21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Қайтыс болған адамның артынан жоқтау айту дұрыс па?

Қайтыс болған адамның артынан жоқтау айту дұрыс па?

Дәстүр даналығы
Жарнама

Қайтыс болған адамның артынан жоқтау айтып жылау – барлық халықтарда бар ғұрыптардың бірі. Қазақ халқында да жоқтау айтдың өзіндік үлгілері қалыптасқан. Жоқтау ауыр қайғыға, қасіретке тап болған адамның шерін, мұңын тарқатып, басқа түскен қайғысын жеңілдетуге септесетін іс-шараның бірі. Ислам шариғаты жоқтау айтып жылауды жойып жіберген жоқ. Қайта керісінше, Алланың жазғанына, тағдырға сенген мұсылман пендесіне шариғат шеңберінен шықпай, шерін төгіп, көңілін босатуға рұқсат еткен.

Ислам шариғатында дүниеден озған кісінің артынан жылауға рұқсат екендігіне қатысты ижма, яғни бірауыздан келісім бар. Мұндай жағдайда жыламау үшін адам тас жүрек болу керек. Жылау – Алла тағаланың адамбаласының жүрегіне салған мейірімнің белгісі. Осыған қатысты Имам Бұхари мен Муслимнің хадис жинағында мынадай хадис келген: Алла елшісіне (с.а.с.) жан тәсілім етер алдында қиналып жатқан немересі (қызының баласы) әкелінген кезде қос жанары жасқа толып, жылады. Мұны көрген Сағыд (р.а.): «Уа, Алланың елшісі бұныңыз не? (яғни, жылауға болады ма?)»,– деген кезде Ардақты елші: «Бұл – пенделерінің жүрегіне Алланың қойған рақымы. Алла мейірімді болған құлдарына ғана мейірімін төгеді»,– деген еді. Өз баласы Ибрахим қайтыс болған кезде де Пайғамбарымыз жылап: «Жүрек қайғырып, көзге жас келеді. Алайда, Жаратқан Иеміз разы болатын сөзден басқаны айтпаймыз», – деп жылауға рұқсат екенін көрсетіп кеткен. Бірақ, үсті-басын жыртып, беттерін тырмалап, Алла тағаланың тағдырына наразылық танытып жыламау қажет. Бұған шариғатта тыйым салынған.

«Шариғатта жылауға болмайды. Артындағылар жылаған сайын, қабірде оған азап беріледі» деген мәселеге келсек. Бұхари мен Муслимнің хадис жинақтарында: «Қайтыс болған адамның артында қалған отбасы мүшелері жыласа, оған азап беріледі», деген хадис бар. Ғалымдардың көпшілігінің айтуынша, бұл хадис отбасы мүшелеріне артынан жылауды арнайы өсиет етіп қалдырып кеткен адамға қатысты айтылған. Өйткені, сол кездері арабтарда қайтыс болған соң артынан жылауды өсиет етіп кету кең тараған әдет еді. Сондықтан, хадистегі мұндай үкім өз еріктерімен, табиғи сезімдері нәтижесінде жылауға емес, сол кездің әдетіне сай, адамдардың қайтыс болғаннан кейін, өзін ұлықтап, құрмет көрсетілуін талап еткен адамның қалауынан туындаған жағымсыз әрекетке қатысты айтылған. Жарық дүниемен қош айтысқан адамның артындағылар өсиет үшін емес, өздігінен жыласа, қабірдегілерге ешқандай азап берілмейді. Өйткені Айша анамыз (р.а.) қабірде жатқан адамдардың артынан жылаған адамдардың қылығы үшін азапқа тартылуының Құран аятына қайшы екенін алға тарта отырып, «Әнғам» сүресіндегі мына: «Ешкім басқа адамның күнәсі үшін жауапқа тартылмайды», деген аятты сөздеріне дәлелге келтірген.

Ислам дінін қабылдап, бойына сіңірген халқымызда да жоқтау айтудың мұсылмандыққа сай үрдісі қалыптасқан. Мәселен, жоқтаудың көне де көркем үлгілерінің бірі ретінде Қаз дауысты Қазыбекті қызы Қамқаның жоқтауына тоқтала кетейік:

«Біссмілләдан бастайын,

Шариғаттан аспайын,

Ішім толды қайғыға,

Азырақ көзім жастайын»,

Үмбетей жырау Абылайға Бөгенбайдың қаза тапқанын жеткізер кезде, оның

батырлығын, елге жасаған жақсылықтарын айта келе:

 «...Бөгембайдай батырдың

Береке берсін артына,

Бірлік берсін халқына.

Жаратқан ием жар болып,

Пейіште нұры шалқығай!» деп түйіндеген. Мәшһұр Жүсіп Мұса Шорманұлын

келінінің жоқтауын:

«Бісмілла сөздің басында,

Көрдім бір қасірет жасымда!

Опасыз дүние-ай, дариға,

Жан атам өтті, жарандар,

Иманы жолдас қасында.

Халайық, бір сөз қозғайын,

Сүннеттен асып, озбайын,

Асылық сөйлеп Аллаға

Шариғат сөзін бұзбайын», деп келтірген.

Әбдірахман дүниеден озғанда ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы да:

«…Қажыны алған бұл өлім

Сабырлық қылсақ керек-ті» деп жақындарына жұбату айтқан-ды.

материал «Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының

ислам шариғатымен үйлесімі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: