Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Ұлы Жаратушының Хақ дінінде адамзатқа қатысты барлық мәселелердің толымды жауабы қарастырылған. Он сегіз мың ғаламның жаратылысы, жеті қат жер асты, жеті қабат көктегі сан түрлі құбылыстар һәм заттар мен денелердің өмір сүру заңдылықтары, бәрі-бәрі түгел қамтылған. Оның ішінде адам баласының жаратылысы, ішкі иірімдері мен қабаттары, физикалық болмысының ерекшеліктері, қай жаста қандай күйде болатындығы, жас шегіне қарай қандай амалдарды атақаратындығы жан-жақты қарастырылған. Ислам дінінде әсіресе бала тәрбиесі мен жастық шақтан (балиғат) бастап ұстанар бағыт-бағдардың адам баласы үшін аса маңызды екендігі көбірек ескерілген.
Шынтуайтында, Ислам діні – жас өскінге рухани тәлім-тәрбие мен сапалы білім алып, ата-анасының үкілі үмітін ақтап, қабілет-қарымына қарай қоғамдағы өз орнын иеленіп, ізгіліктің жанашыры болуға үндейді. Хақ сенім (таухид) мен құлшылық негіздерін һәм әдептілік нормаларын үйретумен көркем мінез-құлықты бойына сіңіруге күш жұмсайды. Бұл туралы Алла Тағала Құран кәрімде:
وَإِذَا بَلَغَ الْأَطْفَالُ مِنكُمُ الْحُلُمَ فَلْيَسْتَأْذِنُوا كَمَا اسْتَأْذَنَ الَّذِينَ مِن قَبْلِهِمْ كَذَلِكَ يُبَيِّنُ اللَّهُ لَكُمْ آيَاتِهِ وَاللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ
«Ер жеткен балаларың, бұрынғылар рұқсат сұрағандай рұқсат сұрап кірсін» (Нұр, 59).
لَئِنْ اٰتَيْتَنَا صَالِحاً لَنَكُونَنَّ مِنَ الشَّاكِر۪ينَ
«Егер бізге игі бала берсең, әрине шүкір етушілерден болар едік» (Ағраф, 7-189) деп бұйырады.
Жалпы, Құран-кәрімде ақыл-естің толыса бастаған шағы «сабий», «ғулам», «фәта», «тураб», «балаға» терминдерімен берілген. Адам баласы бұл жаста: «қайдан келдім?», «қайда барамын?», «не үшін дүниеге келдім?», «мен қандай қарым-қабілетке иемін?» және т.б. маңызды сауалдардың жауабын іздей бастайды. Дәл осы шақта таным түйсіктері арқылы қабылдаған мәліметтер тікелей адам баласының тағдырына әсер етеді. Өйткені, осы кезде көрген және естіген жәйттерден пайымдап, тұжырым жасау және ой-қорыту қасиеттері іске қосылады. Яғни, балауса кезеңді артқа тастап, өмір майданының табалдырығынан аттар шақтағы тәлім-тәрбие мен алған ілім-білім аса маңызды саналады.
Әсілі, Ислам дінінде өсіп келе жатқан ұрпақтың жас ерекшелігіне қарай тәлім-тәрбие беріп, міндет жүктеу керектігіне баса мән берілген. Бұл жөнінде Алла Елшісі (ﷺ): «Бала жеті жасына дейін сізге әмір беруші, жеті жасынан он төрт жасына дейін әмірге мойынсұнушы, он төрт жасынан кейінгі жеті жылда әке-шешесіне кеңес беруші»(Хадис-и Тәрбиати, 1), – дейді. Яғни, адам ағзасына керек дәруменді уақытылы егу физиология үшін қаншалықты маңызды болса, сапалы адам өсіріп шығару үшін онымен жас ерекшелігіне қарай қарым-қатынас жасау да аса маңызды болып есептеледі.
Жастарымыз күні ертең мәуелі дарақ болып бой көтеруі үшін оларды тәрбиелеуші қоғамдық орта (ата-ана, отбасы, мектеп, мемлекет) дер шағында тағылым нұрын себезгілеп, ілім мен тәлімді жас күнінен бойына сіңіре білгеніміз жөн. Өйткені, шыбық кезінен дарақтың күтімі болмаса, ертең оның бітімі де болмайды. Олай болса, келешегіміз жарқын болсын десек, жастардың тәрбиесі мен білім алуына жоғары деңгейде мән бергеніміз абзал. Кіндігімізден кемел ұрпақтың өрбуін құр тілеп ғана қоймай, ниетімізбен қоса амал-әрекет ету арқылы өсіп-жетілдіруге ынтық тұруымыз шарт.
Әзіреті Пайғамбар (ﷺ) өз хадис-шарифтерінің бірінде; «Сіздің әрқайсыңыз шопан секілді өз қарауыңыздағы адамдарға жауаптысыз. Мемлекет басшысы да шопан және қол астындағаларға жауапты. Әрбір жеке тұлға өз қарауындағылардың жетекшісі және бағыныштыларға жауапты. Әйел ерінің үйіне бас-көз және өз қарауындағы нәрселерге жауапты. Қызметші иесінің мүлкіне басшы және өз қарауындағыға жауапты. Әрбіріңіз шопан және әрбіріңіз бағыныштыларға жауаптысыз»(Бұхари, Жұма, 11), - деп ескертеді. Демек, әрбір ата-ана, отбасы, мектеп, қоғам мен мемлекет жастар тәрбиесі мен білім алуына әрі олардың өсіп-жетілуі мен қандай арналарда жол тартуына тікелей жауапты.
Елбасымыз Н.Назарбаев 2019 жылға арналған Жолдауында жастардың алғыр екпіні мен инерциясы мемлекетті дамытатын ерен күш екенін ескеріп: «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» (2019) деп жариялауды ұсынамын» деп, үкімет пен қоғамдық ұйымдарға ағымдағы жылдың бағыт-бағдарын айқындап берді.
Бұл бастамадан базбір сарапшылар саяси астар іздеп, «Жастар жылын» алдағы өтетін науқандармен байланыстыруда. Шынтуайтында, жастар мәселесін саясаттан тысқары қарастыра алмаймыз. Жалпы, әлемдік саясатқа қарасақ, жастар мәселесінің нақ саясаттың өзі екеніне куә боласың. Және билік жастар мәселесіне бүгін ғана бет-бұрған жоқ. Еліміз егемендік алғаннан бері жастар мәселесі биліктің назарынан тыс қалған емес. Қазақстан үкіметі жастарымыз қоғамға қажетті білім алуы үшін жылдан жылға гранттардың санын арттыруда. Ұлт көшбасшысы Н. Назарбаевтың бастамасымен «Болашақ» бағдарламасы қабылданып, мыңдаған қазақ жастары шетелдердегі озық оқу орындарында білімін ұштады. Үкімет құрамында жастардың оқу-білім, идеология, әлеуметтік мәселелерімен шұғылданатын арнайы комитет жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясынының «Жас Отан» жастар қанаты да жас өскіннің ұлттық идеологиялық санасын қалыптастыруға мұрындық болып отырған әлеуметтік институттардың бірі.
Тәуелсіздік жылдарында жүздеген Қазақ жастары Ислам әлемінің озық оқу орындарына оқуға жіберілді. Елімізде бірнеше діни оқу орындары ашылып, жас өскін руханият қайнары – Құран және сүннет ілімімен сусындады. Бүгінгі таңда діни білім алған мамандар өңір-өңірде руханияттың шамшырақтарына айналып отыр. ҚМДБ құрамына кіретін мешіт қызметкерлерінің басым көпшілігі жастар. Жылдан жылға олардың саны мен сапасы артып келеді. ҚМДБ аппараты жас мамандардың әлеуметтік мәселелерін мейлінше қамтамасыз етуге күш жұмсауда. Алла жазса, биыл жастарымызға қатысты бірталай мәселелер оң шешімін табады деген үміттеміз.
Ермек қажы Тасболатұлы,
ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы,
облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы