлегімізді түріп, қарнымызға не байлап алғанымызды көрсеттік. Сонда Пайғамбарымыз да бізге киімін түріп көрсетті. Өзі бір емес екі тас байлап алған екен».

Ибн Бужәйр (р.а.) айтады: «Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с.) аштықтан қарнына тас байлап алған екен, бізге былай деді: «Сөзімді мұқият тыңдаңдар. Дүниеде ішкені алдында, ішпегені артында талай адам бар, олар қиямет күні аш, жалаңаш қалады. Жақсылап тыңдаңдар. Талай адам ішіп-жегеніне мәз, тәнқұмарлығын күйттеп, өзімді жарылқадым деп ойлайды, шын мәнінде, олар өздеріне өздері қиянат жасап жүргенін білмейді. Ал нәпсінің айтқанына жүріп, айдауына көнбегендер түбі жақсылыққа кенеледі». Айша (р.а.) анамыз Пайғамбарымыз (с.а.с.) өмірден өткеннен кейін тоқшылық орнап, тоғышарлық белең алғанын айтады: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) арамыздан кеткеннен кейін, оның үмбетінің арасында байқалған алғашқы нәубет ит басына іркіт төгілген ас та төк молшылық болды. Мұсылмандардың қарны тоқ, көйлегі көк, уайымсыз-қайғысыз өмірден бар есіл-дерті дүниеге ауып, күннен-күнге көздеріне шел бітіп, жақсылық пен жамандықты айырудан қалды».

Пайғамбар мен оның отбасының, Әбу Бәкір мен Омардың аштық азабын тартуы

Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Бір күні Әбу Бәкір (р.а.) аптап ыстыққа қарамай Пайғамбарымыздың мешітіне тартады. Әбу Бәкірдің келгенін естіген Омар (р.а.): «Уа, Әбу Бәкір, күн жанып тұрғанда, көшеге шыққаның қалай?» – деп сұрады. Әбу Бәкір (р.а.) өзін мұнда өзегін талдырған аштықтың айдап келгенін, тіске сыздық табылар деген үмітпен сыртқа шыққанын айтады. Омар да өзінің басындағы күйдің осы екенін айтады. Олар осылай сөйлесіп тұрғанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.) көрінеді. «Қарғаның миы қайнайтын мына ыстықта не істеп жүрсіңдер?» – дейді. Олар көшеге өздерін аштықтың дедектетіп алып шыққанын айтқанда, Нәбиалла: «Аллаға ант етемін, мен де осы себепті сыртқа шықтым. Жүргенге жөргем ілінеді, кеттік», – дейді. Олар Әбу Әйюб әл-Ансаридің (р.а.) есігін қағады. Әбу Әйюбтің әрдайым Пайғамбарымызға тамақ не сүт алып қоятын әдеті бар еді. Алла расулы сол күні күндегі уақытында келмеген соң, оған деп сақтаған тамақты балаларына беріп, өзі шаруамен айналып құрма бауына кеткен болатын. Есікті Әбу Әйюбтің әйелі ашып: «Қош келдіңіздер!» – дейді. Алла расулы (с.а.с.): «Әбу Әйюб қайда?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыздың даусын естіген Әбу Әйюб (р.а.) құрма бауынан жүгіріп келіп «Қош келдіңіздер! Уа, Расулалла, мұндай уақытта келмеуші едіңіз, тыныштық па?» – дейді. Алла расулының не мақсатпен келгенін айтқызбай ұққан Әбу Әйюб (р.а.) бау-бақшасынан шырыны сыртқа теуіп, толысып піскені бар, әлі піспегені бар құрма сабағын әкеледі. Расулалла: «Сонша әуре болғаның не, бізге кепкен құрма да жететін еді ғой», – дейді. Әбу Әйюб: «Уа, расулалла, әр түрін татып көргендеріңізді қаладым. Отыра тұрыңыздар, өздеріңізге арнап мал соямын», – дейді. Алла расулы: «Олай болса, сауынды малды сойып қойып жүрме», – деп ескертеді. Әбу Әйюб (р.а.) ұрғашы лақ, басқа риуаят бойынша еркек лақ сояды. Әбу Әйюб лақтың жартысын асып, жартысын қақтайды. Буы бұрқыраған асты Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен жолдастарының алдына қойғанда, Алла расулы бір жапырақ етті нанның үстіне қойып: «Әбу Әйюб, мынаны қызым Фатимаға беріп жіберші. Ол мұндай тамақты жемегелі қашан?» – дейді.

Әбу Әйюб (р.а.) Фатиманың сыбағасын баласынан беріп жібереді. Ас желініп, қарын тойғаннан кейін, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Нан, ет, кепкен құрма, жас құрма, піскен құрма», – дейді де, көзіне жас алып: «Аллаға ант етемін, күмәнсіз, қиямет күні осы нығметтерден есепке тартыласыңдар», – дейді. Бұл сөзі сахабаларына ауыр тигенін біліп: «Осындай нығметтерді қолдарыңа алғанда «бисмилләһ» деңдер. Тойған кездеріңде «Бізді аштық азабынан құтқарған, бізге нығмет берген және артығымен берген Аллаға шүкіршілік айтамын» деңдер. Шүкір ету арқылы Аллаһқа алғыстарыңды білдіре аласыңдар», – дейді. Сосын Алла расулы Әбу Әйюбқа: «Ертең бізге кел», – дейді өзіне жақсылық жасаған адамның қолын құр қайтармайтын әдетіне салып. Әбу Әйюб (р.а.) күйбеңдеп жүріп Алла расулының не дегенін естімей қалады. Омар (р.а.) оған Расулалланың оны ертең өзіне шақырғанын жеткізеді. Ертеңіне Әбу Әйюбке Алла расулы бір күңді тарту етіп тұрып: «Әбу Әйюб, оны ренжітіп алып жүрме, біз одан тек жақсылық қана көрдік», – дейді. Әбу Әйюб ол күңді азат етеді.

Сағыд ибн Әбу Уаққастың аштықтан қиналуы

Сағыд ибн Әбу Уаққас (р.а.) айтады: «Пайғамбармен (с.а.с.) бірге Меккеде күн көріс тауқыметін шектік. Жоқшылыққа бойымыз үйреніп те кеткен еді. Енді сол Алла расулымен бірге өткізген Меккедегі күндерді жиі еске аламын. Бірде түнде дәрет сындыруға шыққанымда дәретімнің жерде бір нәрсеге тигенін көрдім. Қарасам түйенің кепкен терісі екен. Оны алып жуып, отқа қақтап, сонан соң тастың арасына салып үгітіп жеп, артынан су іштім. Сөйтіп осы теріні үш күн бойы азық қылдым». Ол тағы былай дейді: «Алла жолында оқ атқан алғашқы араб мен болдым. Пайғамбарымызбен (с.а.с.) бірге соғысқа шыққанымызда сағыз ағашының жемісі мен жапырақтарынан басқа жейтін ештеңе болмағандықтан, қойлар секілді құмалақ тастайтынбыз».

Әбу Һұрайраның аштықтан ішіне тас байлап алуы

Әбу Һұрайра (р.а.) айтады: «Уаллаһи, аштықтан жерге сүйретіліп, аяғымды зорға басып, ішіме тас байлап алатынмын. Бір күні халық көп жүретін бір жерге барып отырғанымда, Әбу Бәкір (р.а.) қасымнан өтті. Мені ертіп алар, үйіне қонақ етер деген дәмемен сәл кідіртіп, одан бір аят жөнінде сұрақ сұрадым, бірақ ол мені өзіне ертпеді. Сосын Омар (р.а.) өтіп бара жатты. Одан да әлгіндей мақсатпен Құраннан аят сұрадым. Ол да мені шақыра қоймады. Сол кезде Расулалла (с.а.с.) жанымнан өтті. Ол менің сөзімнің астарын түсініп: «Әбу Һұрайра! Менімен жүр, үйге барайық», – деді. Үйіне барып, рұқсат алып, ішке кіргенімде, бір шыныаяқ сүтті көзім шалды. Расулаллаһ үйіндегілерден бұл сүттің қайдан келгенін сұрады. Олар сүтті біреудің беріп кеткенін айтты. Алла расулы: «Әба Һирр! Сен барып суффалықтарды да шақырып кел», – деді. Суффа сахабалары Исламның қадірлі қонақтары болатын. Олардың бала-шағалары да, дүние-мүліктері де жоқ еді. Пайғамбарымыз өзіне берілген сыйлықтың бір бөлігін өзі алып, қалғанын соларға жіберетін. Садақа келсе, барлығын соларға жіберіп, садақаға қолын да тигізбейтін. Расулалланың оларды шақырғанына мен іштей ренжіген едім. Өйткені, сүтті ішіп, бір тойып қалатын болдым-ау деп ойлағанмын. Ішімнен: «Сүтті келген жамағатқа берсем, мен не ішем?! Бірақ, Алла мен расулына бағынуым керек», – деп күбірледім. Барып суффадағыларды шақырып келдім. Олар келіп, ішке кіруге рұқсат сұрады. Рұқсат алғаннан кейін отырып, жайғасты. Сосын Алла расулы: «Әба Һирр, оларға шыныаяқты толтырып сүт бер», – деді. Мен ыдысты қолыма алып, кезекпен сүт бере бастадым. Олар сүттен тойғанынша ішіп, ыдысты қайтадан өзіме қайтарып беріп отырды. Осылайша соңғы адамға дейін сүтті аралатып шықтым. Ең соңында ыдысты Пайғамбарымызға бердім. Ыдысты қолына алғанда ішінде біраз сүт қалған еді. Басын көтеріп маған қарап күлімсіреп: «Әй, Әба Һирр! Сен екеуміз қалдық», – деді. «Иә, мен әлі ішкен жоқпын», – дедім. Ол: «Отыр, сен де іш», – деді. Мен отырып сүтті іштім. Сосын ол «Тағы да іш» деп бірнеше рет қайталады. Ақырында, мен: «Жетеді, сені хақ дінмен жіберген Раббыма ант етемін, әбден тойдым», – дегеннен кейін шыныаяқты алып, қалған сүтті өзі ішті. Тағы бірде үш күн бойы нәр татпаған болатынмын. Суффаға барамын деп шығып, аштықтан құлап-сүрініп әзер жеттім. Көшедегі балалар бұл түрімді көріп: «Әбу Һұрайра жынданыпты», – деп мазақ етісіп жатты. Мен оларға: «Өздерің жындысыңдар», – дедім де суффаға бардым. Қарасам, Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзіне сыйға тартылған екі ыдыстағы тамақты әкеліп, қонақтарына беріп жатыр, ал әлгілер жеп отыр екен. Мені де шақырып қалар деген үмітпен мойнымды созып, Алла расулына көрінуге тырыстым. Жамағат орындарынан тұрған кезде, ыдыстарында тамақтың жұғынынан басқа ештеңе қалмапты. Алла расулы соларды жинап, маған «Қане, «бисмилләһ» деп же», – деді. Аллаға ант етемін, соны жеп, қарным тойды».

Ибн Сирин айтады: «Бір күні Әбу Һұрайраның (р.а.) қасында едік. Үстінде қызыл түсті екі бөлек зығыр киімі бар екен. Олардың бірімен мұрнын сүртті де: «Апырай, Әбу Һұрайраға қарасаңшы! Мұрнын зығырмен сүртеді. Уаллаһи, сол сәттерімді еске аламын, Пайғамбарымыздың мінбері мен Айшаның (р.а.) бөлмесі арасында есімнен танып, етбетіммен жерге құлайтынмын. Көргендер келіп мойнымды аяғымен басып көріп, мені ауру деп ойлайтын. Алайда менің естен тануымның себебі аштық болатын», – деді. Әбу Һұрайраның осы жағдайы туралы мынадай дерек те бар: «Уаллаһи басымнан мынадай жағдай өткен еді. Мен Аффанның баласы мен Ғаузанның қызына тамақ пен аяқ киім үшін қызметшілік жасадым. Бір жерге баратын кезде мінетін малдарын айдап, үйлерінде жоқ кезде, үй жұмыстарын істейтінмін. Ғаузанның қызы бір күні маған: «Түйені судың басына жалаңаяқ апарып, қайтарда шөктірмей мінетін бол» деді. Кейіннен Алла маған осы әйелге үйленуді нәсіп етті. Қазір енді мен оған: «Түйені судың басына жалаңаяқ апарып, шөктірмей мін», – дейтін болдым.

Әбу Бәкірдің (р.а.) қызы Әсманың аштыққа тап болуы

Әсма (р.а.) айтады: «Бір күні Пайғамбарымыздың Бәни Надир алқабынан Әбу Сәләма мен Зубәйрге бөліп берген жеріне барған болатынмын. Зубәйр Алла расулымен бірге шығып кеткен еді. Бір яһуди көршіміз бар болатын, сол қой сойып, ет пісіріп жатыр екен. Еттің иісі аңқып, жегім келіп, аңсарым ауды. Әлі есімде, қызым Хадишаға жүкті кезім. Шыдай алмай, «Бәлкім, маған да берер» деген оймен оттық алуды сылтау қылып, яһудидің әйеліне бардым. Негізінде, маған оттық керек емес еді. Еттің өзін көргенде, сілекейім ағып кетті. Алған оттықты сөндіріп, тағы да барып сұрадым. Сөйтіп, үшінші рет оттық сұрап барғанда, шыдай алмай жылап, Аллаға дұға еттім. Кейіннен яһуди әйелдің күйеуі үйіне келіп, әйелінен: «Үйге біреу келді ме?» – деп сұрапты. Әйел: «Бір араб әйел келіп, оттық сұрады», – депті. Күйеуі: «Сол әйелге мына еттен жібермейінше, етті аузыма алмаймын», – депті. Сөйтіп, олар маған ет беріп жіберді. Қатты қуанғаным соншалық – жер бетінде мен үшін сол еттен дәмді еш нәрсе жоқтай болып көрінді».

материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: