23
Сенбі,
Қараша

һижри

Бірлігіміздің ұйытқысы – имандылық

Бірлігіміздің ұйытқысы – имандылық

Дәстүр даналығы
Жарнама

Небір зұлматтарға душар болып, жойы­лып кету қаупімен талай мәрте бетпе-бет кел­ген ұл­ты­­мыздың елдігін сақтап, туын жық­пай, аман-есен келе жатқанының бас­­ты сыры хал­қы­мыз­дың Ислам дінінің на­ғыз өзегі – қайы­рым­ды­лық қа­ғи­дат­тары мен адамгершілік қасиет­тер­ді бас­ты ұс­таным етуінде деп сеніммен айтуға болады.

Кешегі кеңестік заманда дінімізге тыйым салынып, ізгілікке үндер, уағыз-насихат айтар имам атаулы өз мінберінен айырылғанда, сананы сауықтырып, адами игі қасиеттерді темірқазық еткен салт-дәстүріміз қағажу көргенде ішінен тынған қазақ қоғамы бабалар қанымен берілген ұлттық иммунитетіне сүйенді. Екінші бір тараптар бұл иммунитетті әлсіретуге, жоюға қаншама күш салса да, мақсатына жете алмады. Өйткені біздің ұлттық иммунитетіміз ғасырлар сынынан сүрінбей, заманалар сүзгісінен өткен, өміршең асыл құндылықтардан нәр алған болатын...

Қоғамымызда кешеден бүгінге жалғасын тауып, сабақтастығы үзілмей келе жатқан құндылықтардың ішіндегі шоқтығы биігі саналатын ізгілік пен қайырымдылық амалдарының бірі – жылу жинау.

Жылу – кенеттен, тосыннан киліккен ауыртпалықтан, жұмсарта айтқанда, әлдебір келеңсіздіктен жағдайы нашарлап, тұрмысы тұралап қалғандарға берілетін бір реттік көмек. Жылу жинау ғұрпының басқа қайырымдылық амалдарынан табиғаты сәл өзгешелеу. Түсіндіре кетсек, күнделікті шаруа­сын дөңгелетіп, қалыпты өмір сүріп жүріп, ойламаған жерден таршылыққа тап болып қалған қазақ өзгеге алақан жаюды намыс көрген. Осы арада сол ортада жылу жинау тетігі өздігінен іске қосыла кетеді. Өйткені қиындыққа ұшыраған адамның ағайын туысы, көрші-қолаңы әлгінің намыстанғанына қарамай, айналаға хабар беріп, ұйымдасып оған қолдау көрсетеді, қор жинап береді. Демек, жылуды мұқтаж адамның өзі емес айналасындағылар жинайды. Ертең ол да әлденіп алғанда әлдебір ағайыны қысылса аянып қалмасы анық. Бұл нағыз ізгілікке үндер ғұрып.

Алысты шолмай-ақ, өзім куә болған жағдайларды сөз етер болсам, кешегі Кеңес заманында отарына қасқыр шауып шы­ғындалған немесе боранды күндері қойы ығып кетіп, малын таба алмай қалған қой­шыларға әріптес шопандар жылу жинап, Үкіметтің дүниесін түгелдеп бергенін, жылқысынан айырылып опық жеген ағайынға бір-бір қойын өңгеріп апарып беріп, сол жиналған уақ малға жылқы сатып алып әлгінің есебін тиянақтағанын талай көрдік, бірсыпырасын үлкендер жағынан естідік. Сондай-ақ басқа да жағдайларға байланысты да шығынға ұшырағандарға ағайынның қол-ұшын созғанын білеміз.

Бұл амалдың тәрбиелік мәні өте зор. Кешегі ата-бабаларымыз осындай іс-қимылдар арқылы қоғамды ізгілендірген. Өзара көмек берудің жарқын үлгісін нақты іспен көрсеткен. Бұл өз кезегінде белгілі бір ортаны, қала берді бүкіл қоғамды ұйыстыра түсер, жұмылдыра түсер ізгі амал, игі қадам.

Қазіргі таңда біздің қоғамымызда қайы­рым­дылық қағидаттарын берік ұстанатын, мұқтаждарға қолұшын созуды адами парыз деп есептеп, өзіндегі барымен бөлісудің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген отандастарымыз көптеп кездеседі. Тіпті елімізде жақсылық жасаудан жарысу үрдісі жалпықоғамдық сипат алуда. Оның мысалдары өте көп. Мәселен, бүгінде елімізді дүрліктірген Арыс қаласындағы апаттың кесірінен далада қалған ағайынға мемлекеттен бөлек жекелеген адамдардың, мекемелер мен түрлі ұйымдар­дың бар мүмкіндігінше жәрдем беруін ерекше атап өтуге болады. Көптеген облыстар мен аудандар, ұйымдар мен мекемелер, жекеле­ген кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтар тарапынан арыстықтарға берілген моральдық және материалдық көмекті ешкім есептеп бе­ре алмайды. Өлшеусіз. Әсіресе арыстықтарға ә де­­ген­нен жанашырлық танытып, ас-судан бас­тап түрлі керек-жарақты төгіп тастаған, риясыз пейілін көрсеткен түркістандық жекелеген азаматтардың іс-қимылы ерекше болды. Бұл іс-әрекет қазақстандық қоғамның ауызбіршілігін білдірумен қатар ата-баба жолына барынша адал екенін көрсетті.

Алла тағала: «Сендер адамдардың арасынан шығарылған қайырлы үмбет болдың­дар..» (Әли Имран, 110) деп, мұсылмандарды жақсылық жасау үшін жарысатын жамағат ретінде сипаттап, имандылық қағидаларын берік ұстануға шақырған. Ендеше, біздің қайырлы үмбет болып, Алла разылығы үшін жасаған ізгі амалдарымыз үздіксіз жалғаса бергей. «Кімде-кім мысқалдай (тозаңның салмағындай) жақсылық жасаса, соның қарымын алады» («Зілзала» сүресі, 7-аят).

Жолдыбай БАЗАР

egemen.kz

Бөлісу: