27
Сәрсенбі,
Қараша

һижри

Адамның қайырлысы – балалығын байсалдылыққа жеңдірген жан

Адамның қайырлысы – балалығын байсалдылыққа жеңдірген жан

Мақалалар
Жарнама

Серікбай қажы ОРАЗ,

Қазақстан мұсылмандары

діни басқармасының

төрағасы, Бас мүфти

Жастар қай кезде де қоғамның негізгі қозғаушы күші. Сондықтан қай қоғамда да жастар жайы назардан тыс қалған емес. Қай ұлттың болмасын болашағы мен ертеңі – бүгінгі жастарына тікелей байланысты. Егер жастары қайратты да қажырлы, білімді болса, сол елдің болашағы да жарқын әрі кемел. Ал егер жастары дәрменсіз, әлсіз болса, ол елдің болашағы да бұлыңғыр. Елбасы үстіміздегі жылды Жастар жылы деп жариялап, жастарды барлық салада да қолдау керектігін баса айтты. Жастарға жігер-қайрат, тұнық таным, ұшқыр ой және албырттық тән. Ал жасамыста талай жылғы тәжірибе, салмақтылық пен салиқалылық, ғұмырлық таным таразысы қалыптасқан. Кей кездері бозбала бойындағы бұла күш, қайнаған қайрат-жігер ырқына көнбей, сан-саққа жетелейді. Сондай кездері олардың ақиқаттың байыбына барғызып, аптыққан көңілдерін сабасына түсіретін, әнтек ойлар мен келеңсіз әдеттерден тыятын, ол – аузы дуалы, ділмәр абыздардың ақыл-нақылы, ұлағатты ұстаз бен тәрбиешінің тәжірибе тезі, жасы үлкен ағалардың басалқы сөзі. Олай болса, жастарды дұрыс жолға бағыттауда алдыңғы толқынға да жүктелер жауапкершілік мол. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Ұлым дейтін халқың болмаса, халқым дейтін ұл қайдан болсын». Бұл – қоғамның бір-бірімен тығыз байланысының көрінісі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір қауым елдің бір-бірімен байланысын бір кемедегі жолаушылардың тағдырына ұқсатқан.

Расында да, кешегі жастың кейін жеке тұлға болып қалыптасуына отбасындағы тәрбиесінен кейін қоршаған ортасы да қатты әсер етеді. «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» дейді Абай хәкім. Сондықтан жастарды дұрыс бағытқа бағыттап оларға әрдайым қолдау білдіру бүкіл қоғамның міндеті. «Асыл тастан, ақыл жастан» дегендей қай қоғамда да жастар жаңаруға, жақсаруға ұмтылып, негізгі қозғаушы күшке айналған. Асыл дініміз Ислам да жастарға ерекше маңыз береді. Мысалы, Құран Кәрімдегі «Кәһф» сүресінде иманын сақтап, үңгірге жасырынған жастардың уақиғасы баяндалады. «Олар иман келтірген жастар еді» деп сипатталады. Сол жастардың уақиғасы кейінгі толқындарға үлгі ретінде көрсетілді.

Жаратқан Жәббар Хақтан уахи түскенде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жасы қырықта болатын. Ал насихатына еріп, иманға келгендердің басым бөлігі жастар еді. Алғаш иман келтірген кезде Әбубәкір Сыддықтың (р.а.) жасы отыз сегізде, Омардың (р.а.) жасы жиырма алтыда, Осман (р.а.) жиырмада, Әлидің (р.а.) жасы сегізде, Абдуррахман ибн Ауф отызда, Зубейр ибн Аууам 18-де, Талха ибн Убайдулла 11-де, Сағыд ибн Әбу Уаққас 17-де, Абдулла ибн Масғұт 14-те, Жағыфар ибн Әбу Тәліп 18-де болатын. Сахабалардың басым көпшілігі жастар еді. Бұлардың барлығы Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мектебінің парасатты да алғыр түлектері болатын. Әуелі Алланың қалауымен, сосын сол жастардың жұмыла күш салуымен Хақтың қасиетті Сөзі шартарапқа жайылды.

Жалпы дінді насихаттаған кезде де Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жастардың орнын ерекше бағалаған. Бір хадисінде балалығын байсалдылыққа жеңдіріп, ақыл тоқтатып, имандылық жолында ерте есейгендерді ең қайырлы жас деп сипаттайды. Риуаят бойынша Омар ибн Хаттаб (р.а.) өзінің халифалығы кезінде қандай да бір қиын мәселе сөз болғанда жастардан арнайы пікір сұрайды екен. Өйткені олардың ойлары жүйрік, зерек болады деп тұжырымдаған. Жастық шақтың жауапкершілігі де жоғары. Имам Термези таратқан риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Қиямет күні әрбір пендеден төрт нәрсесі туралы: өмірін оны қалай сүргені, жастық шағын қалай өткізгендігі туралы, мал-дүниесін қайдан тауып, қайда жұмсағандығы жайлы, біліміне қандай амал жасағандығы жайлы сұралады».

Жиырмасыншы ғасырдың бас шенінде ерекше белсенділігімен тарих сахнасына шыққан қазақ зиялыларының да басым бөлігі жастар болатын. Олар ғасырлар бойы бодандықта болып келген елдің мешеу жайына жайбарақат қарап отыра алмай, біліммен қаруланып, азаттық үшін күрестерін бастап кетті. Ел-жұртты, оның ішінде жастарды жаңа заманға бейімделіп, дербес ел болудың қамын ойлауға шақырды. Нәтижесінде, әр жерде қазақ жастарының ұйымдары құрыла бастады. Алғашқы қазақ жастар ұйымының жетекшілерінің бірі Смағұл Сәдуақасұлы былай деп жазады: «Ең алғашқы жастар ұйымы Омбы қаласында 1914 жылы ашылды. Ол ұйымның аты «Бірлік» еді. «Бірліктің» мақсаты оның программасында айтылған. Қазақ халқын мәдени һәм әдеби жағынан ілгері қатардағы жұрттарға қосу, ұлтшылдық сезімін туғызу һәм ұлттықты сақтау». Сол толқынның көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаев Алаш жастарына деген сенімін былайша өрнектеп жеткізген:

«Айбынды алаш елiм дер,

Алтын Арқа жерiм дер,

Мен жастарға сенемiн!

Қажу бар ма тұлпарға,

Талу бар ма сұңқарға,

Иман күштi оларда,

Мен жастарға сенемiн!..

Алаш айбынды ұраны,

Қасиеттi Құраны,

Алаштың олар құрбаны,

Мен жастарға сенемiн!

Мен сенемiн жастарға.

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бiр таңда,

Мен жастарға сенемiн!»

Алаш қайраткерлерінің ұлтқа тұтқа болатын тұлғаларға айналуына тәлім алған мешіт-медреселер мен діни ұстаздарының рөлі өте жоғары болды. Жастайынан имани тәрбие алып, туған ортасынан жерімеген жас түбінде ұлты үшін қызмет етуге дайын еді.

(жалғасы бар)

anatili.kazgazeta.kz

Бөлісу: