Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Көптеген еркек кемелдікке жетті, бірақ, әйелдер арасында кемелдікке жеткен төртеу ғана: Имранның қызы – Мәриям, Музахимның қызы – Әсия, Хуайлидтің қызы – Хадиша, Мұхаммедтің қызы – Фатима» деген хадисті келтіреді. (Бұхари). Хадистің басқа нұсқаларында «осы дүниеде де, ақыретте де құрметке ие болатын төрт әйел», «әлемнің ең жақсы әйелдері» деп те айтылады.
Сонда бұл әйелдер кім болды? Олар – ең әдемі бақтағы ең көркем гүлдер. Олар – әлеуметтік жағдайына, ұлтына, жасына қарамастан әрбір мұсылман әйелге үлгі болатын тұлғалар. Әрбірінің өмірбаянымен танысқан сайын оларға деген махаббатымыз артады, көбірек білуге асығамыз, ұқсауға ұмтыламыз, олармен Қияметте бірге болуды мақсат тұтамыз. Ендеше, пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үлгі еткен төрт әйелдің тағылымға толы өмір жолын назарларыңызға ұсынамыз.
Музахимның қызы (перғауынның әйелі) Әсия
Әсия – Мұса Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) заманында өмір сүрген әйел. Өзін Құдай жариялаған залым перғауынның жұбайы. Алла Тағала Әсия анамызды Мұса пайғамбардың сәби кезінде перғауынның өлім жазасынан құтқарылуына себеп қылса, уақыт өте келе Мұсаның әкелген дініне еру бақытын бұйырды. Иә, ол – перғауынның сарайында өмір сүрсе де, Алла Тағаланың бірлігін біліп, құлшылығын Оған ғана арнай білген ержүрек әйел. Ғалымдар қазіргі таңда күйеуінің қаталдығына, зұлымдығына наз айтып, соны құлшылық жасамауға сылтау ететін әйелдерге Әсияны үлгі тұтады. Себебі, перғауыннан асқан қаһарлы, адасқан, тас жүрек күйеу бар ма? Дін ұстануға үйлесімділігі жоқ ортада жүргендігін айтып ақталатын әйелдерге тағы да Әсияны мысалға келтіреді. Себебі, ол адамдар адамға табынатын сарайда күн кешті. Әсияда дүниелік бақытты көксейтін әрбір әйелге керек нәрселердің барлығы болды: байлық, жайлы өмір, алдында жорғалап жүретін қызметші, билік, не ішем, не кием деп ойланбайтын сарай. Әлемдегі теңдесі жоқ сарай еді. Алайда, жүрегінде Аллаға деген махаббат, қорқыныш, айқын сенім ұялаған Әсия мұның бәрін де Алла жолында құрбан етті. Өзінің дінін ешкім бетіне қарсы келмейтін перғауынның алдында жариялады. Жапан далада күннің астында қалдырылып азапталғанда да иманына берік болды. Ал өлім жазасына кесіліп, денесіне тас құлағалы тұрғанда: «Раббым! Маған Өзіңнің құзырыңнан Жәннатта бір үй тұрғыз және мені перғауын мен оның істерінен құтқар әрі мені әділетсіз адамдардан құтқар!» деп дұға жасады. («Тахрим» сүресі, 11-аят). Бұл дүниенің сарайынан Алланың жанындағы сыйды таңдады. Алламен көрші болуды қалады. Расында, бұл – ең ұлы сый.
Имранның қызы Мәриям
Мәриям – әлемді нұрға бөлеген жарық жұлдыз, күндей сәуле шашушы әйел, сұлулардың сұлуы. Өйткені, ол – Алла ардақтаған әйел. Жаратушы оны күллі әйелдердің абзалы етті. Құранда: «Ей, Мәриям! Ақиқатында, Алла сені таңдап алды әрі тазартты және Сені әлемдегі әйелдердің арасынан таңдады» делінеді. («Әли Имран» сүресі, 42-аят).
Аят тәпсірі: «Аса ұлы Алла Мәриямды таңдаулы етіп, көркем сипаттар мен кемел мінез берді, нашар құлықтан тазартты және әлем әйелдерінен жоғары көтерді. Ол Алланың бұйырғандарын орындап, Оған лайықты түрде құлшылық етіп, сол арқылы көп адамдардан артық болды». (А. Сағди).
Мәриям – Құранда аталған жалғыз әйел және оның есімімен 98 аяттан тұратын сүре аталған. Оның асқақтығы мен дәрежесін Құранда әйелдерден жалғыз өзінің есімі аталғандығы толық дәлелдеп бере алады. Мәриямның есімі бір, он, жиырма рет емес, отыз үш рет аталған. Оның көпшілігінде Мәриям есімі қолданылған. Мәриям анамыздың тағы бір ерекшелігі – Алладан уахи алуы. Оның тақуалығы, тазалығы, даналығы, пәктігі – әйел абыройын асқақтатып, әйелдің Алла алдындағы дәрежесін күллі әлемге паш еткізеді.
Хуайлидтің қызы Хадиша
Хадиша – күллі мұсылмандардың анасы, Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйікті жары, асыл жан, жақұт әйел. Оған Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) балалары мен қыздарының анасы болу бақыты бұйырды. Тіпті, оның пайғамбарлығы Хадиша анамыздың (оған Алла разы болсын) бөлмесінен басталды. Мұхаммед Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ең алғашқы аят түсірілген кезде досына, ағасына емес, жан-жары Хадиша барып, кеңес сұрады. Анамыз ең алғаш болып Ислам дінін қабылдап, бар байлығын дін жолында сарп етті, ел теріс айналғанда Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) демеу болды. Ең жақын сырласына, көңілінің жұбанышына айналды. Хадиша анамыз жәннаттағы іші қуыс інжу тастан соғылған үймен сүйіншіленген. (Бұхари).
Ғалымдар саудада да, отбасында да парасатты болған Хадишаны жұмыс істейтін, бала тәрбиелейтін, үй асырауды мойнына алған әйелдерге үлгі тұтады. Ол кісі жақсы саудагер болатын, адамдармен келіссөз жүргізетін, солай бола тұра адал, таза, ақылды, бірсыдырғы қалпын сақтайтын. Егде жасқа жеткенде үйдегі 13-14 адамға қамқорлық танытып, үй жұмыстарын істейтін. Егер әйел 35 жаста болып, екі баладан артық қаламаса, 40-50 жас аралығында 7 бірдей перзентті дүниеге әкеліп, оларды тәрбиелеген, сөйте тұра күйеуіне зиянын тигізбеген Хадиша анамызға қарасын дейді. Оның өмірі, даналығы, Алла жолында жасаған садақалары – әрбір әйел затына үлгі.
Мұхаммедтің қызы Фатима
Фатиманы (оған Алла разы болсын) еске алғанда оның кімнің қызы, кімнің жары, кімнің анасы екендігі еске еріксіз түседі. Фатима – Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен Хадиша анамыздың төртінші қызы, көзінің нұры, жүрегінің бөлшегі, ұрпағын жалғастырушысы. Төртінші халиф, ардақты сахаба Әлидің (оған Алла разы болсын) сүйікті жары. Жәннаттағы бозбалалардың мырзасы болатын Хасан мен Хусейннің (ол екеуіне Алла разы болсын) анасы. Оның сыртқы келбеті Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұқсаған болса, уақыт өте келе ішкі дүниесі де кемелдене түседі. Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көзінің қарашығындай болған қызы Фатимаға деген махаббаты да тым ерекше еді. Аиша анамыз (оған Алла разы болсын) бұл туралы: «Мен Пайғамбардың отырса да, тұрса да Фатимаға көрсеткен құрметі мен ізгі қарым-қатынасын ешкімнің бойынан көрмедім. Қызы кіріп келсе, орнынан тұрып, бетін сүйетін және өзінің жанына отырғызатын. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келсе де Фатима дәл солай жасайтын. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) соңғы рет ауырғанда оның жанына Фатима келді. Еңкейіп, сүйгенде әкесінің құлағына бірнәрсе айтқанын байқадым. Фатима жылай бастады. Сонан кейін басын тағы құлағына қойды да, күлімсіреді. Пайғамбар қайтыс болғаннан кейін мұның мәнін сұрап едім: «Мен мұны айтсам құпияны жария еткен боламын ғой. Ол маған осы аурудан қайтыс болатынын айтты, мен сонда жыладым. Екінші рет отбасымыздан өзінен кейін бақилық болатын жанның мен екенін хабарлағанда еріксіз қуандым» деп жауап берді» деп баяндайды. (Тирмизи).
Фатима – екі дүние әйелдерінің ханымы, ешкіммен салыстыруға келмейтін тұлға.Фатима анамызға байланысты бірнеше еңбектер, хадистер жинағы жарық көрген. Мәселен, имам Бұхари «Фатима аз-Захраның қадірі» деген жинақ жазған. Және имам Бұхари де, Науаи де оған «Алланың сәлемі болсын!» деп салауат айтады.
Фатима – әкесіне құрмет-сый көрсеткісі келетін әрбір әйелге үлгі. Себебі, ол әлемдегі ең керемет әкенің ең керемет қызы еді...
Міне, төрт анамыздан осындай өміршең тәрбие қалды. Қадірменді қазақ қызы, сабырды Әсиядан, сенімділікті Хадишадан, тазалықты Мәриямнан, төзімділікті Фатима анамыздан үйреніп, үлгі алайық!