26
Жұма,
Сәуір

һижри

Неге Расулуллаһ (с.ғ.с.) азан айтып намазға шақырмады?

Мақалалар
Жарнама

 

Расында да, неге Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) өмірінде бір мәрте болса да азан айтып мұсылмандарды намазға шақырмады? Осы жайында ойландыңыз ба?

Бұл мәселеге қатысты түрлі ой айтылған. Оның бәрін тізіп отырудың мәнісі жоқ, сондықтан бұл мәселеге қатысты ғалымдардың тұжырымды жауабын келтірсек жеткілікті деп ойлаймын.

Имам Шауканидің (рохматуллаһи ғаләйһи) «Нәйлүл-аутар» (2/36) атты еңбегінде былай делінген: «Ғалымдар азан мен имамдылықтың артықшылығына қатысты түрлі пікір айтып, имамдылықтың артықшылығына қатысты дәлел ретінде былай деген: «Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) және әділ халифалар намазда имам болып азан айтпады. Олардан кейін үлкен ғалымдар да намазда тек имам болды».

Сонымен қатар ғалымдардың айтуынша Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) өзгелер атқара алмайтын іспен шұғылдану себебінен намаз уақытын бақылап азан айтпады. Себебі, бұл өзгелердің қолынан келетін шаруа.

Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) дүниеден өткеннен соң әділ халифалардың да негізгі шаруасы көпшіліктің жағдайымен шұғылдану болды.

Фиқһ энциклопедиясында да азан айту және имамдылықтың артықшылығын қатысты бөлімінде имамдылықтың азан айтудан артықшылығы жайында айтылып, Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) және әділ халифалар азан айтпаудың бастапқы себебі ретінде көпшіліктің мәселерімен шұғылдануын айтқан. Мәселен, Омар ибн Хаттаб (родиял-лаһу ғанһу): «Халифалық қызметім болмаса азан айтып адамдарды намазға шақырар едім»,-деген.

Шариғат кітаптарында азан – намаздың сүннет амалына жатады. Онда: «Нәбидің (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) өзі азан айтып намазға шақырмаса, онда неге азан намаздың сүннеті жатады?»,-деген сұрақ туындайды.

Мұның жауабы!

Біріншіден: жоғарыда Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) өмірінде азан айтпағаны жайында айттық. Дегенмен, имам Тирмизи (рохматуллаһи ғаләйһи) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сапарда кетіп бара жатып азан айтқаны жайында айтылған. Имам Науауи (рохматуллаһи ғаләйһи) бұл хадисті құптаған. Алайда, имам Ахмадтың (рохматуллаһи ғаләйһи) «Муснадында» Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) биләлға (родиял-лаһу ғанһу) азан айтуды бұйырғаны жайында айтылған.

Ғалымдар осыған қатысты хадистерді зерттей келе «Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) азан айтты» дегені «Биләлға (родиял-лаһу ғанһу) азан айтуды бұйырғаны» деп тұжырымдаған.

Осыдан Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) азан айтпағаны анықталып тұр.

Екіншіден: Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) тек істегені емес, бәлкім сөзі де сүннетке жатады. Ал жоғарыда біз Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Биләлға (родиял-лаһу ғанһу) азан айтуды бұйырғаны жайында айттық. Бұл азан намаздың сүннеті екеніне ишара.

Үшіншіден: шариғат бойынша Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) тыймаған істі істеуге болады. Ал Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) азаннан тыймаған, бәлкім азан айтуды бұйырған. Бұл жағдай азан намаздың сүннеті екенін растай түседі. 

Анығы жалғыз Алла Тағалаға мәлім!

«Нұротау»

Бөлісу: