29
Жұма,
Наурыз

һижри

Беташар дәстүрі бізге қажет дәстүр ме?

Беташар дәстүрі бізге қажет дәстүр ме?

Дәстүр даналығы
Жарнама

Адам баласы өзінен ұрпақ көріп, көбейіп, өсіп өніп, өрісін кеңейту үшін отау тігіп, шаңырақ көтереді. Бұл сонау Адам ата, Хауа анадан келе жатқан табиғи заңдылық. Әйгілі этнолинвист ғалым Әбдуәли Қайдар бұл турасында былай дейді: «Қазақ болмысында тым ерте замандардан бері (аналық дәуірден аталық дәуірге ауысып) келе жатқан бұл дәстүрдің сыртқа көрінісі мен рәсім-кәдесі өзгеріп, ауысып, жаңғырып, жаңаланып отырса да, түпкі мәні – өмірді жалғастыру үшін еркек пен әйелдің ресми түрде бас қосып, ерлі-зайыпты жұбай атануы, дүниеге ұрпақ келтіру».

Қазақ халқында ғасырдан ғасырға ауысып бүгінге дейін жетіп отырған отбасылық, құдандалық институт қалыптасқан. Бұл институттың ұлттық болмыспен біте қайнасып кеткен өзіндік ереже-қағидалары, дамыған жүйесі, жан-жақты қырланып екшелген жөн-жоралғылары бар. Бұл ережелер қазақ өркениетінің биік өресін, дүниетанымын білдірумен қатар діни саладағы ой-өрісінің тереңдігінен хабар береді.

Үйленіп отау құруға қатысты іргелі дәстүрлердің бірі – беташар. Беташардың өміршеңдігі оның мазмұнындағы терең идеялық мұраттармен астасып жатса керек. Атадан балаға жалғасатын рухани мұра болып, ел ішінде жазылмаған заң ретінде басшылыққа алынатын бағалы құндылық болумен қатар бұл дәстүрдің астарындағы мазмұны да өте бай.

Басқа қырларын қарастырмай, тек мұсылманшылық тұрғысынан алғанның өзінде беташардың өзегінде – ақ некені жариялау, танысу, жауапкершілік алу, үлкенге құрмет, өсиет айту секілді өте үлкен тәлімдер жатыр. Енді ислам дінінің канондарымен байланыстыра отырып, осы ерекшеліктерге арнайы тоқталайық.

Танысу. Беташардың діни әлеуметтік рөлдерінің бірі – танысу. Танысу – Алла Тағаланың ең үлкен бұйрықтарының бірі һәм Пайғамбар сүннеті. Қасиетті Құранда: «... Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың үшін (һәм біріңебірің қамқоршы дос болып,өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің) үшін ұлыстар мен руларға бөліп жараттық», делінген аят бар («Хужурат» сүресі, 13-аят).

Алланың елшісі (с.а.с.) сенімді дереккөздердің бірінде келген хадисінде былай дейді: «Кім де кім басқа біреумен бауырлас болғысы келсе, алдымен оның есімін, әкесінің есімін және кімдердің қатарынан екенін біліп алсын. Өйткені осылай жасау сүйіспеншіліктің артуына септігін тигізеді»209. Құран мен сүннетте айтылған бұйрықты іске асырудың өркениетті түрде шешілген бір жолы – осы беташар. Өйткені жаңа түскен жас келін бөтен елден бөтен елге келеді. Бұрын соңды таныс емес жұртқа келеді. Ал өзі жаны нәзік әйел заты болған соң ел-жұртпен танысу процесі қалай жүрмек керек. Жас екен деп, қыз бала екен деп оны ешкімге көрсетпей, үйден шығармай қамап қою жөн емес. Әр үйді аралап жаңа келінді таныстырып шығу әдепке теріс. Енді не істеу керек? Міне, осындай жағдайда беташар дәстүрінің қаншалықты маңызды іс-шара екеніне көз жеткізуге болады.

Ақ некені жариялау. Ислам шариғатындағы неке шарттарының бірі – жариялау. Бір еркек пен бір әйелдің ешкімге айтпай, жасырын үйленуі толық некеге жатпайды. Біреудің ұлы үйленіп, келін түсіргенін дүйім жұртқа паш етудің бір жолы – беташар. Ауыл тұрғындарын, туған-туыс, ағайынды, көптеген мұсылман жұртшылығын бір жерге жинап осындай маңызды іске шақыру жақсылыққа күә болудың да көрінісі. Қазақ халқының түсінігінде осынша жұрт тек мына дүниеде ғана емес, арғы өмірде де бұл күәліктің маңызы бар. Жалпы Ислам дінінде әділ күәліктің алар орны ерекше. Қасиетті Құранда: «Уа, иман еткендер! Куәлік еткендеріңде әділдікпен Алла үшін мықты тұрыңдар!» делінген. Екі адам маңызды мәмлеге келіп жатқанда үшінші адам оған куәлік жасайды. Тіпті адам баласы мына дүниемен қоштасып, ақтық сапарға аттанар шақта өсиет айтар болса, оған да әділ куәлік тартылады. Беташар дәстүрінде жиылған көпшілік жастардың үйленгеніне, Алла алдында бірі ер, бірі әйел болғанына куә болады.

Үлкенге құрмет. Үлкенге сәлем салу – құрметтің белгісі. Бұл – сүннет. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Кім де кім үлкендерді құрметтемесе, кішіге ізет көрсетпесе - бізден емес». Беташар кәдесінде келіннің иіліп сәлем салуы үлкенге құрметтің ерекше бір формасы. Жалпы алғанда, келіннің сәлем салуы – қазақ қоғамындағы отбасы саласын жүйелеп, реттеуге бағытталған нормалардың бірі. Сәлемді жай ғана иілуден тұратын жалаң форма деп санауға болмайды. Ықыласпен салынған сәлемнің астарында кішіпейілдік пен мейірбандылық, ізет пен иба, ақ көңілділік пен жан тазалығы секілді неше алуан ізгі қасиеттер жатады.

Қазақ халқы ғасырлар бойы осындай ұлы үрдісті жоғалтпай, көздің қарашығындай сақтап келеді. Жауапкершілік алу. Үйлену, отау тігу жеңіл қарай салатын оңай шаруа емес. Өзіңнен кейін келер талай ұрпақтың бастауы – ақ неке. Қазақ халқы он үште отау иесі деп мақалдағанда, он үштегі ер азаматтың ең алдымен өз ісіне жауап бере алатындай ақыл тоқатқандығын ескерсе керек. Өйткені шаңырақ көтеру жауапкершілігі мол іс. Некелері қиылатын екі жас неке қиылатын жерде бар болуы, екі жақтың бірі үйленуге қатысты қалауын білдіруі, ал екінші жақтың оған «қабыл алдым» деп нақты келісімін білдіруі - неке талаптарының бірі. Осы талап орындалған күннен бастап некесі қиылған ерге де, әйелге де үлкен жауапкершілік жүктеледі.

Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с.) бір хадисінде: «Сендердің әрқайсыларың бақташы секілдісіңдер және әрқайсың өз қоластыңдағыларға жауаптысыңдар...» деп баян еткені осыдан.Қасиетті Құранның да көптеген аяттарында ер адамдарға отбасы, әулетті тәрбиелеу, оларды күнәлі қиянат істерден сақтау секілді нұсқаулар берілген. Мұның астарында да жауапкершілік сезімі жатыр. Беташар рәсімінде осы жауапкершілік жаңа құрылған отбасы мүшелеріне дүйім жұрттың көзінше жүктеледі. Бұл дәстүрдің әлеуметтік өмірдегі бір маңызы осында.

Өсиет-насихат айту. Беташар жырында өсиет-насихат айтылады. Шариғат тілімен айтқанда, жақсылыққа шақыру, жамандықтан қайтару процесі жүзеге асады. Қасиетті Құранда былай делінген: «Сендер (мұсылман үмбеті) адамдар арасынан шыққан жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын, Аллаға сенген қайырлы үмбет болдыңдар». Беташар жырының мазмұны ғылымиакадемиялық тұрғыдан арнайы зерттеу нысанына алынса, оның астарынан бүкіл өмірге тәрбие боларлық қаншама мәнді өсиеттер табылары даусыз. Бұл жырдың көпшілікке таныс бір бөлігінде былай делінеді:

Шу-шу болар, шу болар,

Құлағыңды бері сал,

Асылыңды кері сал!

Ата-енеңмен ұрыссып,

Қақаңдама, келінжан!

Үй артына мал келсе,

Бақаңдама, келінжан!

Таңертең тұрып, келінжан!

Құрт ұрлама, келінжан!

Өзің жатып, байыңды

«Тұр-тұрлама!» -, келінжан!

Аузы- мұрның сүйреңдеп,

Өсек айтпа, келінжан!

Қайын ағаңның алдынан

Кесіп өтпе, келінжан!

Сары етігің салпылдап,

Сазды баспа, келінжан!

Бұл мәтіннің мазмұнында ата-енені сыйлау, көк езу болып ешкімменен ұрыспау, рұқсатсыз зат ұрламау,өсек айтпау, үлкенді сыйлау, тазалыққа мән беру секілді тәрбиелік маңызы бар қағидалар ұйқасты көркем сөзбен берілген. Ал енді бұл жыр домбыраның қоңыр үнімен, айтушының қаңқылдаған әуезді дауысымен ұштасқанда, оның эмоциялық әсері мол болады. Қысқарта айтқанда, беташар деген бір ғана дәстүрдің астарында осыншалықты көл көсір тәрбиелік мән жатыр. Сондықтан бұл дәстүрді ислам дінінің қағидаттарына да, адами қасиеттерге де теріс келеді деп күңкілдеу дұрыс болмайды.

материал «Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының

ислам шариғатымен үйлесімі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: