Бүгінгі күні дүниежүзі бойынша ер адамдардың алтыда бір бөлігі сүндетке отырады екен. Соңғы статистика бойынша, әсіресе, солтүстік Америкада профилактикалық әрі гигиеналық мақсатта жас балалардың 90 пайызы сүндеттеледі. Әлем тұрғындарының 1,3 миллиардын құрап отырған мұсылмандарды былай қойғанда, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Англия секілді бірқатар мемлекеттерде баланы сүндетке отырғызу бүгінгі күні қалыпты үрдіске айналған.
Сүндеттеуге Викторияндық кезеңде көңіл бөле бастаған ағылшын тілді бұл елдерде ХХ ғасырдың алғашқы жартысында сүндетке отырғызу өте жоғары бағаланды. Алайда сүндетті жақтаушылармен қатар Дэвид Голлахер секілді оған қарсы шығушылар да бар. Қарсы шығушылар «сүндет – мұсылмандар мен еврейлерге ғана тән діни міндет, өзге дін өкілдеріне қатысы жоқ. Ол гигиена сақтау қиынға соғатын ыстық аймақтарда қолданылған. Бүгінгідей гигиенаны сақтау мүмкіндіктері жоғары кезде оның қажеті жоқ. Ол құмарлықты тежейді. Балаға ауыр тиеді» деген пікірлерді алға тартуда.
Еврейлердегі сүндет
Көне заманда еврейлер таңғы құлшылықтарын жасағаннан кейін барып, синагогта сүндеттеу рәсіміне кірісетін болған. Бұл күн оларда ерекше қуанышты синагог мерекесіне баланған. Оны әдебиеттерінен де көруге болады. Кейіндеп бұл дәстүр израил қауымына тән 10 өкілдің қатысуымен жеке үйлерде де атқарыла бастады. Қазіргі уақытта сүндеттеуге тек раввиннің қатысуы жеткілікті саналады.
Мұсылмандардағы сүндет
Ислам дінінде сүндеттелу өте үлкен мәнге ие. Өйткені, ол үмбеті ретінде Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.с.) ісін қайталауға, яғни сүннет амалын жасауға жатады. Дәлел – Әбу Хұрайра жеткізген Пайғамбарымыздың хадисі. Хадисте адам жаратылысының табиғи қажеттілігі ретінде мына бес нәрсе: сүндетке отыру, мұртты басу, қолтық пен ұятты жерді түктен таза ұстау, тырнақ қысқарту аталған.
материал «Сенім және ақиқат» кітабынан алынды,
ummet.kz