19
Жұма,
Сәуір

һижри

Зулхиджа - Алла алдында құрметке ие қасиетті ай

Мақалалар
Жарнама

Бүгін қыркүйектің 4-і болса, Ислам күнтізбесі бойынша Зулхиджа айының 13-інші күні. Мұсылман жұртына белгілі, бұл ай - Құран Кәрімде баяндалғандай, Алла алдындағы ерекше құрметке ие қасиетті уақыт. Зулхиджа – қажылық айы, Арафа мен ұлы мейрам Құрбан айт бұйырған ай. Оның әр күні мен түні қадірлі.  

Шын мәнінде Алла Тағаланың берген нығметтерінің бірі – бізге көптеген жақсылық пен игілікке қол жеткізіп, еселенген мол сауаптарға ие болатын мезгілдер мен айларды  нәсіп етуі.

Бұл жөнінде Жаратушы Хақ Тағала «Тәубе» сүресінің 36-аятында:

إِنَّ عِدَّةَ الشُّهُورِ عِنْدَ اللَّهِ اثْنَا عَشَرَ شَهْراً فِي كِتَابِ اللَّهِ يَوْمَ خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ

«Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі – құрметті айлар» (олар: зүлқағъда, зүлхиджә, мұхаррам және ражәб) дейді.

Алланың мейірім-шарапаты ерекше асып-таситын айрықша мүбәрак айда шынайы мүміндер пенделік қылықтардан мейлінше арылып, атойлаған нәпсіге тойтарыс беріп, барынша рухани кемелденіп, жүректі қайта тазартары анық.

Исламға дейінгі жаһилият дәуірінің кезінде арабтар үшін қасиетті айлар құрметті болып есептелетін еді. Бұл кездері араб тайпалары өзара соғыс пен жанжалды тоқтатып, ешкімге тимеуге тырысатын. Бұл айларда араб қауымы өздерін қауіпсіз сезінетін.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Жыл он екі айдан тұрады. Бұлардың төртеуі – қасиетті айлар. Оның үшеуі бірінен кейін бірі келеді: зүлқағъда, зүлхиджа, мухаррам. Төртіншісі болса – ражәб». Сондықтан әрбір мұсылман пендеге бұл айларды қадірлей білу міндет.

Алла Тағала Құран Кәрімде зулхиджа айында зұлымдық жасауға, күнәлі істерге бой алдыруға қатаң ескерту жасап:

فَلا تَظْلِمُوا فِيهِنَّ أَنْفُسَكُم

«Бұл айларда өздеріңізге зұлымдық жасамаңыздар» деп ескерткен. («Тәубе» сүресі, 36-аят). Имам Құртуби өзінің «Жамиғь» атты еңбегіндегі осы аяттың тәпсірінде: 

     «Алла Тағала бұл төрт айды ерекше еске алып, тіпті, зұлымдық жасау әрқашанда тыйым салынған болса да, осы айды дәріптегендіктен зұлымдық  жасауға  бұл айда ерекше тыйым салған» дейді.   

Абдулла ибн Аббас (р.ғ.) осы аятқа түсініктеме беріп былай дейді:

«Қасиетті айларда – яғни, Алла Тағала он екі ай бойы күнә істеуден тыйып, кейін сол он екі айдың төртеуін қасиетті етіп, олардың ерекшелігіне нұсқады. Осы себептен бұл төрт айда күнә істеу – ауыр қылмыс, ал игі іс істеу – үлкен іс әрі оның сауабы ерекше ұлық».

Демек, зулхиджа айында жасалған күнәнің жазасы ауыр болады, ал оқылған намаз, тұтылған ораза, берілген садақа секілді кез келген құлшылықтың сауабы еселеніп жазылады.

Қатада (р.х.) айтады: «Алла Тағала жаратқанның ішінде екі жаратылысты ерекше етті. Яғни, Хақ Тағала періштелердің және пенделердің ішіндегі елшілерді ерекше етті. Сөзден Хақ Тағала – зікірді, жерден – мешіттерді, айлардан – Рамазан айын және қасиетті (төрт) айларды, күндерден – жұманы, түндерден – қадір түнін ерекше етті».

Сондықтан зулхиджа айын құлшылықпен өткізу маңызды. Алла тағала бізді тақуалы құлдарынан қылып, қасиетті айлардың сауабын нәсіп етсін!

 ummet.kz

Бөлісу: