16
Сейсенбі,
Сәуір

һижри

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ наиб мүфтиі: РАМАЗАН – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ АЙЫ

Мақалалар
Жарнама

Күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті де қадірлі Рамазан айы бүгінде елімізде бұқара болып аталатын, ерекше ескерілетін уақыт. Рамазан алғаш Құран аяттары түсуімен де ислам тарихында ардақты ай саналады. Қазақ жұрты үшін мәртебесі биік айдың қадір-қасиеті мен оразаның мән-маңызы жайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, "Нұр Астана" орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы баяндайды.

– Құрметті Наурызбай қажы Тағанұлы, барша мұсылман халқы үшін ерекше құрметке ие Рамазан айы да келді. Ең алдымен осы айдың дініміздегі орны, маңызы жайында айтып берсеңіз.

– Рамазан, расында, өте қадірлі де қасиетті, мұсылман қауымы үшін берекелі ай, өмірлік мақсатымызды айқындайтын уақыт. Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстасын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе жол сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді» делінеді. Демек, осы айда қазақ жұрты қадір тұтатын Құран аяттары түсіріліп, мұсылман халқына ораза парыз етілді.Сондай-ақ, бұл айда жолаушы жүрген азаматтар мен жүкті әйелдерге, сырқатты адамдарға жеңілдік бар. Рамазан айында әрбір ісіміздің сауабы өзге уақыттарға қарағанда еселенетіні иісі мұсылман қауымына мәлім. Себебі, Алла Тағала  бұл айды өзге айлардан құрметті қылып, сауабын өзім беремін деп уәде етеді. Ендеше, Хақ Жаббардың рахым-нұры жауып, мысқалдай ізгі амалымызға таудай сауаптар жазылатын айда құлшылық-ғибадаттарымызды көбейтіп, сөзіміз бен ісімізді түзеп, ниетімізді тазартуымыз керек деп ойлаймын. Құран Кәрімде момын мұсылмандарға бұйырылған аяттар тек бұйыру мәнінде келеді, оның сыры – Аллаға бой ұсынатындар мен теріс бұрылатындарды ажырату еді. «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Әй, мүміндер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей, ораза парыз етілді» делінеді. Бұл аятта оразаның не себепті бұйырылғаны айтылуда, яғни, «тақуалыққа жетулерің үшін» дейді. Алланы жүрекпен еске алу, тілмен зікір қылу, істеген ізгі істерімен, өмірлік өлшемдерімен дәлелдеу. Есепсіз жіберген қате-кемшіліктері, күнәлары үшін Алланың қаһарынан қорыққан күйде Оның рахымы мен мейірімінен үміт ете отырып, Оразаны өзіне қалқан қылу шынайы тақуа, момын жанның бейнесі болмақ.

– Шариғатымызда Рамазан секілді ораза ұстау құп көрілген қасиетті уақыттар бар екен. Осы жайын тарқатып айтсаңыз. Ораза ұстаудың маңызы мен сауабы қандай?

– Жалпы, жылдың қай мезгілі, уақыттың қай кезі болса да Алла Тағаланың бізге берген зор нығметі, мол жақсылықтары деп білеміз. Иә, расымен, дінімізде дәрежесі биік, құрметі жоғары айлар турасында айқын айтылған. Мұны ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмметімнің айы» деп, мұсылман үмметі үшін қасиетті айларды атап көрсетті. Осы мәндес келесі бір хадисте ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Иә, Алла! Ережеп және Шағбан айын қайырлы әрі мүбарак еткей, бізді Рамазан айына аман-есен қауыштыр» деп Раббысынан сұрап, дұға ететін. Байқағанымыздай, Рамазан айының алдында келетін Ережеп, Шағбан айлары да ең қадірлі уақыттар. Міне, осындай қасиетті айларда пайғамбарымыз тілеген жақсылықтарға, мейірім мен рахымның, кешірім мен берекенің айы – Рамазанға Оның үмметі, сіз бенен біз аман-есен жетіп отырмыз. Құдайға мың да бір шүкір дейміз. Хақ елші құрметтеген айларға деген құрметіміз жоғары болса, Алланың алдындағы дәрежеміз де соған сай болар деген үміттемін.

Ал, ораза жөнінде айтар болсақ, жоғарыда айтып өткен айларда ораза ұстаудың сауабы мол. Сондай-ақ, аптаның әр дүйсенбі, бейсенбі күндерінде де ауыз бекітуге болады. Оразаның мұсылмандарға парыз етілуінің сырын Бұһариден жеткен «Егер, адам өтірік айту мен күнәлі істерін тас­тамаса, Алла ол адамның тағам мен судан тыйылғанына мұқтаж емес» деген пайғамбар хадисінен ұғына түсеміз. Яғни, Аллаға шынайы иман келтіріп, мойынсұнған момын жан үшін ораза дегеніміз тек қана тәннің оразасы емес. Бұл – әдетте ескере бермейтін жағымсыз іс-әрекеттерден, өсек-ғайбат сөздерден, реніштен,  жалпы өн бойымыздағы кемшіліктерден тазару, тыйылу деген сөз. Мұсылман баласына жат қылықтардан тыйылмаған адамның оразасы жөнінде хадисте «Оның оразасынан аштықтан өзге ешнәрсе бұйырмауы мүмкін» деп сипатталады. Демек, оразаның мұсылман қауымына парыз болуының мәні тек ішіп-жеуден тыйылу ғана емес екен. Тәніміз бен рухымыздың толық үйлесім тапқан оразасы ғана кәміл ораза қатарына жататынын жете ұғынған ләзім.

– Елімізде Рамазан айында намаз оқымаса да ораза ұстаушылар қатары көп. Бейнамаз адамның ораза ұстауына болады ма немесе оразасы қабыл ма?

– Дінімізде намаз оқымайтын адамның ораза ұстауына болмайды деген қағида жоқ. Әуелі, намаз бен оразаның жеке-жеке, бөлек құлшылық екенін ескерте кетейік. Намаз оқымайтын кісі Рамазан айында ораза ұстаса, ұстаған оразасының сауабын алады. Алайда, намаздың дара құлшылық-ғибадат екенін де ескеруіміз керек. Өйткені, намаз – мұсылмандығымыздың белгісі. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: «Намаз – діннің тірегі» дейді.  Сондықтан, көрші-көлем, жалпы мұсылман жамағаты болып ораза ұстаумен қатар, намазға да ықыласпен көңіл бөлген жөн.

– Ауызы берік адамға ең алдымен қандай сипат қажет?

– Ораза ұстаушыға ең қажеттісі – сабырлылық. Рамазан айы адамды сабырлы болуға бейімдейді. Алланың сансыз сауаптарынан үмітті адам кез келген кедергі мен қиыншылықтарға сабырлылық танытып, төзімділік көрсете біледі. Тіптен, ораза кезінде айыптап, сөге сөйлеген кісінің өзіне де ұстамдылықпен, пайғамбар өсиетінде айтылғандай, «Мен оразамын» деп жауап беруі шарт. Пайғамбарымыздың осы сөзінің өзі көп адамға ескерту десек те болады.

Жыл он екі айдың бірінде ғана келетін, сансыз сауап, мол нығметтер берілетін Рамазан айында сабырға сақ, төзімге берік бола білсек, ыстық ықыласымыз бізді екі дүние бақытына жетуге сеп болады. Ілгеріде Рамазан шуағына шомылған ізгі мұсылмандар оразадан кейінгі алты айда Алланың нығметіне деген қуаныштан арыла алмай жүреді екен, ендігі алты айы қалғанда «Раббым, бізді Рамазанмен қауыштыра көр» деп сағына күтетін болған. Рамазан айында құлшылық-ғибадаттар мен ізгі амалдардың сауабы мың айға татырлық қасиетті Қадір түні бар. Сондықтан, ардақты ағайын, сансыз сауаптың есігі айқара ашылып, шайтандар шынжырланып байланатын мүбәрак айдың күндерін алаңсыз, түндерін қаперсіз өткізуден абай болайық.

– Ауызашар мен сәресі кезінде қандай ас-тағам түрлерін тұтынған дұрыс?

– Жалпы, жаз маусымы өзіне тән жоғары ыстық температурада болады. Оразаның, әлбетте, талап-шарттары бар, ол жыл бойына уақыт талғамынсыз қалауымызша ас-су ішкен ағзаны тазалауда, ретке келтіруде маңызды рөл атқарады. Биыл да Рамазан айы ыстық маусымға сәйкес келеді. Бұл ретте, ең алдымен дәрігерлердің, диетолог мамандардың кеңесіне жүгінген жөн. Мамандар  ораза ұстаушы адам күні бойғы ас-судан тыйылудың ықпалымен кешкі ауызашарда тез және  көп мөлшерде  тамақ жеуден сақ болуға кеңес береді. Себебі, бұл ағзаға зиян, сондықтан, алдымен асықпай сусын ішіп, 15-20 минуттан соң ғана басқа тағамдарды жеуге болады. Асқа отыра сала бастырмалата молынан жеу қан қысымының бірден түсуіне әсер етеді. Сондай-ақ, ауызашардан соң созылып жату өте қауіпті, бой таратып, қимыл-қозғалыста болуды да қаперде ұстаған жөн. Ал ауызашарда пайдалы тағам түрлеріне тоқталар болсақ, дәрігерлер қамырдан жасалған ауыр және тәтті тағамдардың орнына  жеңіл сүтті тағамдар жеген дұрыс дейді. Ауыз ашқан кезде шәй, кофені тек тамақтан соң ғана ішкен абзал. Бұл сусындар астың құрамындағы ағзамызға пайдалы барлық дәрумендерді жойып жіберетіндіктен оларды тамақпен бірге қолдануға болмайды. Сәресі асты ішуге де аса үлкен көңіл бөлу керек. Күнұзаққа қуат боларлық құрамында протеині көп сүт, айран, ірімшікті тұтынған абзал. Бұл өнімдер ұзақ уақыт тоқ жүруімізге себепші, аш жүретін уақытты азайтып, зат алмасу процесін баяулатады. Сонымен қатар, жеміс-жидек пен көкөністерді көбірек тұтынған пайдалы болмақ. Олардың қай түрі болса да денсаулығымызға тигізер пайдасы орасан. Әсіресе, құрма күні бойы түскен қант мөлшерінің қалыпқа келуіне көмектеседі. Жалпы, ауыз бекіткенде және ауызашарда сұйықтықты молынан ішу қажет.

– Ораза ұстауға шамасы келмейтін, сырқат адамдардың жағдайы қалай болмақ?

– Алла Тағала адамзат баласына шамасы жетпейтін нәрсені міндеттемейді. Өйткені, Ұлы Жаратушы Иеміз бізге ауырлық емес, жеңілдік қалайды. Сондықтан, Алла ауырған адамға ораза тұтпауына рұқсат берген. Бұл сөзімізге Құранның «Бақара» сүресінің 185-аяты айғақ болады: «Рамазан айы туғанын көрсеңдер ауыздарыңды бекітіңдер. Ал кімде-кім сырқаттанса немесе жолға шықса (аузын ашуына рұқсат) басқа күндері қаза етсін. Алла сендерге ауырлық емес, жеңілдік тілейді..!». Тағы бір аятта Алла Тағала: «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге итермелемеңдер» дейді.

Осы және басқа аяттарды негізге ала отырып ғалымдар: «науқас кісінің ораза тұтпауы кейде уәжіп, кейде мубах/рұқсат болады. Егер науқас кісінің ораза ұстауы өлімге алып келер болса, бұл адамның ораза ұстамауы уәжіп (міндет). Ал егер ауыз бекітуі сырқатын арттырар болса немесе жазылуын баяулатар болса бұл жағдайда ораза ұстамауына рұқсат»  деп үкім шығарған. Ендеше, ораза ұстай алмайтындай сырқат адамға ораза ұстау парыз емес. Бірақ дертінен айығып, ауыз бекітуге шамасы келген кезде тұтпаған күндерді қаза етіп өтейді. Бұл кәффарат (арасы үзілмей ұсталатын ораза) өтеміне жатпайтындықтан, бөліп-бөліп ұстауға болады. Ал, бұған да денсаулығы жарамаса, онда оразаның әр күніне пидия төленеді (күніне бір мұқтаж адамды тойдыру). Пидия төлеуге де шама жетпесе, Алла мейрімді, кешірімді. Пендеге күші жетпейтін нәрсені міндет етілмейді.

– Күнұзақ ораза ұстап, аптап ыстықта ауыз бекітуші жанның Алла тарапынан бөленер сый-сияпаты қандай?

– Шынайы иманмен ұстаған ораза кезінде кезігетін, сезінетін азды-көпті сынақтар мен қиындықтар мұсылман баласын жақсылыққа жетелеп, сенімін нығайтып, шүкірін арттырады, иманын шыңдайды. Осылайша ораза ұстаушының дәрежесі туралы құдси-хадистердің бірінде Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдегенде шығатын аузының исі мен үшін мисктен де артық» дейді. Күні бойы ораза болған жанның ауыз қуысынан шыққан иістің өзін әлемдердің Раббысы жұпар иіс мисктен жоғары бағалап, құлының сыйын бір Өзі өлшеп, бір Өзі берер болса, момын мұсылман үшін бұдан асқан нендей нығмет керек болар? Міне, сондықтан, сабыр мен тақуалықтың, шынайы иманның дәмін сезіндіретін жаз маусымына сәйкес келген Рамазан айында Алланың мейірім-рахымы мен сый-сияпатынан құр қалмағанымыз абзал. Салман Фарси (р.а.) айтады: «Расулалла (с.ғ.с.) Шағбан айының соңында бізге: «Өте ұлы әрі берекелі Рамазан айы келе жатыр. Бұл айда мың айдан артық бір түн бар. Хақ Тағала Рамазан айының оразасын парыз етіп, түнгі намазды сауап алғанға себеп етті. Бұл айда ізгі амал істеумен Алла Тағалаға жақындаған адам, Рамазан айынан тыс уақытта парыз амалын істеген болады. Рамазан айында парыз амалын орындаған адам басқа айда орындаған жетпіс парыз амалдың сауабын алады. Бұл – сабыр айы. Ал сабырлықтың сыйы – жәннат. Бұл – қайырымдылық, яғни, аштықты сезініп, кембағалдарға жанашырлық ету айы. Бұл айда мүміннің ризығы молаяды. Біреу ораза ұстағанды тамақтандырса, оның күнәлары кешіріліп, тозақ отынан азат етілуіне септігін тигізеді. Әрі ол ораза ұстағанның сауабындай сауап алып, одан ораза ұстаушының сауабы кемітілмейді» деді. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Біздің әрбіріміздің ораза ұстағанды тамақтандырғанға шамамыз жете бермейді», – дегенде, ол: «Алла Тағала тіпті бір құрма, бір ұрттам су немесе сүттің себебімен де сауабын береді. Бұл айдың бірінші бөлігі – Хақ тағаланың рахметі, екінші бөлігі – кешірімі, үшінші бөлігі – тозақтан азат болу. Хақ тағала Рамазан айында құлына кеңшілік еткен, яғни, қызметін жеңілдеткен адамның күнәсін кешіріп, оны тозақтан азат етеді. Рамазанда төрт істі көбейтіңдер. Оның екеуімен Раббыларыңды разы етсеңдер, екеуін істеу міндетті. Раббыларыңды разы ететін екі іс, ол: «Хақ Тағаладан өзге тәңір жоқ» деп куәлік ету және көп истиғфар айту. Істелуі міндетті болған екі амал, ол: Хақ тағаладан жәннатқа кіргізуін сұрап, тозақтан пана тілеу. Ораза ұстаушыға су бергенді Хақ Тағала Қиямет күні менің хаузымнан сусындатады. Кейін ол жәннатқа кіргенге дейін шөлдемейді», – деді».

– Соңғы жылдары бас қаламыз Астанада Рамазан айы айрықша аталып, рухани жаңғыру байқала түскендей. Елорда мешіттері қасиетті айда қандай шаралар атқармақ?

– Иә, әуелі Алла Тағаланың шексіз мейірім-шапағатымен еліміз өркендеп, аяққа нық тұрды. Дін мен дәстүріміз жаңғырды. Әлемдік қауымдастық алдында Қазақстанның аты абыроймен атала бастады. Осындай биік белестерге жетуіміз Елбасымыз бастаған ел ертеңін ойлап, келешегі үшін қамданған азаматтардың арқасы деп білеміз. Ата Заңымызда атап көрсетілген, тарихымызда таңбаланған асыл дініміз Исламның құндылықтарын, ұлттың төл мәдениеті мен дәстүрін насихаттап, өз жолын көрсету – имамдардың басты міндеті. Осы мақсатта дін қызметкерлері жұмыла жұдырық болып, ауқымды іс-шараларды өткізіп келеді. Бұл, әсіресе, Рамазан айында, атаулы мерекелерде көптеп ұйымдастырылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы ел руханиятын, дінімізді дамыту, халыққа дәстүрлі ислам құндылықтарын жеткізу үшін өте көптеген тың бастамаларға ұйытқы болып, пәрмен берді. Рамазан айы қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен 19 мамыр күні «Берекелі мереке-3» рухани кеші өтті. Қазақстан Орталық концерт залында өткен ғибратты кеште елорда халқына көптеген рухани-тағылымдық дүниелер, қасиетті ай туралы қойылымдар, бейнебаяндар ұсынылды. Рамазанда, әлбетте, мұқтаж кісілерге, көп балалы отбасыларға, қарттар мен балалар үйлерінде әртүрлі қайырымдылық шараларын өткізіп, көмектеспек ниеттеміз. Бұдан бөлек, ай бойына қалыптасқан дәстүр бойынша қала мешіттерінде ауызашар дастархандары жайылады. Күн сайын ауыз бекітуші әр адам осы дастарханда ауыз ашуына болады. Ал қаламыздағы барлық мешіттерге арнайы қарилар келіп, тарауих намазы оқылып, Құран хатым етіледі.

 – Ораза қарсаңында оқырманға тілегіңіз...

– Ардақты ағайын, қадірлі оқырман! Баршаларыңыздың мүбәрак айдағы ізгі амалдарыңызға Алла сансыз сауаптар жазып, екі дүние бақытына бөлесін. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметіне лайықты жандардың қатарынан болуымызды нәсіп етсін! Алла Тағала ұстаған оразамыз бен жасаған құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл еткей! Дінімізге қуат, халқымызға иман байлығын бергей! Халқымыздың ынтымақ-бірлігі артып, ырыс-несібесі молынан болғай! Қасиетті Рамазан баршамызға құтты, берекелі, күллі мұсылман жұртшылығына қайырлы болсын!

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ,

«Астана ақшамы».

Бөлісу: