19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Арапа күнінің ерекшеліктері

Мақалалар
Жарнама

Қажылық уақытындағы ең маңызды күндердің бірі – Арапа күні. Бұл күн Зүл-хижжә айының 9-шы жұлдызында, құрбан  айттан бір күн бұрын болады, яғни биылғы жылы Арапа күні 31 тамыз күніне түседі. Бұл күні қажылық парызын өтеуге барған кісілер түс ауғаннан кейін ертеңгі (айт күні) таң намазына дейінгі аралықта Арафат тауына бір мезет тұрақтайды.

 

Арафат – Аллаға жалбарынып, күнәларына тәубе ету үшін пенделердің жиналатын мекені. Сол жерде құлдар әлсіз, мұқтаж күйде Алланың алдында күнәларының ғапу етілуін үмітпен тілейді. Жүректер мен көздерден жас төгіліп, тәубе етіліп, Хақ Тағалаға шын жүректен жалынады. Сөйтіп Алла Тағала сол құлдарының тәубесін қабыл қылып, өмір дәптерлерінде тап-таза беттер ашылады.

Арафат тауының тарихы сонау Адам (оған Алланың сәлемі болсын) атамен ұштасады.

Тыйым салынған жеміске жақындағаны үшін Алланың қалауымен Адам мен Хауа анамыз жәннаттан шығарылып, дүниеде бір-бірінен алыс жерлерге түсірілген, сонымен олар бір-бірін аңсауға толы жылдар өткізген.

Адам (оған Алланың сәлемі болсын) Хазіреті Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла алдындағы құрмет-беделінің арқасында кешірілді[1] де, Алла Тағала Оған Меккеге дейін жол көрсету үшін бір періштені қасына ертіп жібереді. Адамның Хазіреті Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрметіне кешірім сұрауының берекетімен Жиддада өмір сүріп жатқан Хауа анамыз да басқа бір періштенің жетегінде Адам атаға қарай жол тартты. Ақыры екеуі арапа күні екінті уақытында Арафат сайында табысты. Жылап, қайта истиғфар етті.

Сыйлығы мен жақсылығы шексіз Алла Тағала олардың дұғаларын қабыл етумен бірге олардың нәсілінен болып, қияметке дейін жыл сайын сол күні және сол сағатта осы жерге келіп, кешірім сұраған, Алла рахымының аясына кіруді талап еткендердің барлығын кешіруге уәдесін беріп, үлкен сыйлық жасады.

Қажылардың арапа күні Арафатқа шығып, кешірім сұрауларының хикметі де осы.[2]

Арафат тауы – Алла Тағаланың қажыларға тарту еткен жері, ал Арапа күні – Алланың барша иман келтірген құлдарына берген сыйы. Сондықтан, қажылық жасауға мүмкіндігі болмаған, Алланың үйіне бара алмай және Арафат тауына аяқ баса алмай, қынжылған жандар осы күнді шын ниетпен пайдаланулары керек.

Арапа араб тіліндегі білу, түсіну деген мағынаға саятын «عرف» етістігінен шыққан. Бұл күннің «арапа» деп аталуының себебі, зүл-хижжә айының 8-і күні Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа баласын Исмайылды шалу жайында түс көреді. Алғашқыда көрген түсін «жәй түс пе  әлде аян ба» деп ойлаған Ол ертесіне, яғни, зүл-хижжә айының 9-ы күні тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Осы себепті бұл күнді «арапа» деп атап кеткен.

Арапа күнінен үстемірек болған күн жоқ.

و عن جابر [رضي الله عنه]، قال: قال رسول الله : "إذا كان يوم عرفة، إن الله ينزل إلي السماء الدنيا فيباهي بهم ملائكة، فيقول: أنظروا إلى عبادي، أتوني شعثا غبرا ضاجينا من كل فج عميق، أشهدكم أني قد غفرت لهم، فيقول الملائكة: يا رب! فلان كان يرهق، و فلان، و فلانة، قال: يقول الله عز و جل: قد غفرت لهم". قال رسول الله : " فما من يوم أكثر عتيقا من النار من يوم عرفة".

Жәбір (оған Алла разы болсын) риуаят етеді: Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтты: «Ол күні Алла Тағала жер жүзіндегілермен мақтанып көктегілерге «Ей, көктегілер, құлдарыма қараңдар, олар рахметіме қауышу үшін және азабымнан құтылу үшін ұзақ жерлерден келді, шынымен мен олардың күнәларын кешірдім. Сонда періштелер: Мына пендең осындай күнә жасап еді ғой, анау да, мынау да, - дегенде. Ұлы құдырет иесі Алла Тағала: шынымен олардың күнәларын кештім, - дейді». Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтты: «Арапа күні тозақтан көп құл құтылатыны соншалықты, басқа күндерде мұншама құл құтылмайды».[3]

Арапа күнінің артықшылығы жайында хадис шарифтерде:

و عن طلحة بن عبيد الله بن كريز، أن رسول الله قال: "ما رئي الشيطان يوما هو فيه أصغر و لا أدحر و لا أحقر و لا أغيظ منه في يوم عرفة"

«Шайтан Арапа күнінен басқа күндерде мұншалықты қорланған, жәбірленген, әлсіз, өшпенді күйде көрінбейді.»[4]

«Алла Тағала Арапа күнінде құлдарына назар салады. Түйірдей иманы бар болған адамды кешіреді».[5]

 «Арапа күнін құрметтеңдер! Өйткені Арапа – Алла Тағала қадірлеген күн»[6]

«Арапа – өте құнды күн. Ол күні мейірім есіктері ашылады».[7]

 «Төрт түннің күндізі де түні секілді құнды болып келеді. Алла Тағала ол күндері дұға еткен адамның тілегін кері қайтармайды, оларды кешіреді және олар бұл күндерде мол ихсанға қауышады. Бұлар: Қадір түні, Арапа түні, Бәрат түні, жұма түні және күндері».[8]

Әнас (оған Алла разы болсын) Арапа күні турасында: «Арафаттың (күнінің) артықшылығы он мың күннің орнына татиды», — деген екен.[9]

Арапа күні таң намазынан бастап Құрбан айттың төртінші күні екінді намазына дейінгі 23 намазда еркек-әйел барлық адам парыз намаздардан кейін сәлем бере сала «Аллаһуммә әнтәссәлам...» дұғасын оқымай тұрып уәжіп болған тәшриқ тәкбірін оқуы керек.

Тәшриқ тәкбірі:

الله أكبر، ألله أكبر، لا إله إلا الله، و ألله أكب، الله أكبر، و لله الحمد

«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар. Ла илаһә иллаллаһу уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уә лилләһил-хамд.»

Парыз намаздарынан басқа айт және жұма намаздарынан кейін де оқылады. Ер адамдар намазды жеке және жамағатпен оқыса да, ташриқ такбирді жария айтады, ал әйел адамдар іштей оқиды. Мешіттен шыққаннан кейін немесе сөйлескеннен кейін оқу міндетті емес.

Зул хижжә айының бастапқы он күні – ардақты күндер. Алла Тағала өзі Фәжр сүресінде сол он күндерін айта отырып ант еткен:

و الفجر، و ليال عشر

«Рауандап атқан таңмен және (зүл-хижжәның айының) он түнімен ант етемін»[10] 

Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің асыл сөзінің бірінде: «Осы он күнде жасалған игі істен Аллаға сүйкімдірек игі іс жоқ, яғни (зүл-хижжәның) он күні...», – деген.[11]

Осы он күнде мұсылман кісі мүмкіншілігі болса, ораза ұстап, көптеп құран мен нәпіл намаздар оқығаны дұрыс. Арапа күні жасалған ізгі амалдардың сауабы бірнеше еселеніп беріледі.

Арапа күні қажылыққа бармаған кісінің ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілеуінің сауабы өте мол. Әсіресе, Арапа күні ораза ұстау мұстахап амал (сүннет) болып табылады. Хадистерде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

عن أبي قتادة أن النبي : "صيام يوم عرفة، إني أحتسب على الله أن يكفر السنة التي قبله و السنة التي بعده

«...Арапа күнгі ораза үшін өткен жылғы және келер жылғы (екі жылдық кіші) күнәларын кешіруді Алладан үмітпен тілеймін...», – деп бұл күнгі оразаның артықшылығын көрсеткен.[12]

Мұсылмандардың анасы Айша Масрукқа (Алла оған разы болсын), былай деген: «Әй, Масрук, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Арапа күнгі оразаны басқа мың күнмен салыстырғанын естімедің бе?»[13]

Тағы бір риуаятта: «Арапа күні ұсталған ораза 1000 күн тұтылған (нәпіл) оразаға тең», – делінген.[14]

Алла Елшісінің кей жұбайларының айтуы бойынша: «Алла Елшісі зүл-хижжә айының тоғыз күнінде, ашура күнінде және әр айда үш күн, сондай-ақ,  айдың дүйсенбісі мен бейсенбісінде ораза ұстайтын еді», – дейді.[15]

Хазреті Әбу Хурайра «Расулуллаһ Арафатта арапа күні ораза тұтуға тыйым салды» деген. Ал хазреті Ибн Абидин айтқан: «Арапа күні қажының ораза тұтуы, Арафатта тұруға және дұғаларға кедергі болмау шартымен мүстаһаб болады. Ораза ұстау адамды әлсірететін болса, ораза ұстау мәкрух болады».[16]

Бұл күнді Алланың сізге беріп тұрған үлкен бір мүмкіндігі деп білу керек. Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтты:

و عن عمرو بن شعيب، عن أبيه، عن جده، أن النبي قال: "خير الدعاء دعاء يوم عرفة..."

 «Дұғалардың ең қайырлысы – арапа күні жасалған дұға...», – деген.[17]

         Бұл күні пенде Аллаға жалбарынып, құлшылықтарды орындау арқылы үлкен сауапқа қалай кенелетін болса, сол сияқты Алланың тыйған нәрселерінен аулақ болып, сол күнге ерекше ден қойып,  құрмет білдіруі де Алланың рахымына жетелейтін амал болмақ.

Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген болатын: «Бұл күні өзінің қос құлағы, көзі не тілімен де харамға қол салмаған адамның күнә-кемшіліктері кешіріледі».[18]

Тағы бір хадисте: «Арапа күні құлағына, көзіне және тіліне ие болған адам кешіріледі».[19]

Алла тағала баршамызға осы Алланың кеңшілігі мен кешіріміне толы қасиетті Арапа күнін құлшылықпен, Алланы разы қылатын амалдармен өткізіп, хадистерде айтылғандай өткен және келер күнәларымыздан арылыуымызға нәсіп етсін.


 

[1] Хаким, 2, 672/4228; Бәйхаки, Дәләил, 5, 488-489.

[2] Ислам Ғылымхалы II - том.  Дәлел Дәйектермен. Хайратдин Өзтүрік.

[3] Бағауи, Сүннет шархы 159/7,  №1931.

[4] Мәлік, Қажылық кітабы 422/1, №245. Бағауи, Сүннет шархы158/7, №1930.

[5] Ғұнийа

[6] Дәйләми

[7] Дәйләми

[8] Дәйләми

[9] Әт-Таргиб, ІІ том, 200-бет және Ләтайфл Мағариф, 460-бет

[10] Фәжр сүресі, 1-2 аят.

[11] Әбу Дәуід, «Бәбу фи саумиль Ашар» – 2438-хадис.;  Ибн Мәжә – 1727.

[12] Имам Мүслім, Абу Дауд (2425), Насаи (2384).

[13] Байхақи, Табарани.

[14] Табарани.

[15] Әбу Дәуід, «Бәбу фи саумиль Ашар» – 2437-хадис.

[16] Рәдд-ул-мухтар

[17] Тирмизи, Сунан 534/5, №3585.

[18] Муснад Ахмад сенімді тізбекпен, Мәжма’уз Зәуәйд, ІІІ том, 251-бет

[19] Тәбарани

Қажылық уақытындағы ең маңызды күндердің бірі – Арапа күні.

Бөлісу: