21
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Асау сезім

Асау сезім

Мақалалар
Жарнама

Алла Тағала адам баласына кәмілдік жолында өсу үшін ақыл, сана, сезім, түйсік сияқты құралдар берген. Қай-қайсысын болмасын орнымен қолдана білген кісі ұтады.

Дегенмен бойдағы сезімнің кейде ақылға тізгін бермейтін, басқаруға көне қоймайтын кезеңдері болады. Сондай асау сезімнің бірі – ашу. Ақиқат жолынан басқа жағдайдағы ашу шайтанның ызаны қоздыруынан болып саналады. Сондықтан ашу қысқан адам шайтанның азғыруынан Алла Тағаладан пана тілеуі қажет. Ашудың асқынған түрі –  кек алу немесе есе қайтару ойымен жүректегі қанның қайнауы.

Ашу тақырыбында азды-көпті біршама тарқатып жазылды және айтылды. Сондықтан назарларыңызға ашуға қатысты нақты дереккөздерден келтірілген ақпараттарды ұсынамын:

Құран аяттары:

«Бұлар өздерін қандай жаман нәрсеге сатып, пида қылды! Алланың құлдарынан қалағанына өз рақымымен (пайғамбарлық міндетін жүктеп) Кітап түсіргенін көре алмай, Алланың түсіргеніне қарсы келіп, қаһар (ашу) үстіне қаһарға ұшырады. Кәпірлер үшін оларды қор қылатын азап бар». «Бақара» сүресі, 90-аят.

«Кімде-кім сондай (жауапты) күнде басқа жаққа қарай ойысып, қайта шабуыл жасауды немесе өзге жасаққа қосылуды көздемей, оларға ту сыртын беріп тұра қашатын болса, шүбәсіз, Алланың қаһарына (ашуына) ұшырайды һәм ақыр соңында барар жері жаһаннам болады. Ол қандай жаман ақырғы тұрақ! Қандай жаман барар жер!» «Әнфәл» сүресі, 16-аят.

«Сондай-ақ Алла жайлы үнемі жаман ойда жүретін мұнафық ерлер мен мұнафық әйелдердің және мүшрік ерлер мен мүшрік әйелдердің сазайын беру үшін (Алла мүміндердің жүрегін орнықтырды). (Олардың мүміндерге тілеген) жамандықтары өздеріне бәле болып жабыссын! Алла оларға қатты ашуланды һәм рақымынан аластады және олар үшін жаһаннамды дайындап қойды. Олардың ақыры мен барар жері қандай жаман еді!» «Фатх» сүресі, 6-аят.

Хадистер:

Әбу Һурайра (р.а.) риуаяты: «Біреуді жыққан мықты емес, шын мықты ашу үстінде өзін ұстай білген адам» (Бұхари, Муслим).

Әбу Һурайра (р.а.) риуаяты: «Бір кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) маған өсиет (ақыл-кеңес) беріңізші, -деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ашуланба», - деді. Осы сөзін бірнеше рет қайталады: «Ашуланба» (Бұхари).

Сулайман бин Сард (р.а.) риуаяты: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында екі кісі сөзге келіп қалды. Біреуі ашуланып, жүзі қызарып, мойындарының тамырлары көріне бастады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған қарады да: «Мен бір сөзді білемін, оны айтатын болса ашу кетеді: әғузу билләһи минәш-шайтонир ражим», - деді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл сөзін естіген кісі ашуланған адамға барып: Алла Елшісі қазір ғана не айтқанын білесің бе?,  -деді. Ол: жоқ, - деді. Ол кісі: «Пайғамбарымыз: «Мен бір сөзді білемін, оны айтатын болса ашу кетеді: әғузу билләһи минәш-шайтонир ражим», деп айтты, - деді. Сонда ол кісі: «Мені жынды көріп тұрсың ба?», - деген екен. (Мұттафақун алейһи)

Ибн Масғұд (р.а.) риуаяты: «Сендер мықты деп кімді санайсыңдар?», - деді. Біз: «Ол ешкім жыға алмайтын адам», - дедік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мықты ол емес. Мықты ашу үстінде өзін ұстай алатын адам», - деп айтты. (Муслим)

Мұғаз бин Әнас (р.а.) риуаяты: «Кімде-кім есесін алуға күш-қайраты жете тұра, ашуын баса білсе, Алла Тағала оны ақыретте барлық жұрттың алдына шақырып, қалағанынша хор қызын таңдауға мүмкіндік береді», - деген. (Әбу Дауд, Тирмизи)

Ізгілер сөзі:

Омар бин Хаттаб (р.а.): «Сендердің ішіңнен  дәметуден, құмарлықтан және ашудан сақтанған адам жетістікке жетеді», - деген.

Абдулла бин Масғұд (р.а.): «Кісінің жұмсақтығын ашу кезінде байқа, аманатшылдығын дәметкен кезінде байқа. Ол ашуланбаса жұмсақтығын қайдан білесің? Дәмеленбесе аманатшылдығын қайдан білесің?», - деген екен.

Лұқман Хәкім баласына: «Балам, үш адам тек үш жағдайда білінеді: Жұмсақ ашу үстінде ғана танылады. Батыл соғыста ғана танылады.  Бауыр қиыншылық кезде танылады».

Даналар: «Ашудан сақ болыңдар. Ашу иманды, сірке балды бұзғандай құртады».

Қисса:

1. Бәр бәдәуи мұсылмандар әміршісі Омар ибн Хаттабтың (р.а.) құзырына кіріп келіп: «Ей, Омар! сен әділ төрелікті етпейсің, жұртқа теңдей бөлмейсің», - деді. Омар орнынан атып тұрды. Екі көзі от боп кетті. Мойын тамырлары одырайып шығып кетті. Бәдәуиді ұрмақ болғанда жанындағы біреу: «Уа, мұсылмандар әміршісі! Алла Тағаланың «Сен сонда да кешірімді бол, жақсылықты бұйыр, сауапты һәм пайдалы істер істе. Ондай надандардан сырт айнал, олардың қылықтары мен сөздерін көңіліңе алма (наданмен надан болма)» деген (Ағраф сүресі, 199-аят) сөзіне құлақ салыңыз. Міне, бұл адам сондай надандардың бірі», -дейді. Омар (р.а.): «Дұрыс айтасың», - деді -  «Бейне бір от болғандай еді, енді сөнді».

2. Құрайыш руынан бір кісі халифа Омар бин Абдулазизға ауыр сөздер айтты. Халифа біршама уақыт тұрып қалды. Сосын былай деді: «Мен шайтан мені азғырып, қолымдағы билікті пайдаланып саған күш көрсетуімді, есесіне ертең қияметте менен есе алуды қалап тұрсың ба?»,-деді де, сосын: «Алла рақымына бөлесін, жөніңе кет», - деді.

Халық даналығы:

Ашу түбі – кейіс,

Ақыл түбі – кеніш.

 

Досың аз, дұшпаның көп болса – зор боласың,

Ақылың аз, ашуың көп болса – қор боласың.

 

Ас тасыса, қатығы төгілер,

Ашу тасыса, ақылы төгілер.

 

Анадан артық дос бар ма?

Ашудан артық қас бар ма?

 

Ақылы аздың – ашуы көп,

Таяз судың тасуы көп.

Ербол АБДУАХИТҰЛЫ

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: