Қазақ халқының ұлт болып ұйысуына, еңсесі биік ел болуына мол септігі тиген қайырлы һәм сауапты салттардың бірі – жылу жинау. Бұл жораның бір қыры әлеуметтік өмірге қарасты болса, екінші шеті мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық секілді жүрек дархандығымен астасып жатыр.
Мысалы, ауылдағы бір үй қайғыға ұшыраса, әр алуан тілсіз жаулардың біріне душар болса, үйі өртеніп, селге ұрынып немесе мал жұтап жатса, оған бәрінен бұрын сөз жомарттығы, одан кейін қол жомарттығы ауадай қажет болады. Екеуі де барынан айырылып, пұшайман болып отырған қайғылы отбасыға жылылық сыйлайды. Жүрегін жібітіп, көңілін сергітеді. Сондықтан болса керек, бұл дәстүр «жылу жинау» деп аталған.
Әрине, жылуды мұңға батып отырған үйдің иесі өзі сұрамайды. Мұндай кезде ауылдың абыз ақсақалдары, билері, абыройлы үлкендері көпшілікті жинап, бәле айтып келмейтінін, бұл қасірет әркімнің басына түсуі мүмкін екенін ескертіп, осынау игі шараға жаппай ат салысуға үндейді. Қазақ халқында еш уақытта жылу жинауға сараңдық қылмайды. Бірлі-жарым қашқақтаған жандарды көпшілік «қайырымсыз», «сараң» деп қатты сынға алады. Мұхаммед Пайғамбардың «Мейірімді болыңыз, сонда мейірімге бөленесіз» деген ұлы қағидаты еске салынады.
Асылында, жылу жинау секілді жүректерді жарастыратын, адамдарды бірбіріне жақын етіп, олардың арасындағы бауырмашылық көпірлерін салатын игі дәстүрлердің көпшілігі жүректегі иманға байланысты десек, артық айтқандық емес. Өйткені, Абай Құнанбайұлының «үш-ақ нәрсе адамның қасиеті – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп айтқанындай, қайырымды істер жүректің жылылығымен байланысты.
Қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті болдырмау, мал-мүлікті дұрыс жолдармен жұмсау, ел экономикасына үлес қосу секілді ережелер ислам дінінің дерекқорларында көптеп кездеседі. Мысалы, қасиетті Құранда мынадай аят бар: «Алла сол мүминдердің жүректерін жарастырды. Сен жер бетіндегі байлықтың бәрін осы жолда жұмсасаң да, олардың жүректерін дәл бұлай жарастыра алмас едің. Алайда Алла оларды жарастырды...» Бұл аяттан мұсылмандардың бір-біріне жәрдем беруіне ынта туғызу, көңілге қайырлы ой салу, бауырмашылық сезімдерді ояту Алла Тағаланың қолдауымен болатын нейропсихологиялық күйлер екенін ұғынуға болады. Мұсылманның мойнындағы бес парыздың бірі зекет те, сауапты іс деп шақырылатын садақа да, түптеп келгенде, пайдалы іске мал жұмсауға барып тіреледі.
Құран терминологиясында жиі ұшырасатын діни терминдердің бірі «инфақ» қазақ тілінде «Құдайдың жолында мал жұмсау» деген мәнге саяды. Бұл термин туралы ғылыми еңбектерде мынадай анықтама беріледі: «Терминологиялық тұрғыдан инфақ – өз иелігіміздегі мал-мүлік пен мүмкіншіліктерді сол игіліктерге азырақ ие болған жандармен бір деңгейге теңескенге дейін жұмсау». Басқаша тілмен айтқанда, инфақ адамға берілген аманат дүниелерді олардың шын Иесі (Алла Тағала) қалаған жолдарға жұмсау болып саналады. Қазақ халқының жылу жинау салтында осындай Құдайдың көрсетіп берген бағыт-нұсқаулары сақталады. Мысалы, «Хадид» сүресінің 7-аятында: «Аллаға және Елшісіне иман келтіріңдер және Оның (аманат ретінде) иеліктеріңе бергендерінен (дін жолында һәм қайырымдылық мақсаттарда) жұмсаңдар. Араларыңдағы иман келтірген және қолындағы мал-мүлкінен зекет, садақа берген жандарға зор сауап, үлкен сый-сыяпат бар» делінген.
Ислам дінінде қайырымдылық пен мейірімділік сияқты көркем мінезге толы, иман жүзді, тақуа да ізгі салих құлдарға мол сауаптың берілетіндігі және олардың екі дүниеде де Алла Тағаланың нығметтеріне бөленетіндігі жиі айтылады. Қазақ халқының ұлттық философиясында да мал-дүниенің уақытша, баянсыз екендігі айтылып, сараңдықтан қашуға, дархандыққа ұмтылуға шақыру бар екенін байқаймыз. Асан Қайғының «Өлетұғын тай үшін, көшетұғын сай үшін желке терің құрысып, ешкімменен ұрыспа!» деп толғайтынын білеміз. Мұның астарында кез келген мал-мүлік бүгін бар да, ертең жоқ деген түсінік менмұндалап тұр. Құран аятында да: «Күллі аспан әлемі мен жердің бар мұрасы Аллаға тиесілі болып, ондағы барлық нәрсе түбінде Аллаға қалатынын біле тұра неліктен зекетсадақ бермейсіңдер?» делінген.
Ендеше, жылу жинау салтында мұсылман адамның бойында жоғарыда аталған жомарттық, дархандық мінез қажет болады. Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.а.с.) немере ағасы Жағыфар қайтыс болғанда «Бауырларың Жағыфардың отбасына тамақ істеп апарыңдар, олардың басына ауыр жағдай түсіп қалды» деп елді қайырымды іске шақырған. Бұл да – жылу жинаудың бір түрі. Қайғылы жағдайға ұшыраған отбасыға көмек берудің бұл үлгісі де қазақ дәстүрінде бүгінге дейін сақталған. Кісі қайтыс болған қаралы үйге ағайын-туыс, көрші-қолаңдар бірден жиылады. Марқұмды арулап аттандыру, алысжақыннан келген құда-жегжат, ет бауыр жақындарды күтіп алу ісін ақылдасады. Жаназаға жан-жақтан жиылатын жұрт та қаралы үйге құры қол келмей, «пата оқыр» деп тай, тайынша, қойларын жетектеп келеді. Бұл айтылғандардың бәрі өз кезегінде қолынан келген көмекті аямай, қайырымдылық жасаудың ниетінен туындаған ұлттық жол-жоралар болып табылады. Олардың ешбірі ата дініміз исламның қағидаттарына да қайшы келмейді. Керісінше, шариғат талаптарымен біте қайнасып, Құран аяттарын барынша үлгілі етіп, жарасымды һәм үйлесімді форматта орындауға жатады. Сондықтан мұндай дәстүрлер халықпен бірге жасасып, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берері сөзсіз.
материал «Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының
ислам шариғатымен үйлесімі» кітабынан алынды,
ummet.kz