28
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

«Фатиха» сүресiнiң бірінші аят тафсирi

Бір аят тәпсірі
Жарнама

الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ

«Барлық мақтау бүкiл әлемдердiң Раббысы Алла Тағалаға тән».

"الْحَمْدُ للهِ" (Барлық мақтау Алла Тағалаға тән) сөзiнiң мағынасы: Алла Тағала пенделерiне санжетпес нығметтерiн сыйлады. Оның санын Алла Тағаладан өзге ешкiм бiлмейдi. Алла Тағала пенделерiне берген сол санжетпес нығметтерi үшiн…, әрi олар оған лайық болмаса да, пенделерiн дүние ризығы және тiршiлiк қажетiмен қамтамасыз еткенi үшiн жалғыз Аллаһ Тағалаға деген шын жүректен шүкiршiлiк ету».[1]

"رَبٌّ"(Роббун)[2] сөзiнiң тафсирi: "رَبٌّ"(роббун) сөзiнiң Алла Тағалаға қатысты мағынасына келер болсақ, ол: әлемдегi құбылыстарды ретке келтiрушi әлемнiң Иесi.[3] Бұл сипаттама жалғыз Алла Тағалаға тән. Осы себептен ғалымдар: «Бұл есiм Алла Тағалаға тән «Исмүл-Аъзам»-ға[4] жатады»,-деген.[5] Өйткенi Алла Тағала «барлық нәрсенiң Раббысы, яғни Иесi. Барлық жаратылғанға тәңiрлiк ету жалғыз Алла Тағалаға тән. Бұл мәселеде Оның серiгi жоқ. Алла Тағала иелердiң Иесi. Патша мен құлдың Әмiршiсi».[6]

«Ол Жаратушы және ризық Берушi. Алла Тағаладан басқа Жаратушы және ризық Берушi бола алмайды. Жаратушы мен жаратылғанға[7] тән сипаттың айырмашылығы осы».[8]

"الْعَالَمِينَ"(әл-ъаләмин)[9] сөзiнiң тафсирi: ғалымдар бұл сөздің ұғымына қатысты түрлi пiкiр айтқан. Мысалы, Әл-Хусайн ибн Әл-Фадл (родиял-лаһу ъанһу) айтады: «Әрбiр заманда өмiр сүргендердi "عَالَم" (ъаләм) деп айтады».[10]

Ибн Аббас (родиял-лаһу ъанһу) айтады: «Әлемдер» дегенiмiз, ол: жындар мен адамзат әлемi».[11]

Түркi халықтарда «он сегiз мың әлем» деген ұғым бар. Бұл қайдан шыққан.

Әбу Саъид Әл-Худри (родиял-лаһу ъанһу) айтады: «Алла Тағала қырық мың әлем жаратқан. Бұл дүние шығыстан батысқа дейiн соның бiрi».[12]

Муқатил (родиял-лаһу ъанһу) айтады: «Әлемдердiң саны сексен мың. Оның қырық мыңы құрлықта, қырық мыңы теңiзде[13]«.[14]

Әбул-Ъалийа (родиял-лаһу ъанһу) айтады: «Жындар бiр әлем. Адамзат бiр әлем. Сонымен қатар, жердiң төрт бұрышы бар. Оның әр бiрiнде Алла Тағала Өзiне құлшылық еткiзу мақсатында жаратқан бiр мың бесжүз әлем бар».[15]

Уаһб ибн Мунаббиһ (родиял-лаһу ъанһу) айтады: «Алла Тағала он сегiз мың әлем жаратқан. Бұл дүние соның бiрi».[16]

Көрiп тұрғанымыздай әлемдер санына қатысты Пайғамбарымыз Мухаммад (соллал-лаһу ъаләйһи уә салләм) ештеңе айтпағанымен, атақты муфассир сахабалар (родиял-лаһу ъанһум) түсiнiктеме берген. Ешбiр адам құдайшылдық пен тақуалығымен әйгiлi болған бұл сахабалар (родиял-лаһу ъанһум) жоғарыда айтылған сөздi ойдан шығарды деп айта алмайды. Осы себептен бұл мәселеге қатысты: «Аллаһу аъләм»[17],-деп айтудан басқа ләжiмiз жоқ.

Абдуссамад МАХАТ,

«Нұр Астана» орталық

мешітінің наиб имамы



[1]Ибн Жәрирден (родиял-лаһу ъанһу) Имам Ибн Кәсир риуаят еттi.(«Мухтасару тафсири Ибни Кәсир»)

[2]әлемдердiң Раббысы.

[3]«Әл-Жәмиъу ли әхкәмил-Құран».

[4]ұлық есiм.

[5]«Әл-Жәмиъу ли әхкәмил-Құран».

[6]«Лисәнүл-Ъараб».

[7]адам, жануар, түрлi құбылыс т.с.с.

[8]«Әл-Жәмиъу ли әхкәмил-Құран».

[9]әлемдер.

[10]«Әл-Жәмиъу ли әхкәмил-Құран».

[11]«Әл-Жәмиъу ли әхкәмил-Құран».

[12]Бұл да сонда.

[13]яғни, суда.

[14]«Әл-Жәмиъу ли әхкәмил-Құран».

[15]Бұл да сонда.

[16]Бұл да сонда.

[17]Аллаһ Тағала бiледi.

Бөлісу: