23
Сейсенбі,
Сәуір

һижри

Даналығымен дара болған әкелер

Даналығымен дара болған әкелер

Исламдағы отбасы
Жарнама

Бірде қарт Құнанбай баласы Абайды шақырып: «Балам,  сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?» деп сұрайды. Сонда Абай: «Әке, мен өте туғанмын, өйткені мен ақын болдым» деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: «Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек», деп жауап қатқан деседі.

Дәстүрлі қазақ қоғамында тәрбие алған қазақ баласының әкеге деген құрметі ерекше болатын. Жүзінен мейірім төгіліп тұрмағанмен, қас-қабағынан бәрін түсініп өскен бала әке қаһарынан сескеніп жүретін. Әке – үйдің патшасы, бұл  отбасының  ұстанатын қағидасы. Дегенмен бала тәрбиелеуде бабалардан жетіп, алайда қаймағы бұзылғалы тұрған тағы бір әдісі бар. Ол – қас-қабақпен басқару, тәрбиелеу. Яғни, «әке мысы», «сесі», «қатулығы». Оның бұл қаталдығы, талапшылдығы баласын жек көргенінен емес. Түздегі әке перзентін, ұрмаса да, ұрыспаса да, бала содан қаймығып сескеніп, құрметтеп өсуі тиіс.

 
Баласы 14-15 жасқа келгенде атқа мінгізіп, алыстағы аузы дуалы ақсақал қарттарға «сәлем беріп кел» деп жіберетін дәстүрдің ұмыт қалғаны өкінішті. Біріншіден, баланы сынға салып, екіншіден, көпті көрген көнекөз, көкірегі қазыналы қарттардың әңгімесіне қанығудың берері мол еді.

Ал, қазір қатулы қабағы тұрмақ түгілі, отбасына өз сөзін өткізе алмайтын әкелер көбейді. Өкінішке орай! Бәріне топырақ шашудан аулақпын. Бала тәрбиесін былай қойып, отбасы алдындағы міндеттерін толығымен атқара алмай жүрген ер кісілер қаншама. Екі-үш баласының нәпәқасын табуға қиналып жеңілдің астымен, ауырдың  үстімен жүргендерді есепке алайық. Әйел мойнына бүкіл ауыртпалықты артып қойған құрбыларымның күйеулерін өз көзіммен көріп жүрмін. Ер азаматтарымыздың осыншалықты деңгейге түсіп кетуіне  кімді немесе нені кінәләйміз? Еркелетіп өсірген ата-анасын ба? Әлде отбасында құрметке лайықты көрмей  отырған әйелінен бе? Мүмкін әйелдер  бар жауапкершілікті өз мойындарына алып алғаннан болар? Күн көріс қиындап кеткен заман кінәлі ме ?

Кеңес өкіметінің қиын-қыстау заманында  өмір сүрген сіз бен біздің әкелеріміз емес пе еді?  Заманның қиыншылығы, азық-түліктің тапшылығы,  жалақының аздығы ол кісілердің әкелік статусына титтей де зияны тиген жоқ. «Әке берген тәрбиені жүз мектеп бере алмайды» деген. Баланың бойындағы ер мінезділік, өжеттілік, мәрттік қасиеттер әке арқылы қалыптасады. Әкенің бойындағы қасиет балаға беріледі немесе «жұғады».

Өз әкем жайында бір-екі ауыз сөз қозғасам деп отырмын. Әлімбетұлы Сауран деген атпен жүрегіміздің төрінен орын алған әкем о дүниелік болып кетті. Қыз баласының тәрбиесіне  ана жауапты болғанымен, менің тәрбиеме 80 пайыз атсалысқан әкем болды. Балалық көңілімізде «Менің әкем батыр», «Менің әкем ең білімді, дана әке», «Менің әкем өтірік айтпайтын, адал, иманды  әке»  деген атпен орын алған әкем, өмірден өткенше идеалым болып қала берді. Тәрбие беру барысында қазақтың мақал-мәтелдерін, қанатты сөздерін қолданатын. Үнемі айтып жүрген сөздері күні бүгінге дейін санамда жаңғырып тұрады. Әкемнің өсиеттерін жазсам бір кітап болары сөзсіз. Қыз бала тәрбиесінде көмегі тиер деген оймен  біршамасын сіздермен  бөлісе кеткенді жөн деп санадым.

Ас үйде аяғыңның ұшымен жүр!

Ыдыстарыңның тарсылдаған дауысы шықпасын!

Судың, тамақтың бетін ашық тастама!

Ыдыстарыңның сыры көшпесін!

Күйеуіңе ас беретін ыдысыңды таза ұста!

Жігіттің сорлысын әйелдің оңдысы түзейді.

Әйелдің берекелісі – қаржыны аз талап ететіні.

 Күйеуіңді ешқашан, ешкімге жамандама!

Күйеуіңді басыңа көтеріп хан жаса, жастанса жастық бол!

Әкемнің берген тәрбиесінің арқасында үш жұртымның алғысына бөленіп келемін. «Елдің  алғысын ал, бір алғыс мың қарғыстан сақтайды» деген сөзін өмірлік ұстанымым етіп келемін. Салт-дәстүрімізге құрмет, дінімізді берік ұстануымызға басты себепші болған әкеміз болды.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, әкем өмірден өтіп кетсе де айтылып жатқан алғыстар жетерлік.  «Сені өсірген ата-анаңа мың алғыс  деген сөз менің жаныма азық болады» - деуші еді жарықтық. Міне, бұл даналығымен дара болған әке.  

Сондықтан аяулы да абзал әкелер балаларыңызға әрдайым көңіл бөлуге, мейірім шапағаттарыңыз бен қамқорлықтарыңызды көрсетуге тырысыңыздар.   Әке мейірімін сезініп өскен жеткіншек ұрпақтың болашағы да жарқын болмақ. Тек сонда ғана елімізде шаңырағы биік, босағасы берік отбасылар саны толысар еді. Себебі ана мен бала әрдайым абзал әкелері мен асыл жарларынан айрықша қамқорлық пен ерекше ілтипат сезімін күтеді.

Айгүл САУРАНҚЫЗЫ

«Нұр Астана» мешітінің қызметкері

Бөлісу: