— «Тыныштықты сақтау туралы Құранда ештеңе айтылмаған» — деген жалған сөзге алданып жүргендер бар. Бұл — бекер сөз. «Әнфал» сүресінің 46-аятында: «…өзара жанжалдаспаңдар, онда үрейленесіңдер де құттарың қашады және сабырлы болыңдар. Расында, Алла сабырлылармен бірге» — делінген.
Ал Пайғамбарымыз (Оған Алланың нұры жаусын!) осы тыныштық үшін, мұсылмандар бастапқыда өте тиімсіз, қорлық санаған Худайбия келісімін жасады емес пе? Келісімнің шарттарынан мұсылмандарды ашық түрде төменсіту, кемсіту байқала тұра, барлық сахабалардың ондайға көнгілері жоқ екенін көре тұра, Пайғамбарымыз неге бұл келісімді жақтады? Өйткені келісімде он жыл мерзімге тыныштық сақтау туралы шарт бар еді. Осыдан кейін аймақта тыныштық орнады. Бұл мұсылмандардың күшеюіне, олардың қатарының көбеюіне жол ашты. Омар сахаба өзі жеңіліс санаған сол бір шегіністің мән-маңызын кейін ұғынып, Пайғамбар шешіміне дау айтқанына өкінді. «Жеңіліс дегенім — жеңіс екен ғой» — деді. Иә, Пайғамбар көздеген жеңіс — тыныштық еді. Біздің елімізде қазір тыныштық бар. Бұл тыныштық — біздің жеңісіміз, баға жетпес байлығымыз, жарқын болашағымыздың кепілі. Ауызбіршілігі, ынтымағы болмай, тыныштығынан айырылған жұрттардың халі баршаңызға белгілі: арқа сүйер елі, паналайтын үйі жоқ, балалары ит-құсқа жем болып, босып жүр, — деді Арман Қуанышбаев.
Ол дін атын жамылып, жұртқа түрлі кінәрат тағып жүргендерді ақылға келуге, сабырға шақырды. Кезінде Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) исламды насихаттау үшін Муаз есімді сахабаны христиандар арасына жұмсай тұрып, бәрін сабырмен, мейіріммен атқаруды тапсырғанына назар аударды:
— Пайғамбарымыз (Оған Алланың нұры жаусын!) Муаз сахабаны Йемен еліне жіберіпті. Сонда оған жұртты үркітпей, үрейлендірмей, көркем үгіт жүргізуді қатты тапсырған. «Оларға иманды үйрет. Қабыл етсе, намаздың парыз екенін айт. Оны да қабыл етсе, байлардан алынып, кедейлерге берілетін зекеттің парыз екенін айт. Бірақ ешкімге зұлымдық жасама. Есіңде болсын, зұлымдықтан жапа шеккен пенде мен Алланың арасында перде болмайды. Адамдарға мейірімді бол!» — деп өсиет айтады. «Зұлымдықтан жапа шеккен пенде мен Алланың арасында перде болмайды» дегенді қалай түсінеміз? Бұл: «Жазықсыз жапа шеккен жан — Аллаға ең жақын адам» деген сөз. Ал зұлымдық жасаушы, әрине, Алланың қаһарына ілігеді, — деді. Осы орайда басқа да ғибратты оқиғаларды еске салды.
Ғасырлар бойы исламды ұстанып келе жатқан қазақ жұрты тәуелсіздік жылдарында дінге ерекше ықыласпен бет қойды. Елбасымыздың өзі дінімізді көркейту мақсатындағы көптеген істерге ұйытқы болып келеді. Елімізде мыңдаған мешіттер бой көтерді. Бодандық заманда ата-бабаларымыз бүкіл қазаққа ортақ дінбасы болуын армандап, сол жолда күрескен, сол күрестен жапа да шеккен еді. Ал бүгінде барша қазақтың Бас мүфтиі бар. Өз ортасынан шығып, халықтың діни сауатын көтеру, имандылықты насихаттау жолында еңбек етіп жүрген мыңдаған имамдары бар. Миллиондаған қазақ баласы бес уақыт намазын алаңсыз оқиды, оразасын ұстайды, Рамазанды ерекше құрметпен қарсы алады, жыл сайын Қадір түнін ұйқысыз өткізеді. Елімізде Құрбан айт ресми түрде мерекеленеді. Сәт сайын дүниеге келіп жатқан сәбилерге шынайы ықыласпен, шынайы үмітпен Мұхамбет, Ислам, Хадиша, Айша, Омар сынды есімдер беріліп жатыр. Бірақ ел ішінде іріткі салуды көздеп, тырнақ астынан кір іздеушілер мұның бәрін «көрмейді», жақсылыққа жорымайды. Арман Қуанышбаев, әсіресе, мешіттерге келіп дау шығаруға құмар жандардың бар екенін айтып, оларды ерекше сынады:
— Қазақтың ісін «ширк» қып шығарғылары келеді. Бірақ қай мешітте қазақтың қай имамы жұртты тауға, тасқа табынуға, өлген әруаққа табынуға шақырыпты? Намаздың оқылу тәртібін қате етіп шығарғылары келеді. Еліміздің о шеті мен бұ шетінде қызмет етіп жүрген соншама имам бұл намазды қалталарынан шығарып отыр деп ойлай ма? Әлде, сонша имамның бәрінде иман болмағаны ма? Жоқ жерден ілік іздеп, елдің берекесін алмайық, балаларымыздың болашағына балта шаппайық. Қит еткеннен дау шығармай, кешірімді болайық, елдің амандығын тілеп, ымыраға келейік, — деді ол.
Дінін сүйген адам сабырды да сүймек. Имандылыққа ұмтылған жанның басты қасиеті — сабыр болмақ. Сабырсыздықтың соңы қасіретке, абыройсыздыққа соқтырады. Осы орайда Арман Қуанышбаев жиналғандарға төмендегідей көне әңгімені жеткізді:
«…Алыстан келе жатқан жолаушы намазын оқып алмақ болып, мешіт алдына тоқтап, атынан түседі. Сол жерде тұрған бір адамға: «Менің атымды қарай тұршы, бауырым. Мешітке кіріп шығайын» — деп өтініш айтыпты. Намазын оқып, шығып келе жатқанда, атын тапсырып кеткен кісіні есіне алып, «еңбегіне 1 ділдә төлейін» — деп, ақшасын дайындап қояды. Шыға келсе, аты анадайда өз бетімен жайылып жүр. Ер-тоқымы жоқ. Сұрастырса, манағы адам ер-тоқымды алып, тайып тұрған екен. Енді, амал жоқ, сол жердегі бір баланы шақырып алады да, қолындағы ділдәні беріп, «Мен бұл жерді танымаушы едім. Сен жақын базардан маған ат үстіне отыратын бір төсеніш әкелші. Осы ақшаға түсетіндей кез келген арзан нәрсе жарай береді» — дейді. Жүгіріп ала жөнелген бала аздан соң оралыпты. Сөйтсе, бұл кісінің ұрланған ер-тоқымын өзіне қайта әкеліп тұр. «Ұрының арты қуыс» дегендей, ұрланған затты қымбатқа саудалап тұратын жай бар ма? Бір ділдәға балаға бере салған… Жолаушы осының бәрін саралап, аз-кем үнсіз тұрыпты да, «Иә, сабырсыз адам бұйырып тұрған несібесінің өзін арамнан жейді екен-ау» — депті».
— Бұйырып тұрған бақыт — ынтымақ-бірлік пен бейбіт өмірдің бағасын білейік, әр істе сабырлық сақтайық, — деді исламтанушы.
Әлеуметтік желілер арқылы оған ақтөбеліктерден 1 мыңнан астам сауал түскен екен. Жиында солардың бірқатарына жауап берілді. Мысалы, «Ханафи мәзһабы бойынша қыздарға ата-ананың рұқсатынсыз тұрмысқа шығуға рұқсат етілген бе?» — деген сауалға орай Арман Қуанышбаев:
— Кейбіреулер Ханафи мәзһабының басқа қағидаларын мойындамай, сынға алып жүреді де, ал нақ осы «рұқсатты» пайдалануға құлшынып тұрады. Бұл — нәпсі қалауы. Негізінде, бұл жерде Әбу Ханифа ерге тимеген қыз балалар туралы айтпаған, бұрын тұрмыста болған, жалғызбасты, жесір әйелдер туралы айтқан, — деді.
Ақыл тоқтатқан жастағы жалғызілікті әйел туған-туысымен ақылдаса отырып, қалаған адамына тұрмысқа шыға алады. Ал қыз балаларға тұрмысқа шығу үшін ата-ананың рұқсаты міндетті түрде керек. Қазіргі қыздар осыны ескермей, кім көрінгеннің етегінен ұстап, ақырында өкінішке ұрынып жүр.
— Кейбір жастар некеге, өз жарының тағдырына мүлде жауапсыз қарайды. Бәрін «Талақ!» деген бір ауыз сөзбен шешеді. Және бұл сөзді еш ойланбастан айтады. Олар үшін «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем беру қаншалықты жеңіл болса, «Талақ!» деген сөзді айту соншалықты жеңіл сияқты. Жап-жас болса да, 4-5 әйелді талақ қылғандар бар. Мұндай қылық дінімізге жат, — деді.
Ақтөбе газеті Индира ӨТЕМІС.