21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Қалыңмал: өлшемі мен түрлері

Қалыңмал: өлшемі мен түрлері

Дәстүр даналығы
Жарнама

Қалыңмал деп ұзатылар қыздың жасауына кіретін төсек-орын, кілем, текемет, сырмақ, әшекей бұйымдар –  алқа,  сақина,  сырға,  білезік,  өңіржиек,  балдақ, қобдишасына қояр – иіссу, тарақ, ине жіп, жуалдыз, оймақ,  сандығына  салар  –  сәукеле,  салы,  орамал, қарқара, бүрмелі көйлек, етік, кемер, камзол, желбегей, шапан, камшат бөрік т.б әйелге қажетті заттарды дайындау үшін берілетін төрт түлік мал мен әртүрлі бағалы дүниелерді айтамыз.

Қазақстанда Кеңес үкіметі 1920 жылы «Қалыңмалды жою»  туралы  арнайы  декрет  шығарды.  Осыған  бай-ланысты,  еліміздің  кейбір  аймақтарында  қалыңмал төлеу үрдісі жойылып кетті. Бүгінгі күні қалыңмал ескі мазмұнын сақтағанымен, заман талабына сай біршама өзгеріске  ұшырады.  Қалыңмал  үрдісін  жоғалтпаған өңірлерде үй жабдығына кіретін жиһаздар – кебеже, диван, төсек-орын; тұрмыстық техникалық құрылғылар – теледидар, шаңсорғыш, тоңазытқыш, ыдыс-аяқ т.б. бұйымдарды әзірлеу үшін қалыңмал төленеді. Кезіндегі  Әз  Тәукенің  «Жеті  Жарғы»  заңында қалыңмал  өлшемі  әлеуметтік  топтардың  дәрежесіне қарай  белгіленген.

Мысалы,  «бас  жақсы»,  «жетпіс жеті»,  «қырық  жеті»,  «отыз  жеті»,  «жиырма  жеті», «он  жеті»,  «дөңгелек  қалыңмал»,  сондай-ақ,  ілу, іргебасар, тонбау, әкенің күші, сүт ақы, той мал, өлі-тірі, кәде, жеңге көйлек, киіт, шашсипатар, ошаққазар, бозапұл,  т.б.  жоралғы  болған.  Оның  ішінде  «бас жақсы»  –  қалыңмалдың  ең  жоғарғы  шегі  саналған. Бәйге мен көкпарда бас жүлде алып жүрген сәйгүлік, берен мылтық, құрыш сауыт, атан түйе немесе күшті дуылғалы  қара  нар  енген.  «Бас  жақсы»  қалыңмалын төлеу көбінесе дәулеті шалқыған ауқатты отбасылардың арасындағы неке қатынастарында орын алған. «Қырық жеті», «отыз жеті», «жиырма жеті», «он жеті» өлшеміне қара мал саны кірген. Ал, «дөңгелек қалыңмалға» он бас қара мал кірген. Бұл – әлеуметтік жағдайы өте төмен отбасылардың арасындағы қалыңмал өлшемі  саналған.  Сонымен  қатар,  қазақта  «күшік күйеу» деген ұғым бар.

Егер, отбасын құруға ниетті ер адамның әлеуметтік жағдайы «дөңгелек қалыңмалды» төлеуге де шамасы жетпесе, онда күйеу жігіт қашан «дөңгелек  қалыңмал»  өтелгенше  немесе  қайынатасы қалыңдықты  алуға  рұқсат  еткенше,  қайынжұртына қызмет ететін болған. Шариғатта  мәһірдің  жоғары  шегі  көрсетілмеген. Бірақ, Ханафи ғұламалары мәһірдің төменгі шегі ретінде он  дирхем  күмісті  белгілеген.  Мәлики  ғұламалары мәһірдің төменгі шегі деп үш дирхем күміс, ал Шафиғи және  Ханбали  ғұламалары  мәһірдің  төменгі  шегін көрсетпеген. Қазақ дәстүрінде қалыңмал саналмағанымен, бірақ, қалыңмалдың ажырамас бөлігі ретінде қарастырылатын кәделер бар: Ілу  –  күйеу  жігіт  қалыңдығына  алғаш  рет барғанында күтіп алып, қызмет қылған қайын жұртына беретін сыйлық. Іргебасар – күйеу жігіттің қайын жұртына алғаш барғанында кілем жабады немесе шашу береді. Тонбау – күйеу жігіттің туыстары иіліп қонақ күткен бауыздау құдаларға сыйға беретін шашу немесе ақша.Әкенің күші – күйеу жігіттің әке-шешесі бас құдаға қызды дүниеге әкеп, өсіргені үшін беретін қылқұйрық немесе ақша.

Сүт ақы – күйеу жігіттің әке-шешесі бас құдағиға немесе  сүт  анасына  қызға  сүт  емізгені  үшін  беретін сыйлық немесе ақша. Той  мал  –  қалыңдықтың  ұзату  тойына  апаратын мал. Кәде  –  күйеу  жігіттің  қайын  жұртына  барғанда беретін  түрлі  сыйлықтары.  Қазақта:  «Қалыңсыз  қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды» дейді. Киіт – күйеу жігіттің әке-шешесі және туыстары құдаларына тоғыз саннан тұратын киіт береді. Қалыңмалды құрайтын бұдан өзге де шашсипатар, ошаққазар, бозапұл т.б. кәде-сыйлықтар бар. Кәде мен сыйлықтардың  көлемі  күйеужігіт  пен  қалыңдықтың әлеуметтік  жағдайына  қарай  белгіленіп  отырған. Сондай-ақ, еліміздің әр аймағында сан алуан түрлері болған. Жалпы,  қалыңмалды  шариғаттағы  күйеу  жігіттің қалыңдығына беретін мәһір-сыйы деп есептеуге бола-ды.Негізінде мәһір – әйелдің күйеуінен алған сыйлығы. Ол  –  әйелдің  тәуелсіз  мүлкі.  Күйеу  жігіт  берген қалыңмалдың мөлшеріне қарай жасалынатын қыздың жасауы да әйелдің жеке мүлкі саналады. Егер әлдебір себеппен қыз өз жұртына қайтарылатын болса, жасауымен бірге қайтарылған. Осы себептен де қалыңмал беруді шариғатқа қайшы емес деп айта аламыз.

материал «Дін мен дәстүр» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: