10
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Кешірімді бола білу.

Ғибратнама
Жарнама

Кезекті бір дәрісінде ұстазымыз доктор Ато ас - Сынбати басынан өткен мына бір оқиғаны айтып берді: "Докторлықты қорғағаннан кейін үлкен университетте профессордың көмекшісі қызметіне тағайындалдым. Жұмысым жақсы жүріп жатты. Бірақ кездейсоқ жағдай көңілімді қатты алаңдатты. Сол университетте жұмыс істейтін үлкен жастағы бір профессор мені көрсе жақтырмай қарап, керек десеңіз сәлемімді алмайтын болды. Ол адамды сыртынан ғана танимын, алдында жасаған ағаттығым жоқ еді. Мен туралы ол кісіге кім не жаман нәрсе айтқанын, не айтқанын біле алмадым.

Бірде көп адамның ортасында тұрып, сұқ саусағын шошайтып: "Мынау Ато деген жігіт мансапқор, дұрыс азамат емес",-деп айтқанын да естіп қалдым. Ішімнен: "Не мансап екен, докторлығымды өз еңбегіммен бітірдім. Көмекші болып жұмыс істеймін. Елдің бәрі істеп жүр ғой...", - деп қоямын. Бір күні қабырғада ілінген "хабарландыру" тақтасынан әлгі адамның әкесі қайтыс болғанына байланысты көңіл айту жөніндегі  хабарландыруды көзім шалды. Жаназасы осы күні, осы сағатта, осы мешітте өтеді деп те жазылыпты.

Не істерімді білмедім. Алдына барып, әкесіне көңіл айтсам, қуып та жіберуі мүмкін. Үйге барған соң почтаға телефон соғып, әлгі адамға көңіл айту телеграммасын жіберейін деп шешіп, солай жасадым. Шамасы бір аптадан кейін университетте әлгі профессорды көп адамдармен бірге тұрғанын көрдім. Ішімнен тағы не айтады екен деп алаңдап барамын. Бір мезетте әлгі адам мені көре салып: "Әй, Ато балам тоқта, бері кел", - деді. Содан соң айналасындағы университет ұжымына : " Халайық! Мен мына Ато бауырым туралы жаман ойлап жүріппін өсекке сеніп. Бұл жігіт нағыз азамат екен. Кеше әкем қайтыс болғанда, менің атыма көңіл айтып, телеграмма жіберіпті. Телеграмманы оқып, сенер - сенбесінді білмей қалдым. Мен оны қаншама тілдесем де, маған осылай мәміле жасады. Барлығыңыздың ортаңызда одан кешірім сұраймын", - деп келіп, мені құшақтады. Кейіннен осы аға екеуіміз айырылмас дос болып кеттік. Бұл жағдайға ұқсас жағдайда әрқайсымыз  болуымыз мүмкін.

Сонда не істеуіміз керек? Алла Тағала "Фуссилат" сүресінің 34 аятында көрсеткен жолмен жүруіміз қажет: "Жақсылық пен жамандық бірдей болмайды. Сен жамандықтың қарымын (қолыңнан келген ең керемет) жақсылықпен қайтар. Сонда өзіңе қас дұшпан болған адамның жан досыңа айналғанын көресің". Менің басымда тура осы аяттағыдай жағдай болды",-деп әңгімесін аяқтады.

Расында да, атам қазақ айтқандай: "Таспен атқанды, аспен ат", - демекші, қандай жағдайда да кешіре білген адам озады. Қиямет күні таразыға тартылмайтын үш амалдың бірі де осы ғой. Яғни, сабырлылық, ораза, кешірімділік. Алла баршамызға көркем мінезді,кешірімді болуды нәсіп етсін! 

 

 

Қуат Қабдолда 

«Нұр – Мүбарак» университетінің докторанты

Бөлісу: