19
Жұма,
Сәуір

һижри

Ережеп айында ораза ұстаудың пайдасы.

Мақалалар
Жарнама

Ислам күнтізбесінде қасиетті болған төрт ай бар. Оның үшеуі бірінен соң бірі тізбектеліп  келеді. Олар Зулқағда, Зулхижжа, Мухаррам. Ал төртіншісі жеке келген Ражжаб айы.

Бұл айлардың қасиеттері Құранда келтірілген.

«Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар. Міне осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер. Сондай-ақ мүшріктер сендермен түгел соғысқандай сендер де олармен түгелдей соғысыңдар. Әрі расында Алла тақуалармен бірге екенін біліңдер».  («Тәубе» сүресі,  36 аят). Сол үшін де бұл айларға ерекше құрметпен қараған дұрыс болады.

Қазіргі уақыт сол қайырлы болған ережеп айы. Бұл айдың қадір-қасиетін бағамдай білу, осы айда Алладан келер игіліктерді дұрыс, тиісті пайдалана білу өте маңызды.

Алланың Елшісі С.Ғ.С айтады: «Алла үшін айлардың жақсысы ережеп айы. Ережеп Алланың айы. Кім оны ұлықтаса,расында Алланың ісін ұлықтаған болады. Кім Алланың ісін ұлықтаған болса, ол нығметтерге толы  жаннаттарға  кіреді. Оған Алланың  разылығы түседі. Шағбан менің айым. Кім оны дәріптесе, расында менім ісімді дәріптеген болады. Кім менің ісімді  дәріптеген болса, қиямет күні мен оның алдынан қарсы аламын және де ол үшін ахиреттің сыйы боламын. Рамазан айы менің үмметімнің айы. Кім бұл айды құрметтесе, оның бағамын дәріптесе және оның шегінен шықпаса, күндізін оразамен, түнін құлшылықпен өткізсе, Рамазан айы шыққанша күнәлі істерден сақтанса, Алланың одан сұрар күнәсі қалмайды». (Канзул умма №35217).

Алланың айы болғандықтан ережеп айының қадір-қасиеті бағамы жоғары. Бірде Алланың Елшісі С.ҒС-нан: «Ол айды неге ережеп деп атайды», -  деп сұраған кезде,ол кісі: «Өйткені ол ай арқылы соңынан ілескен шағбан, рамазан дәріптеліп, құрметке ие болады», - деп жауап берген. (Имам Хафиз Абу Мухаммад Хасан ибн Хасан Хилал (һ 352-439) Ережеп айының қадірі №3).

Жалпы «ражжаб» деген сөз араб тілінде ұлықталу, дәріптелу деген мағынаны береді. Әлбетте ол айдың құрметтілігі болар, басқа да атаулары жеткілікті. Ибн Хажар Асқалани оның хадистерде келтірілген он сегіз түрлі атауы бар екендігін айтады. Мысалға, соғыс құралдары қолданылмағандықтан, Ал-асым деп аталады. Немесе Ал асыб, рахматтың төгілетін айы, Ражм, шайтандар қуылатын айы, Шаһрул харам не Хурум яғни ілгергі айларды қадірлі қылған, Муқим, кейінгі айларды құрметті қылған, Муғла, айлардың жоғарғысы немесе шаһруллаһ, яғни Алланың айы деген т.б құрметті атауларға ие. (Табаииана ажаб фи шаһри ражжаб, 1 бет). Сол үшін де ережеп айы құлшылыққа толы ай болуы керек. Әлбетте құлшылық дегенде бірден тілге оралатыны ол ораза.

Осы айда Пайғамбарымыз с.ғ.с оразаға көбірек көңіл бөлетін. Ол туралы Абу Хурайра Алланың Елшісі С.Ғ.С рамазан айынан басқа ережеп айы мен шағбан айында ораза ұстағандай басқа айларда ораза ұстамайтындығын жеткізеді. (Шағбул иман, №3808).

Бірақ ол кісінің оразасы бұл айда кісіге салмақ салмайтындай көп емес немесе ережептің бағамын азайтатындай аз да емес еді.

Бір кісі Сагид ибн Жубайрден  ережеп айының оразасы туралы сұрады. Ол кісі Ибн Аббастан Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С бұл айда ораза ұстайтынынын, оразасын біз енді ашпайды-ау  дегенше ұстайтынын, енді ораза ұстамайды-ау дегенде, оразасын ұстап жататындығын жеткізгендігін айтты. (Муслимнің риуаяты, Шағбул иман №3800).

Имам Насай Усама ибн Зайдтен мына хадисті жеткізеді. Алланың Елшісі С.Ғ.С-нан бір кісі: «Сізді мен ешбір айда дәл шағбан айындағыдай ораза ұстағаныңызды көрмеймін, - деп сұрады. Ол: «Бұл ай ережеп пен рамазан айының ортасында тұрғандықтан адамдар көп көңіл бөлмейді де ғафыл қалып жатады», -  деп  жауап берді.

Бұл хадистен туатын ой сол кездегі сахабалар ережеп айына рамазан айы сияқты қатты көңіл бөлгенділігі байқалады. Ал сол екі айдың ортасындағы шағбан айына көңіл бұра алмай қалады. (Ибн Хажар Асқалани Табаииана ажаб фи шаһри ражжаб).

Ал Ережеп айындағы оразаға қатысты бірқатар әлсіз де болса хадистер жетерлік. Алланың Елшісі С.Ғ.С. айтады: «Ережеп айында ораза ұстағанға жаннатта сарай беріледі». (Абу Қалабадан  Шағбул иман, №3805).

«Кімде-кім ережеп айының әуелгі күнінде ораза ұстаса, оның үш жылғы күнәсіне, ал екінші күні ораза ұстаса, екі жылғы күнәсі, ал қалған ораза ұстаған күндері үшін әр күніне бір-бір айдың күнәсі кешіріліп отырады». (Канзул умма, №24261).

«Кімде кім ережеп айының әуелгі күні ораза ұстаса, ол бір жылдық оразаға тең келеді. Ал кімде-кім жеті күн ораза ұстайтын болса, оған жеті тозақтың есігі жабылады. Ал кімде-кім он күн ораза ұстайтын болса, көктен бір дауыстаушы: «Сен сұра, сұрағанын беріледі» , - деп дабыстайды». (Ибн умардан Канзул умма, №24262).

«Кімде кім ережеп айында бір күн ораза ұстайтын болса, ол бір айлық оразаға тең келеді. Ал кімде-кім жеті күн ораза ұстайтын болса, оған жеті тозақтың есігі жабылады.  Ал кімде-кім сегіз күн ораза ұстайтын болса, оған сегіз жаннаттың есігі ашылады. Ал кімде-кім он күн ораза ұстайтын болса, оның Алла жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады. Ал кімде-кім он сегіз күн ораза ұстайтын болса, көктен бір дауыстаушы:  «Шындығында Алла Тағала сенің өткен күнәларының бәрін кешірді, ісің алға басты», - деп дабыстайды». (Абу Зардан Канзул умма, №24263).

«Кімде кім ережеп айында бір күн ораза ұстайтын болса, ол бір жылдық оразаға ұқсайды. Ал кімде-кім жеті күн ораза ұстайтын болса, оған жеті тозақтың есігі жабылады.  Ал кімде-кім сегіз күн ораза ұстайтын болса, оған сегіз жаннаттың есігі ашылады. Ал кімде-кім он күн ораза ұстайтын болса, оған Алла сұрағанын береді. Ал кімде-кім он бес күн ораза ұстайтын болса, көктен бір дауыстаушы: «Шындығында Алла Тағала сенің өткен күнәларының бәрін кешірді, ісің алға басты, жамандықтарын жақсылыққа ауыстырылды», - деп дабыстайды». Кімде-кім осы игіліктерді ары қарай арттырғысы келсе, Алла да көбейтеді. Ережеп айында Нух Ғ.С пайғамбар топан су басып,  кемеде болған деседі. Сол кезде ол ораза ұстады және үмметтеріне де бұйырды, олар да ораза болды. Олар кемеде алты ай жүзіп, мухаррам айында құрлыққа шықты. (Анастан Канзул умма, №24264  Имам Һайсами Мажмаьул Зауаид 188\3).

Шындығында жаннатта бір өзен бар. Ол сүттен аппақ, балдан шырынды, ол өзенді ражжаб (Ережеп) деп атайды. Кімде-кім ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Алла Тағала сол өзеннен сусындандырады. (Канзул умма, №24260).

Ережеп айында Алладан көп кешірім сұраңдар. Ақиқатында Алла ол айдың әрбір сағатында пенделерін тозақтан азат етеді. Алланың (жаннатта) бір мекендері бар, ол жерге тек қана ережеп оразасын ұстағандар ғана кіреді. (Алиден Дайлами риуаят етеді Дайлами 81\1).

Кімде-кім ережептің түндерін құлшылықпен,  күндізін оразамен өткізсе, Алла оған жаннат жемістерін жегізеді. Жаннаттың жасыл жібегін кигізеді. Рохихим махтум шарабынан ішкізіледі. Тек әлбетте ол үш күнәні жасамаған болса, яғни, кісі өлтірмеген болса, бір кісі Алла үшін сусын сұраса, ол бермесе, бір бауыры қажетін айтып сұранса, ол оны өтемесе... (Имам Хафиз Абу Мухаммад Хасан ибн Хасан Хилал (һ 352-439) Ережеп айының қадірі, №6 хадис).

Абу Дардадан (р.а.) бір кісі ережеп оразасының қадірі туралы сұрады. Ол, Ақиқатында сен жаһилият кезінде де қадірмен құрметке ие болған, кейін Исламда да қадірі артқан ай туралы сұрап жатырсың. Кімде-кім шын ықыласымен бір Алланың разылығын іздеп және сауабынан үміт қылып, бұл айда бір күн нәпіл ораза ұстаса, ол оған деген Алланың ашуын басады. Жаһаннам есіктерінің бір есігі жабылады. Жер бетін толтыра алтынды жұмсаса да ие бола алмайтын сауабқа жетеді. Бұл дүниеде еш нәрсе оның сауабына сәйкес келмейді. Ал ол сол күні кеш батырса, оның он дұғасы қабыл етіледі. Дүние істерінен бір нәрсені қаласа, тез арада беріледі. Ал ол екі күн ораза ұстайтын болса, оған осыған ұқсас беріледі. Және де оған қосымша, он шыншыл кісінің  өмірінде жеткен жетістіктеріндей мол сауап  жазылады. Ол ол кісілердің шапағат еткендеріндей өзгелерге шапағат ете алады. Қиямет күні ол жаннатқа кіргенше шыншылдардың тобында бірге жүреді әрі олардың достарына айналады. Ал кімде-кім үш күн ораза ұстайтын болса, оған осыған ұқсаған сауаб беріледі және қосымша, Алла оған ауыз ашар сәтінде; - Сөзсіз бұл құлымның хақын өтеу маған міндет болды.

Ол менім сүйіспеншілігіме, достығыма лайықты болды, Ей періштелерім ақиқатында сендер куәгер болыңдар! Мен бұл кісінің ілгергі, кейінгі күнәларының бәрін кешірдім, - дейді. Ал кімде-кім төрт күн ораза ұстаған болса, оған осыған ұқсас игіліктер беріледі және де қосымша; оған ақыл озаттарымен тәубе қылушылардың дәрежесіне сәйкес сауабтар жазылады. Амал кітаптары мол табысқа жеткендердің қатарынан ұсынылады. Ал кімде-кім бес күн ораза ұстаған болса, оған осыған ұқсас игіліктер беріледі және де қосымша; қиямет күні оның жүзі толықсыған айдай жарық болып тіріледі. Құмның санындай жақсылықтар жазылады. Жаннатқа кіргізіліп, оған, Алладан қалаған нәрселерді сұрай бер делінеді. Ал кімде-кім алты күн ораза ұстаған болса, оған осыған ұқсас игіліктер беріледі және де қосымша қиямет күні топ арасынан ерекше жарқырап көрінетін жүзіне нұр сыйланады.

Аманатқа берік сенімділердің қасынан табылып, сират көпірінен есеп сұрақсыз өткізіледі. Ал кімде-кім жеті күн ораза ұстаған болса, оған осыған ұқсас игіліктер беріледі және де қосымша, ол үшін жеті тозақтың есігі жабылып, ол тозақ отына харам етіледі. Жаннатқа кіру оған уәжіб болады. Жаннаттың қалаған жеріне мекендеуге рұқсат етіледі. Ал кімде-кім сегіз күн ораза ұстаған болса, оған осыған ұқсас игіліктер беріледі және де қосымша, ол үшін жаннаттың сегіз қақпасы ашылып, ол оған қалаған есігінен кіреді. Ал кімде-кім тоғыз күн ораза ұстаған болса,  оған осыған ұқсас игіліктер беріледі және де қосымша, оның кітабы иллиндердің дәрежесіне көтеріледі.

Қиямет күні сенімділердің қатарынан тірілтіледі. Жүзіне ерекше жарқыраған нұр бітіп, қабірінен түрігеледі. Жиылған көпшілік оның жарқыраған жүзі көріп, - Бұл таңдаулы Алланың бір пайғамбарларының бірі болар, - деп, болжай бастайды. Оларға берілер игіліктің ең азы есеп сұрақсыз жаннатқа кіру болады. Ал кімде-кім он күн ораза ұстаған болса, пах-пах, шіркін не деген үлкен игіліктер оған осыған ұқсасы  беріледі және де қосымша ол он есеге артады. Ол Алла жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырған Алла үшін әділдік қылған, жақын құлдарының қатарынан болады. Оның оразасы мың жыл бойы күндіз ораза,  түнде құлшылық қылған, сауаб үміт қылып, сабыр еткен құлдың оразасына теңеседі. Ал кімде-кім жиырма  күн ораза ұстаған болса,  оған осыған ұқсас игіліктер беріледі және де қосымша ол жиырма есеге көбейтіледі. Ал кімде-кім отыз күн ораза ұстаған болса,  оған осыған ұқсас игіліктер беріледі және де қосымша ол отыз есеге көбейтіледі. Көктен бір  дауыстаушы, - Ей, Алланың досы, сен қуан, ақиқатында пайғамбарлардың, шаһидтердің, сыддықтардың мәртебесіне көтеріліп, Алланың разылығын тауып, жүзін көретіндігіне. Дос тұрғысында ол сен үшін қандай қайырлы.

Туба  бұйырсын деп үш мәрте қайталайды. Ертеңгі бетперделер ашылатын күні, Раббынның игілігі төгіледі. Өлім келген кезінде Алла сені фердаус жаннатының бұлағынан сусындандырады. Өлім есірігінде жан берудің қиыншылығынан құтқарады. Мұхаммад С.Ғ.С.-ның каусар бұлағынан жеткенше, қабірің көлеңкелі, шұрайлы мекен қылады. Қабірінен тірілген кезде оны жетпіс мың періште қарсы алады. Дүрмен яқуттан жаратылған сәйгүлікпен айрықша  жібектен тігілген шапанды ұсынып тұрып, - Ей Алланың досы, дененді тоздырмаған, шөліңді қандырған Алладан саған аманшылық бар. Оларға Алла разы болған, олар Аллаға разы болған табысқа жеткендермен бірге қиямет күні ғадн жаннаттарына кірген адамдардың алғашқысы боласың. Расында ол үлкен жеңіс, - делінеді. (Имам Хафиз Абу Мухаммад Хасан ибн Хасан Хилал (һ 352-439) Ережеп айының қадірі кітабы, №8 хадис).

Ережеп оразасы туралы әлбетте бұдан басқа әлсіз, тіпті ойдан тоқылған хадистерде бар. Бірақ бір нәрсе анық. Бұл ай өте игілікті ай. Бұл айда қанша күн ораза ұстасаң оны пайдасы да бір Аллаға мәлім көбейе береді. Не құлшылық жасасаң да бұл айда құнсыз болмайтындығы анық. Алланың Елшісі С.Ғ.С. бекерден бекер бұл айда: «Алла бізге ережеп пен шағбан айын берекелді қыла гөр деп», - деп дұға қылмаған.

Бұл ай Алладан келер жақсылықтың бастамасы. Алла елімізге осы айдың берекесін нәсіп етсін. Жұрт тыныш, ел аман, дініміз бүтін болсын қадірлі жамағат!

 

 

 

Алмас Кенжемолдаев,

Жуалы ауданының бас имамы.

Бөлісу: