23
Сенбі,
Қараша

һижри

Дініміз бойынша кімдерді көршілер деп айтамыз?

Ғибратнама
Жарнама

Ислам діні ерте заманнан бастап, көршілікке және көрші ақысына ерекше мән беріп, көршілерге зиян тигізуден аулақ болуға шақырады. Қасиетті Құранда: «Аллаға құлшылық жасаңдар. Оған ештеңені ортақ етпеңдер. Ата-аналарыңмен, туған-туыстарыңмен, жетімдермен, қамқорлықты керек қылған адамдармен, алыс-жақын көршілеріңмен, достарыңмен, қол астарыңдағы қызметшілермен жақсы араласыңдар. Алла барлық дандайсыған мақтаншақтарды жақсы көрмейді» («Ән-Ниса» сүресі, 36-аят).

Жоғарыдағы аятта айтылғандай, көршілерге жақсылық жасау керектігі айтылады. Сондай-ақ, бұл аяттан көршілердің «жақын» және «алыс» болып бөлінетіндігін көреміз:

  1. Есігінің аузы тым тақау көрші басқаларға қарағанда тым жақын болып есептелінеді.
  2. Туыстық жақындығы бар немесе үйлері бір-біріне жақын адамдар «жақын көрші» деп аталады.
  3. Үйлері бір-бірлеріне жақын да, алыс та емес, өзге діндегілер «алыс көршілерге» жатқызылады.

Дініміз бойынша кімдерді көршілер деп айтамыз? Бұл жөнінде Айша анамыз (Алла оған разы болсын) үйіңізден төңіректегі қырық үйлік арақашықтық екенін айтқан. Көршілер деп осы қашықтықтағы үйлерді айтқан.

Ал, хазіреті Әлі (Алла оған разы болсын) адамның даусы жететін жердегілердің барлығы көрші болып саналатындығын білдірген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көршілік ақысы тұрғысынан оларды үшке бөлген:

  1. Бір ғана ақысы бар көршілер. Бұл мұсылман емес көршілер. Бұлардың тек көршілік ақысы бар.
  2. Қос ақысы бар көршілер. Бұл мұсылман көршілер. Бұлардың көршілік ақысымен қатар мұсылман бауыр ретінде ақысы бар.
  3. Үш бірдей ақысы бар көршілер. Бұл мұсылман әрі туыс болып келетін көршілер. Бұлардың көршілік, мұсылмандық және туыстық ақысы бар.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көрші ақысының маңыздылығы жайлы өзінің хадистерінде былай дейді:

«Аллаға, қиямет күніне сендім деген адам көршісін сыйласын».

«Көрші туралы Жәбірейіл періштенің кеңесті үйіп-төккені сонша – мен апыр-ай, көршіні көршіге мұрагер етпес пе екен деген ойға қалдым».

«Көршілеріңмен көршілігіңді жақсарт, шынайы мұсылман боласың».

«Көршіңе деген құрмет, анаңа деген құрметпен тең».

«Алла есебінде достардың ең жақсысы – досына ең қайырлы, пайдалы болғаны. Алла есебінде көршілердің ең жақсысы – көршілеріне ең қайырлы болғаны».

Пайғамбарымыздың сүннеті бойынша, көршілерге деген қатынасты нығайтуға арналған 9 кеңес:

  1. Күлімсіреу.

Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Бауырыңның жүзіне күліп қарау – садақа» – деген.

  1. Сыйлық жасау.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде:

«Бір-біріңізге сыйлық беріңіздер! Өйткені сыйлық сүйіспеншілікті арттырады, жүректі кірбіңнен тазартады».

  1. Тамақпен бөлісу.

Әбу Зәрдан жеткен хадисте пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Ей, Әбу Зәр! Сорпа қайнатсаң суын көбірек қос, сөйтіп жағдайы нашар көршілеріңе де сорпаңнан беріп, жақсылық жаса» деген. Бұл өз жағдайыңды қалай ойласаң, көршіңнің де жағдайын дәл солай ойлауға тырыс. Өйткені, «көршің аш бұратылып жатқанда, сенің тоқ жатуың мұсылмандыққа сай емес» дегенді білдіреді.

  1. Сыпайы және әдепті сөйлесу

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде:

«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман етсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін».

  1. Қонақжай болу

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін» – деген.

  1. Ұқыпты болу және тазалықты сақтау

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Алла кіршіксіз таза, әрі тазалықты сүйеді» – деп айтқан.

  1. Шыншыл болу

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде:

«Шыншылдық жақсылыққа жетелейді, ал  жақсылық жаннатқа жетелейді. Шыншыл болу адамның өзіне байланысты. Алланың кітабында шыншылдар қатарынан орын алу үшін алдымен сөзінде, қарым-қатынасында, әрбір амалында шыншыл болуға әрекет жасайды. Өтірікші болу да бірте-бірте болады, тіпті Алланың кітабында  өтірікшілер қатарынан орын алады. Өтірік жамандыққа жетелейді, ал жамандық тозаққа апарады» - деген.

  1. Көршілермен байланыста болу және олардың жағдайынан хабардар болу
  2. Көршілердің көңіліне қарау, мұқиятты болу   

«Көршіні Құдай қосады» – демекші, жақсы көрші де жаман көрші де Алланың бергені. Жақсы көрші ол Алланың сыйлығы. Ал, көршіңіз жаман болса, ол Алланың сынағы. Сабыр қылып, Алладан көршіңізге тура жолды нұсқауын тілеу керек. Осы тұста Имам Ағзам Абу Ханифаның басынан өткен оқиғаларды еске алғанымыз абзал.

Жақсы көрші бола білудің жарқын мысалын имам ағзам Әбу Ханифаның өмірінде кездескен мына бір мысалдан айқын аңғара түсеміз.

Имам Ағзамның бір көршісі бар еді. Үйлері тиіп тұратын. Әр күні түнде үйіне ішіп келіп, таңға дейін ән айтып, саз шалып, шулап имам Азам хазреттерінің мазасын қашыратын. Имам Азам оған ештеңе деместен, сабыр ететін. Бір күні түнде әлгі жігіттің дауысын естімеген Әбу Ханифа (оған Алла разы болсын) таңырқап, таңертеңгісін көршісінің есігін қағады. Есікті ашқан көршісінің әйеліне:                                                                                  

– Күйеуіңіздің дауысы шықпағанынан алаңдап едік, әйтеуір ештеңе боп қалмады ма екен? - деп сұрайды. Әйел мұңайғанымен қоса ұялып:    

– Оны түнде базардан мас күйде келе жатқан жерінен сақшылар түрмеге қамап қойыпты, – дейді. Мұны естіген Имам Ағзам дереу әкімнің үйіне барады. Әкім оны көрісімен орнынан тұрып құрметпен сәлемдеседі, кейін:        

– Уа имам! Келген себебіңізді айтасыз ба, бір қалауыңыз бар ма? – деп сұрайды. Имам Ағзам:                                                      

– Әкім мырза, біздің бір көршіміз бар еді, түнде мастығы үшін қамауға алынған екен. Соны босатуыңызды сұраймын, – дейді. Бұдан кейін әлгі жігітті босатып, Имам Ағзамға тапсырады. Жолда хазреті Әбу Ханифа:                            

– Ренжіме кеше бұл жағдайдан хабарымыз болмады және бала-шағаңа напақа бере алмадық, мына ақшаларды ал да олардың напақасын қамтамасыз ет! – дейді.   Көрші жігіт қатты өкініп, ұялғанынан қызарып кетті. Шын көңілмен тәубе етті. Өлгенге дейін Имам Ағзамнан айрылмай, оның шәкіртіне айналыпты. Әбу Ханифа Бағдад қаласында тұрған кезде, бір яхуди көршісі болыпты. Сол көршісінің дәретханасы, Әбу-Ханифаның қоршауының қасында орналасқандықтан, нәжісінің бәрі имамның ауласына қарай ағыпты. Яхуди ол туралы білмепті. Имам болса, сабырлық пен төзімділік танытып, ауласын тазартып жүріпті. Бұл жағдай қырық жыл бойы жалғасыпты. Имам Ағзам дүниеден өткеннен кейін ғана, көршісі бұл жағдайды біліп, таңырқап:

– Ол кісіні бұлай істеуге итермелеген не? – деп сұрапты.

– Ислам және Пайғамбарымыздың жолымен жүру – деп жауап беріпті адамдар. Осыдан кейін, яхуди мұсылмандықты қабылдапты деседі.

Көршілік қатынастар – ерекше деңгейдегі қатынастар. Сол себепті халқымыз, «Көрші ақысы - тәңірі ақысы» деп, оған аса мұқият қарауға тырысқан. Ірі мұсылман ғалымы Имам Ғазали бұл жайлы былай деген: «Көрші ақысы көршіге жамандық жасамаумен ғана шектелмейді. Бұған қоса, көршіге әрдайым жақсылық жасау да осының аясына кіреді. Мұсылмандықта көршіге сыпайы мінез таныту, көршімен кездескенде онымен амандасу, ауырғанда халін сұрау, қайғысын бөлісу, қуанышына ортақтасу, жолаушылап кеткенде үй-ішіне бас-көз болу, балаларына жақсы қарау, айыбын әшкерелемеу, дінге не күнделікті тіршілікке қатысты ақыл сұраған істерде дұрыс жөн сілтеу т.б. – бәрі де көрші ақысына жатады».

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Әділ Агитаев

Бөлісу: