27
Сәрсенбі,
Қараша

һижри

Әсіре діншілдік қайдан шығады?

Әсіре діншілдік қайдан шығады?

Мақалалар
Жарнама

Өкініштісі, «балам жасаған тамағымды жемей қойды», «қайын ағам харам деп тойыма келмеді», «намаз оқымағаным үшін «кәпірсіңдер» деп ұлымыз бізден іргесін бөлді» деген сөздерді бүгінде жиі естіп жүрміз.

Иә, қазақ болмысына жат мұндай құйтұрқы әрекеттер қайдан кірді арамызға? Шаңырақтың берекесін алып, құтын қашырған қандай дерт? Талай туысты бір-біріне дұшпан еткен қандай күш?

Салмақты оймен сараптаған кісіге осы сұрақтардың бәріне ортақ бір жауап бар. Демек, бұлар «артық қыламын деп, тыртық қылып жүргендердің» ісі. Бір сөзбен айтқанда – әсіредіншілдік.

Бүгінде әсіредіншілік көріністері көп. Сенім және шариғат мәселелері былай тұрсын бүгінде елімізде қалыптасқан тіл мәселесіне де өзіндік салқынын гізіп жатқанын байқаймыз. Сөз арасында арабша термин қосу, түбі араб тілінен еніп, қазақ тілінің тілдік нормаларымен қазақшаланып кеткен біраз сөздерді айтқанда таза арабшасымен дыбыстайтын әдеттің баршасы осының көрінісі. Бұл жазу мәдениетімізге де шым-шымдап еніп келеді. Бір ғана көрінісі – ҚМДБ-ның жанындағы Ғұламарлар кеңесі 2014 жылы Құдай Тағаланың атын «Алла» деп айту, жазу туралы пәтуа шығарғанымен ақпарат құралдарында, кітап, журналдарда «Аллаһ» деп жазу әлі бар. 

Осылайша, Мұхаммед Пайғамбар ғалайһиссаламның өзі ескерткен дінде шектен шықпау мәселесі бүгінгі қазақ қоғамы үшін де өзекті тақырыпқа айналып келеді десек артық айтқан болмаспыз.

«Дүмше молда дін бұзар», «Көп асқанға – бір тосқан», «Өлтіретін «молда» бар, өртейтін кітап бар». Мұндай мақалдар қашаннан бері айтылып келе жатқанын қайдам. Десе де, атам қазақ дін мәселесінде де «Былшығын шығарам деп, қылшығын шығаратын» дүмшелердің қауіпті екенін ертеден білсе керек. Қазақ даласында қадым замандарда әсіре дін ұстап, ұшқары кеткендердің болған-болмағаны бір Аллаға аян. Бір білеріміз, өмірін өнегеге толтырған Мұхаммед (с.ғ.с) үмметім деп өмір кешіп, дін мәселесінде де сабырлы, салмақты болғаны. Олай дейтініміз қазақ даласын осыған дейін «діни алауыздық болыпты» деген сыбыстың елесі кезбеген. Адамдары дін ұстануды өмірдің өзіндей қабылдап, салт-дәстүрі мен мәдениетіне айналдырып үлгірген ел едік.

«Әуелі  аят-хадис – сөздің басы» десек, Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Біз сендерді орта жолды ұстанатын қауым қылдық…», «Бізді тура жолға сала көр! Нығметке бөленгендеріңнің жолына! Ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес!(де)» деп әмір етіледі. Аталмыш аяттарда адаспай, шектен шықпай жүретін бір жолдың (сиратул-мустақим) бар екенін, оны Алла сүйетінін аңғарамыз. Пайғамбарымыздың да (с.ғ.с) діншілдік мәселесінде де шектен шығып кетуді құптамайтындығын, байыпты, байсалды дін ұстануға насихаттаған мүбәрак хадистерден байқауға болады.

«Дінде шектен шықпаңдар! Дінде шектен шығу құрдымға кетіреді», «Еш нәрсеге, тіпті дінге де шектен тыс берілмеңдер. Сіздерден бұрын өткен көп қауым дінге шектен тыс берілгендіктен өкініште қалған».

Осы орайда, діни сананы қауіпті діни уәждерден қорғап, Ардақты Елші (с.ғ.с) салып кеткен сара жолымен жүріп, «әлхамдулилла мұсылманбыз» деген ұлттық дүниетанымымыз, дала данышпандарының рухани ілімдері Ислам діні насихаттайтын «Сиратул-мустақимді (тура жолды)» меңзейді. Ал, бүгінде бұндай ауытқулар қайдан келді?

Абай Хакім айтады:

«Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,

Әр нәрсеге өзіндей баға бермек.

Таразы да, қазы да өз бойында,

Наданның сүйенгені – көппен дүрмек.

Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,

Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек.

Бір-екі жолы болған кісі көрсе,

Құдай сүйіп жаратқан осы демек», - дейді. Бұл тармақтардың біздің тақырыпқа қатысы не? Қатысы - мұнда да Хакім қате дінни сенімнің тегі надандық екенін айтуында. «Жолы болған бір-екі кісіні көрсе, Құдай сүйіп жаратқан дейтін» қате түсінікті сынға алып отыр. Бұл жерде адамның еркін жоққа шығару, қалау, тағдыр туралы түсінікте орта жолды ұстанбау мәселесі айтылып тұр. Яғни, білім ізденбей көппен бірге дүрмекпен жүріп надан қалудың рухани кесапаты деген сөз. 

Ал, Шаһкәрім қажының «Тура жолда қайғы тұрмас» (атының өзі қандай керемет) деген өлеңінде шын дін мен «жын» діннің ара жігі, діни әрі рухани ілім мен танымдағы ауытқушылық, діни негіздерден көз жазып қалу, діни көрсоқырлық пен ұшқарылық жайында бүй дейді:

«Таза ақылмен таппаған дін,

Шын дін емес – жындылық.

Қарамалаған бір соқырсың,

Өлген ой мен көз, құлақ», - дейді. Яғни, ойшыл бұл өлеңінде тура жолды ұстану үшін «ой жүгіртіп, көз жеткізіп, көп естіп таза ақылмен салмақтап табу» методын ұсынады. Зерделеп көрсек, бүгінгі бар мәселенің ұшы екі ғұламаның ой пайымдарынан өз шешімін табатынын байқаймыз. 

Кеңестік кезеңдегі еліміздің қазиі болған Сәдуақас қажы Ғылмани білімсіз, надандықпен жасалған құлшылықты сынаған Бейімбеттің өлеңін құптап былай деп жазыпты; «Бейімбеттің өлеңі ұстасаң оразаны шын ораза ғыб ұста, болмаса құр ашығудан не пайда деп кесібке қыздырған[1]. Ол сөз нағыз орынында айтылған сөз ғой.

Мұхаммет Пайғамбар (с.ғ.с) өз сөзінде: «Талай ораза ұстаушылар бар. Олардың оразасы шөлдеу мен қарны ашудан басқа табары болмайды» деген ғой!». Атамыз өз пікірін Пайғамбар (с.ғ.с.) сөзімен қуаттап бекітеді.

Демек, діншілдікті дұрыс біліммен байланыстыру дала данышпандарының еңбектерінде көптеп ұшырасатын көзқарас екенін аңғару қиынға соқпайды. Шын мәнінде ақыл жүгіртіп, жан-жақты біліп (тек діни білім ғана емес, ұлттық дүниетаным, тарихымыз бен мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, тіл білімдері, ой білімдері және осы салалардағы жекелеген элементтердің шығу негізі, т.б.) ұстанған байыпты кісі бүгінгідей өркениетті қоғамда адасушылыққа бой алдырмас еді. 

Бұл – осы заманғы діншілдер үшін де аса өзекті. Білімсіз жастардың діни мәтіндерді дұрыс түсінбеуінің салдарынан қаншама жастарымыз теріс пиғылды жат ағымдардың жетегінде жүр. Ендеше, қазақтың діншіл болмысында да білімсіз дін ұстану діншілдікке жатпайды. Сондықтан дала тағылымгерлерінің асыл сөздері мен байырғыдан келе жатқан дәстүрлі діни сананы жаңғыртудың рөлі айырықша.

Әсіре діншілдік мәселесінің алдын алу жайлы сөз қозғағанда ең әуелі идеялогиялық кешенді жұмыс жүргізу арқылы қоғам мүшелерін терроризм, экстремизм және радикализммен саналы түрде күресетін, сақтануға мейілінше қабілетті рухани иммунитет қалыптастыруымыз керек. Жалаң ұран мен формалды істер тақуалықтың белгісі бола алмайтынын түсіне отырып, нақты нәтижелерге ұмтылға лазым.

«Құдай – бір, Құран – шын, Пайғамбар – хақ» деп иманның үш тұғырына берік жармасқан қазақ даласында діни алауыздық болмады десек,  бұл тәжірибені зерделеу, қолданысқа енгізу аса маңызды.

Бүгінде әсіре діншілдердің салдарынан халықтық санаға талас басталғандай. Олар алдымен өзіне, сосын қоғамның береке-бірлігі мен тыныштығына, ел тұтастығына қиянат жасайды. Бұл мәселені ел болып ойланып, жұрт болып толғанып, азаматтар санасына шам жағатын кез келген сыңайлы.

Оразбек САПАРХАН


[1] Кесібке қыздыру – жұмысқа ынталандыру деген мағынада. (- О.С.)

Бөлісу: