19
Жұма,
Сәуір

һижри

Ұл тәрбиесіндегі әкенің рөлі

Ұл тәрбиесіндегі әкенің рөлі

Исламдағы отбасы
Жарнама

Қазіргі таңда өкінішке орай, жалғызбасты аналарымыз көп. Олар балаларын асырап бағуды да, тәрбие беруді де, әрі әкесі әрі анасы болуды да  өз мойындарына алған.  «Өзім-ақ, әкесіз-ақ өсіремін» деу, әрине үлкен қателік. Әке тәрбиесін, әкенің орнын ешкім де баса алмасы анық. 

Ұл мен қыз тәрбиесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Бүгін ұл бала тәрбиесіне тоқталмақпыз. Кейбір ер азаматтарымыз бала тәрбиесіне олар есейгенде ғана араласқаным дұрыс, ал сәбиі жыласа жұбатып, қарны ашса тамақтандырып, жөргегін ауыстыру – тек әйелдің міндеті деп ойлайды. Ал кейбіреулері тіпті «балаларымен әурелену» олардың «еркек» деген атына нұқсан келетінін айтады.

Шындығына келсек, ұл бала өмірінің бірінші жылында-ақ анасын әкесінен, ал әкесін өзге ер адамдардан ажырата біледі. Баланың әкесі мен анасына деген қарым-қатынасы екі түрлі болады. Осы алғашқы жылында әке ұлының жанында көп болып, тәрбиесі мен қамқорлығына көп мән берсе екеуінің арасында тығыз психологиялық байланыс орнайды. Ал бұл сәбидің болашақ дұрыс мінез қалыптастыруына алғашқы қадам болмақ.

Әкесі баласын анасының ұрысқанынан, жәбірлегенінен қалай қорғаса, шектен тыс еркелетіп, тым есіртіп жіберуінен де солай сақтауы керек. Аналар балаларына «ол болмайды», «оған тиіспе», «ол дұрыс емес» деп шектеуді көп қояды. Ал әкелер баласын еркіндік бере отырып шектен шығып кетпеуін қадағалайды. Осылайша ненің дұрыс ненің бұрыс екенін өз көзімен көріп тәжірибе жасап өскен бала, өзін және өзінің іс-әрекетін сырттай бақылап, баға беріп, кез-келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатын болады.

Әке – ұл баланың идеалы, қай жағынан алса да үлгі тұтар жалғыз адамы. Отбасының басшысы әке екенін анасы «әкең ұрсады», «әкеңнің ашуы жаман» деу арқылы әкеден қорқуға емес, сыйлауға, «әке» абыройын сақтауға өз үлесін қосады.

Әкесі балаларына бұйырып, жекіп емес, дұрыс ақыл-кеңес беріп, сырласы бола білуі тиіс. Шектен тыс қаталдық  танытып, шеттете берсе бала қорқақ, жалтақ болып өседі. Бала әкем менен күшті, сондықтан айтқанын екі етпеуім керек деген ұғыммен емес, дұрыс жол көрсетуші, ақыл айтып, қорғаушы, қамқоршы жақын адам болғандықтан айтқандарын тыңдауым керек деп өскен бала өзінің болашақ отбасында осы іс-әрекеттерді қайталай отырып, өзінің балаларына да дұрыс тәрбие бере алатын болады.

Әке баласының физикалық тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да мықты болып өсуіне көп мән беруі керек. Сондай-ақ, ұқыптылық, адалдық, мейірімділік, өзгелерге жақсылық жасау сияқты адами қасиеттерді әңгіме, ұзынсонар ақыл ғып айтып емес, әке өзінің іс-әрекетімен көрсетуі тиіс.

Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін ұмытпаңыз. Ең бастысы – Алланың берген сыйына шүкіршілік етіп дініміздің қасиетін бойына сіңіріп өсіріп, артыңыздан ізгі ұрпақ қалдырсаңыз, кейін жемісін көреріңіз айқын.

Нариман ИСЕНОВ    

Бөлісу: