Қазақтың тәбәрік беру дәстүріне кіріспес бұрын әуелі ислам дініндегі тәбәрік ұғымына тоқтала кетейік. Араб тіліндегі «табаррук» сөзінің тілдік мағынасы – береке іздеу. Береке сөзінің мағынасы – өсу, арту дегенді білдіреді. Әр-Рағиб әл-Исфаһани: «Береке дегеніміз – иләһи жақсылықтың бір нәрсеге даруы», - деген.
Ибн Манзур: «Береке дегеніміз – өсу, арту мағынасына саяды және «ат-табрик» адам үшін дұға тілеу немесе береке тілеуді білдіреді. «Барракту алейһи табрикан» десе, ол: «Саған Алланың берекесі болсын!» деген тілекті: «Барака Аллаһу аш-шайа» және «барака фиһи уә алейһи» дегенде: «Оған береке қойылды» мағынасын білдіреді. «Тағамун барикун» десе, «берекелі тамақ» деген ұғымды білдіреді» дейді.
Терминдік мағынасына келсек, табаррук дегеніміз – түрлі жолдар арқылы берекені талап ету яки Алла Тағаланың басқалардан өзгеше, ерекше еткен заттарынан, орындарынан құт-береке тілеу. Тағы да бір мағынасы – тәңірлік (иләһи) жақсылықтың бір нәрсеге орнауын, бекуін талап ету. Сондай-ақ табаррук ұлы, құрметті саналған істерге де қолданылады. Мұсылман ғалымдары аят, хадистерге, сахабалар мен алғашқы ізгі буын (әс-сәләф әс-солихин») ғалымдарының сөздері және істеріне сүйене отырып белгілі бір заттарды, салиқалы пенделерді немесе солардан қалған әсарларды (зат, киім т.б.) дәнекер етіп, табаррук жасауға болатындығына бірауыздан келіскен.
Ендігі кезекте қазақ халқының осы тәбәрік түсінігіне қысқаша тоқтала кетейік. Қазақ әдеби тілінің сөздігіне үңілсек, «тәбәрік», «тәбәріктей», «тәбәріктік» деген сөздерді кездестіреміз. Осы сөздерге берілген анықтамаларға көз жүгіртейік.
Мәселен, тәбәрік сөзінің бірінші мағынасы: «Құранның бір аяты. Сәлделі имам көзін сүзіп, тәбәрікті созып, Бұхар мақамын күңірентеді екен». Екінші мағынасы:
«Өлген кісінің құдайысынан алған зат, киім, бұйым.
Қандай сый тартсам екен, аға саған,
(Білмеймін жараса ма, жараспай ма?!)
Ешбір сый таба алмасам, аға саған
Аппақ тонын-атамның тәбәрігін,
Жүзге кел деп арқаңа жаба салам». Мәйітті жерлегеннен кейін молда Құран оқиды. Жасы келген адамның қазасында бейіт басында тәбәрік ретінде жыртыс таратылады» десе, үшінші мағынасы: «Олжа, үлес, сыйлық. Қыз бұйымы – жігітке тәбәрік. Сіздей адам енді бізге кезіге ме, жоқ па? Тәбәрік алып қалайын».
Қазақ салтында, көп жасап, немере-шөбере көрген қадірлі, инабатты кісілер дүние салса, қабір басында түрлі кездемелерден жыртыс жыртып, жерлеуге барған адамдарға үлестіреді. Міне, бұл «тәбәрік беру» делінеді. (Бұл салт кей жерде «өңір тарату», кей жерде «бедян тарату» деп аталады).
Жоғарыдағылардан тыс, сыйлы, қадірлі қарт адамдардың қабірі басына жауып барған киіз, кілем тектес заттарын «жасына келеміз, қасиеті дариды» деп жерлеуге барған адамдар кесіп-кесіп, паршалап бөліп, талап алады. Бұл «телім алу» деп аталады. Егер мұндай жағдайда, белгілі себеппен қабір басына бара алмай қалған адамдар марқұмның үйіндегі киім-кешегінен «телім» және «тәбәрік» сұрап алады.
Байқағанымыздай қазақ халқы тәбәрік сөзін дүниеден өткен кісінің киімдеріне қолданған. Алла елшісінің шапанын себепкер етіп Алладан дұға тілеу сахабалар мен табиғиндердің заманында көрініс тапқандықтан қазақ жұртының бұл іс-әрекеттерін жоққа шығара алмаймыз. Керісінше бұл дәстүрдің түп-тамыры діннен бастау алатындығын көрсетеді. Сондай-ақ тәбәрік сөзі қазақ ақын-жазушылардың және ғұламалардың өлең шумақтарында да көрініс тапқан. Соның бірі Қожа Ахмет Иасауи бабамыз өзінің «Даналық кітабының» (Диуани хикмет) 98-хикметінде:
«Арыстан бабты сұрасаң, пайғамбар-ды сенгені,
Сахабалар ұлығы, Құдайға шын пенде еді.
Жатыр төмпек жерде бір,
қорлық-зорлық көргені,
Арыстан бабам сөздерін есітіңіз – тәбәрік» деп әрбір шумағында тәбәрік сөзін тілге тиек еткен. Аталмыш сөзді өлең жолдарында қолдануы бекер емес. Иасауи Арыстан бабаның әрбір сөзін тәбәрік ретінде сипаттаған.
Қайтыс болған кісінің артынан жыртыс, теберік, киім тарату – қазақ халқының салт-дәстүріне сіңісіп кеткен үрдістер. Бұның бәрін мұсылман халқымыздың қайтқан кісінің атынан садақа беру ниетімен бастатқаны анық. Себебі ислам діні бойынша қайтыс болған кісінің атынан садақа беруге болады және оның сауабы өліге тиеді деп есептеледі. Бір күні Пайғамбарымызға (с.а.с.) бір кісі келіп: «Менің әкем қайтыс болды. Артында дүниесі қалды. Артында қалған дүниесін (пәлен жерге берілсін) деп өсиет етпеді. Егер мен оның орнына садақа берсем, күнәлары кешіріледі ме?», – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Иә», – деп жауап қатады. (Муслим, Сахих) Осы хадисте садақаның қайтыс кісіге арналып жасалғанда сауабының оған жететіндігі айтылған. Ахмад ибн Ханбал бұл жайында: «Бағышталып жасалған барлық жақсылықтың сауабы өліге тиеді. Өйткені ол жайлы хадистер бар», – деген. Фиқһ ғалымдары садақа сауабының өліге тиетіндігін айтқан. Сондықтан жыртыс, теберік, киім таратудың бәрі садақа ниетімен жасалғанда сауабы өліге тиеді. Яғни бұл амалдар садақа ниетімен жасалуы қажет. Осындай ниетпен жасалғанда шариғатқа ешқандай қайшылығы жоқ, қайта керісінше құп көріледі.
Бірақ бұл амалдар шамасы келмейтін адамдарға жүктелмейді. Яғни шамасы келетін адамдар, шамасы жетсе ғана жасауына болады, ал шамасы жетпейтіндерді дініміз бұған мәжбүрлемейді. Міне көріп отырғанымыздай тәбәрік сөзінің төркіні де мән-мағынасы да мұсылмандық түсініктен бастау алған.
Алайда мына нәрсені де атап өткен орынды. «Ертеректе қайтыс болған кісінің киімін «тәбәрік» ниетімен елге тарататын. Ал бүгінде бұл әдет жағымсыз сипат алуда. Марқұмның күнделікті киімін емес, дүкеннен алынған жаңа киімді тарату талабы – шариғатта жоқ. Біреулер баяғы «ұят болмасын» деген жалған түсінікпен шығындалып, қымбат киімдер таратып жатады. Істің арты өзгелермен бәсеке, бақталастыққа да ұласып жатады. Олай жасау ысырапқа әкеп соғады, күнәға батырады».
материал «Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының
ислам шариғатымен үйлесімі» кітабынан алынды,
ummet.kz