05
Жексенбі,
Мамыр

һижри

Ұлт пен дін

Мақалалар
Жарнама

Соңғы жүз жылдықта мұсылман әлемінде ұлт пен діннің қайсысын жоғары қою керек деген мәселе ортаға шықты. Бұл шетін мәселені кім ұйымдастырса да асқан қулықпен ортаға қойғаны айтпаса да түсінікті. Себебі, осы нәзік мәселенің әсерінен айрандай ұйып отырған тұтас мұсылман үмбеті жік-жікке бөлініп, тілім-тілім болып ыдырады. Сыртқы күштер ұлтшылдықты қоздырумен мұсылман қауымының басына қара түнек орнатты. Сонымен, Құран мен хадиске һәм тарихқа жүгініп, ұлт пен дін тақырыбын тарқатып айтып көрсек.

 

Дініміздің ең басты қайнар-көзі Құран Кәрімде ұлтқа қатысты не айтылған? Алла Тағала өз кәламында: «Әй адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» (Хұжұрат 13) деп бұйырған.

Құран Кәрімдегі ұлтқа қатысты бұл аятты тәпсіршілер былайша ашықтаған:

Біріншіден, барша адам баласы бір әке мен бір шешеден тараған туыс саналады. Ендеше, тектік һәм қандық тұрғыдан алғанда бір әке мен бір шешеден тараған ұрпақтың бірінен-бірін үстем санауы астамшылыққа жатады. Себебі, олар бір ұрықтан бүр жарып отыр. Оны аяттағы: «...Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық...» деген Құдай сөзі растауда.

Екіншіден, Хақ Тағаланың адамзатты ұлттарға бөліп жаратуының хикметі – олар мына өмірде бір-біріне бәсекелес болып, соңынан бұл бәсекелестігі дұшпандыққа ұлассын деп жаратқан емес. Керісінше бір-бірінің Адам ата мен Хауа ананың ұрпағы екенін танып біліп, бір-біріне қол ұшын созсын деп жаратқан. Оны аяттағы: «...бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық..» деген жолдар әйгілеуде.

Үшіншіден, Алланың құзырында дін үшін жансебіл рухта күрескен, күнәдан бойын аулақ ұстап, дәйім құлшылық қылған, махаббатын Хаққа арнаған адамдар жоғары тұрады. Дәл сол секілді қайсы ұлт көбірек тахуа – Алланың дәргейінде сол ұлттың мәртебесі жоғары тұрады. Яғни, артықшылық руханиятпен өлшенеді. Жоғарыдағы аяттағы: «...Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың...» деген жолдар осыны меңзеуде.

Жалпы, Құран-Кәрімге түсіндірме жазған Имам Құртуби, Имам Табари, ибн Кәсир, Әбу Ләйс ас-Самарханди, Фахруддин әр-Рази, Әбу Хайиан әл-Андалуси, әл-Байдауи, Әбу Баракат ан-Насафи және т.б. тәпсірші-ғұламалардың жоғарыдағы аятқа көзқарастары осы үш мәселенің төңірегінде өрбиді. 

Ал, Алла Елшісінің (с.а.у) ұлтқа қатысты хадис-шарфитеріне келетін болсақ, жоғарыдағы аяттың аясынан шықпаған. Мысалы, Хақ Елшісі (с.а.у) бір хадис-шарифінде: «Нәсілшілдікті қоздырған жаһил болып өлген болып есептеледі...» дейді. Яғни, ұлтшылдықты ұран қылғандардың иман дәрежесінің тым төмен болатынын ескертеді.

Хақ Елшісінің (с.а.у) ұлтқа қатысты кеңінен баян қылған хадис-шарифі «Қоштасу құтпасы» болып табылады. Онда:

«Алла жалғыз, бәріміз Адам атаның ұрпағымыз, ал Адам топырақтан жаратылған. Алла назарында құрметке лайық жан – Одан ең көп қорқатын адам. Арабтың араб емеске үстемдігі жоқ. Адамдар бір-бірінен тақуа дәрежесіне қарай үстем бола алады» дейді.

Яғни, Алла Елшісі (с.а.у) «Қоштасу құтпасында» арабтардың өзіне «Құран біздің тілде түсті, соңғы пайғамбар бізден шықты» деп дандайсуға болмайтыны қатаң ескерткен

Хақ Елшісі (с.а.у) ұлттық тақырыпта әуелі Алланың кітабы негізге алынатынын: «Басыңызға құлағы тесік хабашстандық қап-қара құл имам болып тағайындалып, ол Алланың Құранымен басшылық жасаса, оған мойынсұныңыз» (Ибн Мажа, Жиһад) деп ескертіп, ұлтшылдықтың шегін айырған.

Тегі, Пайғамбарымыз (с.а.у) дәуірінде ұлт пен нәсілге бөлінушілікке жол берілген жоқ. Бұл жағдай хз. Әли кезеңіне дейін жалғасын тапты. Алайда, кемеңгер халифтердің дәуірінен кейін мұсылмандар арасында ұлт пен нәсілге бөлінушілік  пайда болды. Алғашқы бұлғақ кезіндегі хашимиттер мен омаяттардың өзара бәсекелестігі және харижидтер мен басқа топтар арасындағы ымырасыздық ұлт пен нәсілшілдікке бөлінушілікке елеулі ықпал етті. Ирандағы шииттік ағымдардың пайда болуынан да парсы ұлтшылдығының элементтерін көруге болады. Халифатқа қарсы бас көтерген Бабек мен Муслимие қозғалыстарына ескі зороастаризм сенімі мен парсы ұлтшылдығының ықпалы болды. Әлбетте, мұндай жосықсыз бөлінушіліктер Құран мен хадиске сай амал етпегендіктен туындады.

ХХ ғасырдағы екі ұлы дүниежүзілік соғыстың өрті асқын ұлтшылдық ұстанымдардан тұтанды. Қазіргі күні де кейбір ұлттар мен ұлыстар ұлттық астамшылық ниетінен әлі танған жоқ. Осының әсерінен ғаламдық бейбітшілікке сызат түсуде. Иә, адамзат баласы Алла Елшісінің (с.а.у):«Біріккенге береке бар, ыдырағанға азап бар» (Бұқари, Жиһад) деген ұлағатын бойына сіңірсе, қанды қасап қырғынды доғарып, жер бетін құтты қоныс, бейбіт өріс қылар еді. Өкінішті-ақ. Ал, біздің уәзипамыз – асыл дінімізде не айтылды, соны халыққа паш ету. Алла-Тағала Алаш баласын асқын көзқарастардан сақтағай!

 

Жұманазар САДЫРХАНОВ,

 «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

 

 

Бөлісу: